Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Болашағымыз бірлікте» атты облыс жастарының патриоттық форумы өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы, «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен форумға сала үздіктері, ұлттық-мәдени орталықтар мен жас¬тар ұйымдары, азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов сала үздіктерін «Қоғамға қызмет», «Бүгінгі күннің батыры», «Кәсібінің үздігі», «Патриот», «Шығармашылық жеңіс», «Үміт пен сенім», «Ұлағат» секілді номинациялары бойынша марапаттады. Сонымен қатар Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шаһизада Әбдікәрімов, Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Вилорий Шин сөз сөйлеп, тәуелсіздік тәңір сыйы екенін тілге тиек етті.
– Тәуелсіздік – қазаққа қанмен, жанмен келген қасиетті де киелі ұғым. Оның қадіріне жеткендер күнде тәубе деуден жалыққан емес. Көк аспанның астында көк тудың желбірегенін көріп жүрген бізде арман жоқ. Бүгінгі күнге мың шүкір! – деді Ш.Әбдікәрімов.
Қоғамдық келісімді нығайтып, тұрақтылық тұғырын бекемдеу – баршамыздың ортақ мүддеміз екенін алға тартқан Вилорий Шин де тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі екенін айтты. Шара соңында форумның үндеуі қабылданып, жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды.
М.ҚАЛЫМБЕТ.