Соңғы жылдары Сыр елінде жолаушыларды тасымалдау саласында оңтайлы жұмыстар атқарылып, қоғамдық көліктер мәселесін бір жүйеге келтіру жұмыстары өз шешімін таба бастады. Алғаш рет 2005-2006 жылдары қалаға орташа сыйымдылықтағы автобустар тартылып, түрлі бағытта жолаушыларға қызмет көрсете бастады. Дегенмен, жаңа қоғамдық көліктер саны шектеулі болғандықтан тасымалдың дені «Газель» автокөліктері арқылы жүргізілді.
Араға 10 жылдай уақыт салып, жолаушылар тасымалы саласында қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары қайта жалғасын тапты. 2014 жылы "Байқоңыр” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жанынан "Қызылорда Автобус паркі” құрылып, "Еуропалық қайта құру және даму” Банкімен жасалған келісімнің арқасында сыйымдылығы жоғары әрі экологиялық таза газбен жүретін автобустар тартылды. Былтыр өңірімізге келісім-шарт негізінде 30 қоғамдық көлік жеткізілді. Ел игілігіне берілген автобустар бүгінде №1 және 18-ші бағыт бойынша қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Үстіміздегі жылы облысымызға соңғы үлгідегі 40 автобус жеткізілді. Үлкен сыйымдылықтағы бұл қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне арналған арнайы аппарельмен жабдықталған. Сонымен қатар, GPS орнатылған су жаңа автобустардың барлығының ішінде бейнебақылау камералары жұмыс жасап тұр. Бүгінде аталған көліктер №14, 17-ші бағыттар бойынша жолаушыларға мейлінше сапалы қызмет көрсетуде.
Жаңа автобустардың жолға шығуы арқылы өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік беріп отыр. Қазір оларда 160 адам жұмыс жасайды. Көлік жүргізушілер мен кондукторлар арнайы дайындықтан өткен.
Қоғамдық көліктер мәселесін түбегейлі шешу мақсатында автобус паркінің құрылысы басталған болатын. "Қалалық автобус паркінің” құрылыс жұмыстарына ЕҚДБ-дан бөлек, жергілікті бюджеттен 6,92 млн доллар бөлінген еді. Қазіргі таңда жұмыстың 73 пайызы бітіп тұр. Мамандар аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Нысан ел игілігіне берілген жағдайда тағы да 500 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Тәуелсіздік жылдарының басында қоғамдық көліктер жұмыс жасайтын бағыттар да аз болатын. Қазір тұрғындардың ұсынысы бойынша әртүрлі жаңа бағыттар қосылды. Бүгінде қалаішілік қоғамдық көліктер 25 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетсе, қала маңы бойынша 6 бағытта жұмыс жасайды. Бұлардың қатарына өткен жылы тағы екі маршрут қосылды. 2015 жылдан бастап "Сабалақ” саяжайына №28 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынаса, биыл облыс орталығы мен Талсуат елді мекенін жалғайтын тағы №31 бағыт ашылып отыр. Сонымен қатар, облысымызға сапарлап келген қонақтарға да сапалы қызмет көрсету мақсатында үстіміздегі жылы "Қорқыт ата” әуежайы мен Қызылорда қаласы арасын жалғайтын №30 бағыт ашылып, үлкен сыйымдылықтағы екі автобус жұмыс жасауда.