Ел есіндегі қайраткер

Ел есіндегі қайраткерКеше Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Абылай Айдосовтың 80 жылдығына орай «Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық және тарихи-мәдени дамуының жетістіктері» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Тағылымды шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ғибратты ғұмыр иесінің азаматтық болмыс-бітімі хақындағы ойларымен бөлісті.
Конференцияны жүргізген аймақ басшысы Абылай Айдосовтың өмір жолына, ұстаздық еткен жылдарындағы еңбектеріне тоқталды.
– Халықта «Жақсы ісімен мың жасайды» деген даналы сөз бар. Біз бүгін осындай ерекше болмыс иесі, ардақты азаматтардың бірі Абылай Айдосовтың 80 жылдығына арналған конференцияға жиналып отырмыз. Абылай Хангерейұлы туралы толғану әрі оңай, әрі қиын дер едім. Өйткені, жақсы адам жайлы жүрекпен қозғау, естелік айту ауыр емес. Жүйелеп жеткізу жеңіл. Қиын дейтінім, қимастық сезім қинайды. Абылай Хангерейұлы облыстың мәдени-рухани дамуына  өлшеусіз үлес қосқан, Сыр өңірі жұртшылығы құрмет тұтатын қайраткер, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы оның дала академигі Ыбырай Жақаевтың ізбасарларының көбейіп, еңбекші жастар легі қалыптасуына септігі тигендігін айтты. Сондай-ақ, ғалым-профессордың Сыр елінің бас оқу ордасында қызмет жасай жүріп, өңіріміздегі тарихи-жәдігерлерді зерттеп-зерде¬леуге қосқан үлесін тілге тиек етті. Әсіресе, ол кісінің Арал теңізі табанындағы Кердері ескерткішінің табылып, әлемге танылуында зор еңбек сіңіргендігіне баса назар аударды. 
– Әбекең ұйытқы болған  «ХХІ ғасыр және Арал» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен университет ғалымдарының алғашқы экология¬лық оқулары өткізілді. Онда Арал өңірінің әлеуметтік экологиясын зерттеу, ол бойынша қо¬ғам¬дық пікір қалыптастыру мәселелері көте¬рілді. Оның қомақты үлес қосқан ғылыми жұ¬мыстарының бірі – аймақтағы ежелгі және орта ғасырлардағы өркениеттерді зерт¬теу. Архео¬логиялық ескерткіштер, тарихи жәді¬герлерімізді құжатқа хаттап, ғылыми айналымға ендіру, халыққа насихаттау ісіне де айрықша көңіл бөлді. Өлкеміздің тарихи-мәдени ескерткіштері Қорқыт Ата, Арал-Асар, Кердері, Шірік-Рабат  туралы ізденістері жоғары ғылыми бағасын алды. Аралдың кепкен табанынан табылған Кердері атты қонысқа және ондағы кесенелерге қазба жұмыстарын жүргізуге арналып жасақталған археологиялық экспедицияға жетекшілік етті. Бұл жұмыстар  тарихи және мәдени мұраларды зерттеуге бастама болды. Ер азаматты кез келген қызметте, өмір жолында жанына демеу болар, сыр тарқасып ақыл қосар жандарсыз елестету мүмкін емес. Абылай ағаның жанына желеу, өміріне демеу бола білген, ұрпағының жалғасы – ұл-қыздарын ел сүйсіндірердей тәрбиелеп, арда азаматының есімін ұлықтай білген асыл жар – Несіп апа бүгін ортамызда отыр. Үлгілі отбасының шырақшысы болған ақжаулықты анамызға мың алғыс! – деген аймақ басшысы Абылай Айдосовтың жарына сый-сияпат табыстады. 
Конференцияда облыстық ардагерлер кеңесі¬нің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Абылай Хангерейұлының адамгершілік биік қасиеттері туралы баян етті. Онымен жолдас, сырлас болған жылдар ішінде адам баласына қиянат жасамайтын адалдығы жайында ақтарылды. «Өз кемшілігін білген адам он кісіге төрелік айтады деген сөз бар қазақта. Ол қарапайымдылығымен, еңбексүйгіштігімен ел құрметіне бөленді», – деді Сейілбек Шаухаманұлы.
Жиында, сондай-ақ, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкірұлы сөз алып, конференцияның маңыздылығына тоқталды. Абылай Айдосовтың саналы ғұмырындағы жетістіктер Тәуелсіздік жылдарында еселене, молая түскендігін айтты. Сонымен қатар, конференцияда Сейдалы Өмірайұлы, Бақытжамал Айдосовалар баяндама жасап, аймақтың мәдени-рухани, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінде Абылай Айдосов қосқан үлестің орасан екендігі жөніндегі деректерімен бөлісті.
* * *
Кеше Қызылорда қаласының «Саяхат» шағын ауданында қоғам қайраткері, ғалым Абылай Айдосовтың атына берілген көшенің ашылу салтанаты болып өтті. Салтанатты шараны қала әкімінің орынбасары Нұрхан Жәлиев ашты. Сондай-ақ, рәсімде сөз сөйлеген қоғам қайраткері Қаһарман Табынбаев, комсомол, партия органдарының ардагері Дариға Ақмағамбетова Сыр елінің айтулы тұлғасының өнегелі, тағылымды өмір жолы туралы әсерлі әңгімеледі.
Көшенің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Абылай Айдосовтың жары Несіп апай жиналғандарға ұрпақтары атынан алғыс айтты.
Н.ТАСТЕМІР.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қараша 2016 г. 752 0