ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЗОР ТАБЫСЫ

ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЗОР ТАБЫСЫКеше Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында «Елбасы жолы» киноэпопеясы көрермен қауымға ұсынылды. Елбасының өмірбаяны негізінде түсірілген киноны тамашалауға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев, басты рөлді сомдаған Нұржұман Ықтымбаев, Нұрлан Әлімжан, Дарья Александрова, туындының музыкалық әрлеушісі Әбілхайыр Жарасқан қатысты.
Көркем туындыны көрермен назарына ұсынбас бұрын шығармашылық топ ең алдымен жастардың сұрақтарына жауап беріп, өздерінің Сыр жұртшылығына деген алғыстарын жеткізді.
– «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Қазақфильм» үшін маңызы зор. Мұндай форматтағы кино тұңғыш рет түсірілді. Жарыққа шыққанына аз ғана уақыт болса да халықтың ықыласына бөленіп үлгерді деп айта аламын. Алдағы уақытта киноэпопеяның жалғасы болады. Бүгін, міне, облыс әкімінің бастамасымен қызылордалықтарға көрсеткелі отырмыз. Осындай шараны ұйымдастырған облыс әкімі Қ.Көшербаев пен «НұрОтан» партиясы облыстық филиалына алғысымыз шексіз,- деді «Қазақфильм» АҚ директоры Ермек Аманшаев. 
Осыдан екі жыл бұрын жарыққа шыққан «Балалық шағымның аспаны»  фильмінің жалғасы болып табылатын «Елбасы жолы» киноэпопеясы «Отты өзен» және «Темір тау» деген фильмнен құралған. Елбасының жүріп өткен жолын баяндайтын туынды Сұлтанның ержетіп, үлкен өмірге қадам басқанын, жастық шағының қызықты дәуренін ерекше бейнелейді. Фильм бас кейіпкер Сұлтанның комсомолдық жолдамамен Теміртаудағы Магниткаға келуімен басталады. Ол күрекпен жер аударып, металлургиялық зауытты салу жұмыстарына атсалысты. Кейіннен Украинаға оқуға жіберіліп, білімін шыңдағаннан кейін Теміртауға қайтып келіп, еңбек жолын қарапайым металлургтен бастады. Өзен секілді ағып тұрған ыстық отта шойын балқытып, партия жұмыстарына белсене қатысты. Осылайша биік белестерді бағындыра білді. 
«Елбасының жүріп өткен жолы кімге де болса қызық. Жастарға берер тәрбиесі мол. Бұл фильм маған үлкен жауапкершілік артты. Елбасын сомдау арқылы адамгершілік, жан дүниенің тазалығы, рухани байлық, көшбасшылық секілді қасиеттерді өзіме алдым»,-деді Президенттің  жастық шағын фильмде сомдаған Нұрлан Әлімжанов.
Жалпы, кино әлемінен ойып тұрып орын алатын бұл киноэпопеяның шынында да жастарға берер өнегесі зор. Жаңа туынды қазақ киносының толымды табысы, үлкен де ірі жетістігі деп бағалануда.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 24 желтоксан 2013 г. 1 282 0