Сыр спортының серпінді кезеңі

Сыр спортының серпінді кезеңіБүгінде аймақта салауатты өмір салтын ұстану және спортпен айналысу бұқаралық сипат алып отыр. Соның нәтижесінде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 25 пайызға жетіп, олардың жалпы саны 184 мың адамнан асып жығылады. Ол үшін спорттық нысандар жеткілікті болуы тиіс.
Статистикалық деректерге жүгінер болсақ, облыста 2 мыңнан астам спорт ғимараты жұмыс жасайды. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда, жүзге жуық артық. Жоғары білікті спортшылар мен спорт резервін әзірлеу бағытында олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жасап, оларда 14 мыңнан астам оқушы отыз спорт түрімен шұғылдануда. Жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында аймақта бұрын болмаған қазіргі бессайыс, байдарка және каноэ есу, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей секілді жаңа спорт түрлерінен секциялар ашылды.
Соңғы бес жылда облысымызда 325 шағын спорт алаңдары пайдалануға берілсе, барлық аудан орталықтарындағы стадиондарға жасанды шөп төселіп, көрермендер орындық¬тары қайта қалпына келтірілді. Арал мен Қармақшыда жаңадан стадион салынса, Тереңөзек кентінде спорт кешені халық игілігіне берілді. Сондай-ақ, пайдалануға берілген «Сыр самалы» жағажайындағы жағажай футболының аренасы, Сырдария ауданының Н.Ілиясов ауылындағы стадион, Жаңақорған және Әйтеке би кенттеріндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, бокс орталығы, 3000 орындық атшабар – аймақта спортқа жіті көңіл бөлініп отырғандығының жемісі. Сонымен бірге, Ғ.Мұратбаев атындағы Орталық стадион мен «Евразия» мәдени-спорт кешеніне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, бұл жұмыс бүгінгі күні Орталық стадионның қосалқы алаңына да жүргізілуде.
Биылғы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Сыр спортшылары толағай табыстарға қол жеткізуде. Спортты жанына серік еткен саңлақтарымыз ел чемпионаттарында 134 алтын, 132 күміс, 180 қола медаль иеленсе, Әлем және Азия чемпионаттарында жиырмадан астам медальға қол жеткізді. Жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде ұлттық құрама сапында өнер көрсететін спортшылар саны да артып келеді. Соның дәлеліндей, бүгінгі күні ұлттық құрама сапына 395 қызылордалық алынып отыр.
Күні кеше ғана Қызылорданың «Қайсар» гандбол командасы алғаш рет жалауы желбіреген әйелдер арасындағы клубтар лигасы Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, «Қайсар» футбол клубы еліміздің премьер-лигасына жолдаманы ұтып алды.
Тәуелсіздіктің 25 жылында облыс бойынша олимпиаданың екі мәрте чемпионы мен қос бірдей жүлдегері, төрт дүркін Әлем чемпионы мен жүлдегері, 11 Азия ойындарының чемпионы мен жүлдегері, 3 жасөспірімдер олимпиадасының жүлдегері, сондай-ақ, 524 ҚР спорт шеберлері мен 97 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері дайындалды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қараша 2016 г. 733 0