2017 жылдан бастап ҰБТ форматы толығымен өзгеріске ұшырайды. Бұл туралы жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеген болатын. Дәл қазіргі таңда ұстаздарды, ата-аналарды және оқушыларды алаңдатып отырған мәселенің мәнісі жайында біз облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаевпен әңгімелескен едік.
– Бақытжан Әбдіхалықұлы, өзіңізге белгілі мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы қабылданбақшы. Көпшілікті толғандырған мәселенің мәнін ашып айтып берсеңіз...
– Мектептегі білім берудің сапалық көрсеткіші мектеп бітірушілердің мемлекеттік қорытынды аттестаттау мен ҰБТ нәтижесі бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарында кәсіптік біліммен қамтылуымен айқындалады. 2014-2015 оқу жылы мектеп бітірушінің 93 пайызы колледждер мен ЖОО-ға қабылданған болса, өткен 2015-2016 оқу жылы 6564 мектеп бітірушінің 94,6 пайызы колледждер мен ЖОО-ға қабылданып, қазіргі таңда білімдерін жалғастыруда. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш.
2015 жылы облыс мектеп бітірушілері ҰБТ қорытындысында 81,7 балмен республикада 13-орыннан 5-орынға көтерілсе, өткен жылғы түлектер орташа 82,7 балмен өз білім деңгейлерін тағы да дәлелдеді. 143 түлек «Алтын белгіге» ие болса, 54 түлек үздік аттестат алды. Бұл жылы да жетістіктеріміз жоғары болады деп сенім білдіреміз. Биыл облыс көлеміндегі 293 жалпы білім беретін мектепті 6229 түлек аяқтайды. Ағымдағы жылдан бастап мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы қабылданды. Оның өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Балалардың білімдерінің теориялық деңгейіне, функционалды сауаттылығына, логикалық ойлау қабілетіне баса назар аударылады.
Мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының қабылдануы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздарға, білім басқармасы мен білім бөлімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарға, оған дайындыққа аса мән беруіміз қажет. Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде өтеді. Біріншісі, қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. Екіншісі, ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсу емтиханы. Жекелеп тоқталып өтейін, біріншіден, 11-сынып оқушысын қорытынды аттестаттау бітіруші емтихан нысанында мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және оқыту бейіні (ҚГБ және ЖМБ) ескеріле, 1 таңдау пәні бойынша өтеді. Барлық емтихандар, оның ішінде тестілеу де білім алушының өзі оқитын мектебінде өтеді.
– Мектеп бітіруші түлектердің ЖОО-ға грант негізінде қабылдануы қалай жүзеге асырылады, бейіндік пән таңдауда және шектік балл жинақтауда өзгерістер бар ма?
– ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалады. 2017 жылғы ҰБТ форматы 120 сұрақ 5 пән бойынша, оның 3-і міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-і бейіні бойынша қарастырылған. Барлық сұрақтар ескеріледі. Тапсырма саны Тапсырма формасы Бағалау объекті 1-блок Математикалық сауаттылық бойынша тапсырма саны – 20. Тапсырма формасы – ұсынылған бес тапсырманың бір дұрыс жауабын таңдау арқылы, ал бағалау – функционалды сауаттылық, логика, сандық салыстыруға тапсырмалармен жүзеге асырылады Оқу сауаттылығы бойынша тапсырма саны – 20 (4 мәтін). Тапсырма формасы – ұсынылған бес тапсырманың бір дұрыс жауабын таңдайды, оқу, мәтінді түсіну, мәтін мазмұнына рефлексия, талдау жасай білу, салыстыру және т.б. бойынша бағаланады. Қазақстан тарихы бойынша тапсырма саны – 20. Тапсырма формасы – ұсынылған бес тапсырманың бір дұрыс жауабын таңдау арқылы, бағалау – пәнді білу Бейіндік пәндер (әрбір мамандық бойынша екі пән) жүзеге асырылады. Тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Шекті балл саны – 50 өзгеріссіз қалады. ЖОО-ның барлық 175 мамандығы 10 комбинацияға бейінді пәндер шегінде бөлінген. Бейінді пәндерді бітіруші түсетін мамандығын анықтауы үшін өзі таңдауы тиіс. Мысалы, математика + физиканы тапсыру кезінде, талапкердің 52 мамандықтың ішінен таңдау мүмкіндігі бар.
Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыз - 10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады. ҰБТ аудандар мен қалаларда белгіленген ҰБТ-ны өткізу пункттерінің базасында өткізіледі. ҰБТ-ны өткізу мерзімі – 20 маусым мен 1 шілде аралығы. 2017 жылғы тамыз айында және 2018 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шекті балл – 50.
Ал «Алтын белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады, сондай-ақ, балл саны бірдей болған жағдайда білім беру гранттарын алу басымдығы оларға беріледі. Мысалы, егер бітіруші және «Алтын белгі» иегері де 122 балл алса, грант «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Егер бітіруші көбірек балл жинаған жағдайда, «Алтын белгі» иегеріне басымдық берілмейді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы гранттар бөлінеді.
– Колледж бітірушілердің ЖОО-ға түсуі үшін кешенді тестілеудің жаңа форматы өзгертілді. Талапкерлерді кешенді тестілеуде бұрынғыдан қаншалықты өзгерістер бар?
– Колледж бітірушілері үшін талапкерлерді кешенді тестілеу (ТКТ) форматы өзгертілді. ТКТ-ның жаңа форматы бойынша колледждер үшін 60 сұрақ қарастырылған, оның 20-сы жалпы пәндер және 40-ы бейінді пәндер бойынша. Бұл егер бітіруші өз бейіні бойынша оқитын болса, мысалы, педагогикалық мамандыққа баратын педагогикалық колледждің бітірушісіне арналған. Мамандық бейінін өзгертетін бітіруші тестілеуді ҰБТ форматы бойынша тапсырады. Тестілеу уақыты – 100 минут. Жалпы бейінді пән 20 ұсынылған бес жауаптан бір дұрыс жауапты таңдай отырып, тапсырмалар базалық пән бойынша академиялық білімін тексеруге бағытталады. 30 ұсынылған көп жауаптан бір дұрыс жауабын таңдай отырып, тест тапсырмалары базалық пән бойынша терең академиялық білімін және практикалық қабілеті мен дағдыларын тексеруге бағытталады. Бейінді пән 10 ұсынылған көп жауаптан бірнеше дұрыс жауапты таңдай отырып, тест тапсырмалары базалық пән бойынша терең академиялық білімін және практикалық қабілеті мен дағдыларын тексеруге бағытталады. Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау уақыты 10 наурыз бен 1 шілде аралығы. ТКТ базалық жоғары оқу орнында орналасқан ҰБТ-ны өткізу пункттерінде өткізіледі. ТКТ-ны өткізу мерзімі – 17 шілде мен 23 шілде аралығы. Шекті балл – 35.
Биылғы жылдан бастап мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының қабылдануы баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл бағытта білім басқармасының облыстық іс-шаралар жоспары әзірленді. Облыстағы жыл бойына жұмыс жасайтын тынығу лагерьлерінде балаларды ҰБТ-ға дайындықтарын ұйымдастыру мақсатында арнайы кесте бекітілді. Байқау сынақтары ҰТО-ның (Ұлттық тестілеу орталықтары) аудандар мен Қызылорда қаласында орналасқан пункттерінде жүзеге асырылатын болады. Қала, аудан әкімдіктері бүгінгі күні байқау сынақтары үшін, ҰБТ кезіндегі тасымалдауды және басқа шараларды жоғары деңгейде өткізу үшін қаражат қарастыратын болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.