Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталсын

Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталсынКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі үш мәселенің алғашқысы, яғни, қысқы мезгілдегі төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар Бержановтың хабарламасы тыңдалды.
Мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 10 айында облыс көлемінде 406 өрт оқиғасы тіркеліп, өрттің саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 29,6 млн теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 2 есеге көбейген. Есепті мерзімде 8 адам тілсіз жаудың құрбаны бол¬са, оның үшеуі бала, ал  11 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Өрттің 70 пайызы тұрғын үй секторында орын алған. Департаменттің басшысы аталған оқиғалардың орын алуына талдау жасай келе, қайғылы жағдайлар тұрғындардың қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауының салдарынан орын алғанын атап өтті.  
Судағы қауіпсіздік жұмыстарына байланысты департамент тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Қауіпсіздік белгілері қойылып, тұрғындар арасында сақтық шараларын насихаттау жұмыстары жан-жақты жүргізілген. Жазғы суға түсу маусымында суға кету фактілері өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға азайған.  Алайда, балық аулау кезінде қайғылы жағдайлар орын алып жатқаны белгілі болды. Атап айтқанда,  балық аулау жағдайында 8 оқиға орын алып, 8 адам қайтыс болған. 
– Әсіресе, Арал ауданы бойынша жағдай күрделеніп отыр. Кіші Аралдың қалпына келуі балықшылар қатарының көбеюіне  және балық шаруашылығының дамуына ықпал етуде.  Кәсіпшілік аймақта қауіпсіздік шараларын күшейту қажет. Өйткені, балық аулау барысында судағы қауіпсіздікті сақтамау, яғни, құтқару күртешесін қолданбауы, ескектердің болмауы, қайықтардың ескіруі қайғылы оқиғалардың орын алуына себепші болуда. Мысалы, 2015 жылдың қаңтар айында Арал ауданы Аманөткел ауылы тұсында Сырдария өзенінің мұз үстінен өту кезінде УАЗ автокөлігі мұз астына кетіп, автокөлік ішіндегі бес азамат қазаға ұшырады. Осыған ұқсас қайғылы жағдай ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында балық аулауға шыққан тұрғындар арасында орын алды, – деді О.Бержанов.
Мәжілісте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Жаңабаевтың  қосымша хабарламасы да тыңдалды.
Күн тәртібіндегі, облыстағы тұрғын үй құрылысының ағымдағы жағдайы мен сапасы туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков кеңінен баяндады.
Үстіміздегі жылы облыс бойынша жалпы құны 38 млн теңгені құрайтын 4030 пәтерлі 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілген. Тұрғын үйлерге қажетті инженерлік-инфра¬құрылымдық жүйелер толық тартылған. Ағымдағы жылдың он айында 984 пәтерлік 19 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында 2017 жылға жаңадан 1400 пәтерлік 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, оған қоса аудандар бойынша 149 пәтерлі 70 арендалық  үйдің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Яғни 2017 жылға 2787 пәтерлі 121 тұрғын үйдің құрылысын салу белгіленген. 
Мәжілісте «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы облыста жүзеге асырылып жатқан қолжетімді тұрғын үй бағдарламасының ағымдағы жағдайы туралы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев жан-жақты айтып өтті. 
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев қысқы мезгілдегі төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты тұрғындар арасында түсіндіру, ақпараттық жұмыстарын күшейтуге және құрылыс сапасына қатысты тиісті сала басшыларымен қала, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қараша 2016 г. 669 0