Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Аймақ басшысы алдымен кеңес төрағасының орынбасары, далалық комиссияның төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуовті 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Одан соң кеңес құрамындағы өзгерістермен таныстырды. Соған сәйкес облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов кеңес төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов кеңес мүшесі болып бекітілді.
Жиында Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі, Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның дүние¬жүзілік мұралар тізіміне енгізу барысы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы кешенін номинациялау үшін әлеуметтік нысанын бағалау, Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу, өңірдегі туризм кластерінің дамуы туралы мәселелер қаралды.
Тәуелсіз ел атанғалы бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Рухани-тарихи құндылықтарымыз қайта түгенделіп, ұлттық тарихты ғылыми тұрғыдан зерттеудің жаңа жүйесі қалыптасты. Кең-байтақ жер қойнауынан зерттелмеген, бұрын-соңды белгісіз болып келген ғажайып археологиялық жәдігерлер табылды. Бұл – мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарға деген қамқорлығының нышаны. Оған Елбасының қабылдаған бағдарламалары мен түрлі бастамалары дәлел.
Облыс әкімі кеңес құрамының қол¬дауымен атқарылған біршама жұмысқа тоқталды.
– Қайта жаңғыртудан өткізілген облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясы заманауи үлгіде жаңартылып, облыс орталығындағы ірі мәдени орталыққа айналды. Қармақшы, Қазалы аудандарында жаңа ғимараттар салынып, аудандық тарихи-өлкетану музейлері ашылды. Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейін ашу жұмыстары да шешімін тауып, жақында ғана аталып өткен ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы аясында туған ауылында диқан ата атындағы күріш өсіру тарихы музейі ашылды, – деді аймақ басшысы.
Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарында археологиялық зерттеу жұмыстары биыл да жалғасты. Осы жұмыстардың аясында Шірік Рабат, Үлкен-күйік, Кіші-күйік қалашықтарының, Жетіасар мәдениеті ескерткіштерінің және республикалық маңызы бар Роза Бағланова атындағы мәдениет үйі мен Құттыбай кесенесінің қорғау аймақтары белгіленді. Бүгінгі күні республикалық бюджет есебінен Қазалы ауданындағы Ғанибай үйі, Сығанақ қалашығының шығыс қақпасы қайта жаңғыртылуда.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ғалымдар, археологтар, тарихшылар, мәдениет саласының өкілдері хабарлама жасады. Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Сағымбай Мұрғабаев Сығанақ қалашы¬ғындағы қазба жұмыстары туралы айтып берді.
– Бұл – сирек кездесетін археологиялық бекініс. Жерасты суы жақын болғандықтан шығар, соры тез көтеріледі. Дегенмен, үстіңгі бөлігін жауын өтпейтіндей етіп шатырмен жаптық. Енді қоршау мәселесін шешу қажет, – деді ол.
Өңір басшысы аталған мәселе бойынша жауапты жергілікті органдардың басшыларына нақты тапсырма берді. Шірік-Рабат қалашығының тарихына терең бойлаған «Антик» ЖШС директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдасбек Құрманқұлов көне шаһардың 2004 жылы облыс бойынша бірінші болып мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілгенін жеткізді.
– Құндылығы сол, ол – алғаш егін егіп, мал бағып, металл өңдеп, жер өңдеп, ирригациялық құрылыс салынған өркениет ошағы. Мұнда құрылыс архитектурасының жақсы дамығанын байқауға болады. Американың Калифорния штатынан мамандар келіп, үлгілер алды. Нәтижесін енді жариялайды, – деді тарихшы.
2005 жылдан бастап Жанкент қалашығының орнын зерттеген Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының мамандары соңғы үш жылдан бері облыс әкімдігінің қолдауымен жұмыс жүргізіп келеді. Орталық жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев Жанкент мәдениеті мен тарихын зерттеу барысында жаратылыс¬тану ғылымдарының әдістері кеңінен қолданылғанын тілге тиек етті.
2016 жылы жүргізілген архео¬логиялық зерттеу жұмыстарына сарапта¬малық қорытындымен далалық комиссия төрағасы Мадияр Елеуов таныстырды.
– Соңғы үш жылда бұл бағытта қомақты қаржы бөлінді. Ендігі кезекте аталған үш нысан – Сығанақ, Шірік-Рабат және Жанкент шаһарларының орын¬дары аймақта туризм кластерін қа¬лып¬тастыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жетіасар мәдениеті ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу, «Байқоңыр ғарыш айлағы» кешенін номинациялау үшін әлеуметтік нысанын бағалау барысы жөнінде «Археологиялық сараптама» ЖШС бас директоры Дмитрий Воякин, Қорқыт мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары туралы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының міндетін атқарушы Ханзада Есенова мәлімдеді. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұржан Өмірсерікұлы өңірде ғарыш, жағажай, медицина, жол және тарихи-мәдени орындар туризмін дамытуға мүмкіндік барын атап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі археологтардың міндеті қазу ғана емес, қазған дүниесін, тапқан олжасын сөйлету екенін қаперге салды.
– Келесі жылы Арал теңізінің кепкен табанынан табылған бірегей ескерткіш – Кердері кесенесін, Сырдария жағасындағы жойылу қаупінде тұрған ортағасырлық Сортөбе қалашығын, ортағасырлық саудасы мен қолөнері дамыған атақты қалалардың бірі – Жент қалашығына археологиялық зерттеулер жүргізуді қаржыландыруды жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.
Назерке САНИЯЗОВА.