Кеше облыс әкімдігінде ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссия жанындағы Дүниежүзілік мұралар Ұлттық комитетінің отырысы өтті. Отырыста «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансшекаралық Дүниежүзілік мұралар номинациясы бойынша номинациялық құжаттама дайындау жөніндегі сараптамалық мәселелер қаралды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әсел Өтегенова, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра орталығының Азия-Тынық мұхит секциясының бағдарламалық маманы Лин Роланд қатысты. Сондай-ақ, жиында Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің ресми өкілдері мен облыс әкімдігінің ғылыми-әдістемелік кеңес мүшелері, ғалымдар болды.
Тарихи жәдігерлерімізді әлемге танытып, көздің қарашығындай сақтауды мақсат еткен шараны Қызылорда облысы әкімдігі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Дүниежүзілік мәдени мұра орталығы бірлесе ұйымдастырды. Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген Бас хатшы Әсел Өтегенова тарихқа бай Сыр елінің игілікті істі қолға алғандығына өз ризашылығын жеткізді. Мұнан соң, облыс әкімі келген меймандарға құтты қадам, істеріне сәттілік тіледі. Алаштың анасы атанған аймақта тарихи жәдігерлер жеткілікті екендігіне тоқталды.
Негізінде Ұлы Жібек жолының Ферғана-Сырдария дәлізі 16 ескерткішті қамтиды. Олардың сегізі Оңтүстік Қазақстан облысының территориясында орналасқан болса, сегізі Қызылорда облысына тиесілі. Олар – Жанкент қалашығы, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жанқала, Сығанақ, Жетіасар оазисі, Баланды қонысы. Оңтүстік өңірдегі жәдігерлер қатарына Жуантөбе, Қараспан, Сидақ, Түркістан, Сауран, Отырар оазисі, Күлтөбе, Бөріжар бейіті жатады.
Аймақ басшысынан соң, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра орталығының Азия-Тынық мұхит секциясының бағдарламалық маманы Лин Роланд сөз сөйледі. Ол өз сөзінде талқыға салынғалы отырған тарихи жәдігерлердің ерекшеліктерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, кездесуде «Жібек жолы» сериялық трансшекаралық Дүниежүзілік мұралар номинациясы жөніндегі үйлестіру комитеті жанындағы Қазақстан Республикасының өкілі Карл Байпақов баяндама жасап, тарихи құндылықтарды сақтау мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу жұмысы 6 сессия бойынша өтті. Оның алғашқысында «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациялық құжаттамасының соңғы нұсқасын дайындау жөніндегі жұмыс тобы мен хатшылық құрамы бекітілді. Сонан соң, қатысушы елдердің нысандар номинациясы бойынша презентациясы көрсетілді. Шара соңында Дүниежүзілік мұралар орталығына тапсырылар номинациялық құжаттарды пысықтау, өткізу мерзімдері белгіленді.
Нағымжан САУЯЕВ.