Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Байқоңыр Инвест» инвестициялық форумы Сыр елі экономикасының өркендеуіне өз септігін тигізіп келеді. Жылына екі мәрте ұйымдастырылатын игілікті істің нәтижесінде облысқа түрлі қаржы ұйымдарынан 100 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, көптеген жобалар қолға алынды. Қараша айының 17-18-і күндері кезекті VIII форум өткізілгелі отыр. Форумға оннан астам шетелдік инвесторлар мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысады деп күтілуде. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар орталығында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким мәлімдеді.
– Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форум нәтижесінде облыста көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асты. Бұл орайда «Шалқия» тау-кен металлургиялық кешенін, шыны, цемент зауыттарын айтуға болады. Сегізінші форумның мақсаты да осы – инвестициялаудың маңызды мәселелерін талқылау, шешу жолдарын қарастыру, шетелдік және отандық инвесторлармен өзара серіктестік орнату. Сондай-ақ, өңірдегі өзекті идеяларды дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру үшін бизнес, ғылым, билік өкілдерін біріктіру, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Сыр елі соңғы жылдары экономиканы өрістетуге жағдай жасайтын ашық диалог алаңына айналды. Әрине, оған инвест-форум қосқан үлес орасан. Сегізінші басқосуға Ресей, Иран, Германия, Швейцария, Франция, АҚШ, Қытай, Әзербайжан, Белоруссия, Өзбекстан және Бельгия корольдігінің дипломаттық өкілдері қатыспақ. Айта кетейік, соңғы төрт мемлекет алғаш рет форум мейманы болғалы отыр.
Брифингте хабарланғандай, форумның негізгі пленарлық отырысы инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін сарапқа салады. Бұдан бөлек 3 секциялық отырыс өткізіледі. Онда «инвесторларға арналған жаңа перспективалар», «ауыл шаруашылығы өндірісінің кооперациясы», «В2В форматында халықаралық ынтымақтастық» тақырыптары талқыланатын болады. Сондай-ақ, бірнеше ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады.
Сонымен қатар, меймандар форум аясында «Қорқыт ата» кешенімен танысып, «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Союз МС-03» зымыранының ұшырылу сәтін тамашаламақ.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.