2013 жылдың желтоқсан айында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдарға дейінгі стратегиялық жоспары бекітілген еді. Аталған жоспарға Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Сыр еліне келген сапарында қолдау білдірген болатын.
Стратегиялық жоспардың бүгінгі орындалу барысы қалай? Бұл сауалға жауап беру үшін біз бүгінгі қол жеткізген жетістіктерімізді сараптан өткізіп көрейік.
Облыс биыл күріш өндіруден жоғары көр¬сеткіштерге жетті. Жиналған жалпы өнім көлемі 440 мың тоннаны құрады. Бұл Қазақстанда өндірілген күріштің 90 пайызын құрайды. Республика қажеттілігінің 100 пайызын қамтамасыз етіп отырған Сыр күрішінің келешегі кемел. Қазір облыста өндірілген күріштің 25 пайызы ТМД елдеріне, 75 пайызы ішкі рынокқа жөнелтілетін болады.
Облыс үстіміздегі жылдың 9 айында тұз өндіру бойынша үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Аталған кезеңде 310 мың тонна тұз, 200 мың тонна ас тұзы өндірілді. Бұл Қазақстанда өндірілетін тұздың 58,2 пайызын құрайды. Тұздың 56 пайызы Ресейге, Қырғызстан, Өзбекстанға, басқа да жақын шетелдерге жөнелтілуде.
Сыр өңірі күріш және тұз өндіруден Қазақстанда 1-ші орын алса, балық аулаудан 3-ші орынды иеленіп отыр. Үстіміздегі жылдың 9 айында облыста 7,3 мың тонна балық ауланды.
Қазіргі таңда стратегиялық жоспарға сәйкес облыста ірі инвестициялық жобалар жүзеге асы¬рылуда. Құрылысы жүргізіліп жатқан шыны зауыты пайдалануға берілгенде жылына 197 мың тонна шыны шығарылатын болады. Сондай-ақ ірі жобалар қатарында ферроқорытпа, «Шалқиядағы» газтурбиналық стансамен бірге кен байыту комбинатын, «Баласауысқандық» ке¬нішінде қара сланецтерді өңдейтін өндірісті атауға болады.
Облыста өңдеу өнеркәсібінің салыстырмалы кезеңдегі өнімі 116,3 пайыз құрады. Бұл рес¬публикадағы 2-ші орын. Облыс ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша респуб¬ликада 1-ші орын алды, тамақ өндірісіне инвестиция жөнінен өсім 2,8 есе құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі бойынша республикада 6-шы орын алады.
Әлеуметтік шығындар бойынша облыстың жан басына шаққандағы қаржы көлемі 169,6 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш республикада 132 мың теңге. Ал жан басына шаққанда бюджет шығыны облыста 265,8 мың теңге, республикада 232,4 мың теңге. Қызылорда облысы инвестиция тартуда республикада көш бастап келеді. Он жоба бойынша 250 млрд теңге инвестиция тартылды. Республикада бірінші болып аймақтық ситуациялық орталық құрылды. Облыс аудиовизуалды инновациялар бойынша халықаралық гран-при жүлдесіне ие болды.
Облыс 3 және 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда республикада бірінші орын алады. 83 білім нысаны пайдалануға берілді. Ресейлік және отандық жоғары оқу орындары мен колледждерге 391 грант бөлінді. Тұрмысы нашар отбасыларының балаларын оқытуға 500 грант бөлінді.
Аймақта өкпе ауруларымен ауырған науқастардың жағдайын жақсартуға ұдайы көңіл бөлініп келеді. Денсаулық сақтау саласы бойынша жан басына шаққанда облыста 43,9 мың теңге бөлінді. Республикада бұл көрсеткіш 38 мың теңгені құрайды.
Аймақта сәбилер өлімі едәуір азайды. Күтілетін өмір ұзақтығы 2015 жылы 72 жасты құрап отыр.
Облыс өңірлерінде осылайша әлеуметтік-экономикалық дамудың барысы бойынша тәуір көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Бұл облыс әкім¬дігінің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды.
Ж.ӘЛМАХАН.