Несие: қарыздан қалай құтылуға болады?

Несие: қарыздан қалай құтылуға болады?Елімізде мер­зімі өт­кен кредиттер санының өсіп бара жатқанын қаржы мамандары жиі айтуда. Кейбір деректерге қарағанда 5 млн қазақстандықтың 4 трлн теңгеге жуық қарызы бар, проблемалық қарызы барлардың үштен екісі кредиторлардан қашып жүрген көрінеді. Мойынға салмақ бол­ған несиеден құтылу оны төлеп жүрген әрбір адамның арманына айналғаны аян. Несиені уақытынан бұрын жауып, қарыздан құтылудың қандай амалдары бар? Біз бүгін қаржылық сарапшылар ұсынған кеңестерді ықшамдап ұсынуды жөн көрдік.
Қаржылық сауаттылыққа үйрететін мамандар ең бірінші шығынды есептеу керек деп үйретеді.  «Ең алдымен өзіңіздің кірісіңіз бен шығыныңызға сараптама жасап, ай сайынғы нәтижені жазып отыратын есеп кітапшасын арнаңыз. Бұл қан¬дай нәрседен үнем жасауға болатынын және үнемделген ақшаны пайдалы іске, яғни кредитті жабуға көмектесетінін түсінуге мүмкіндік береді. Бастысы – төлем кестесін жасап алып, сол кестеден кешікпей несиені төлеуге талпыну керек» дейді кеңес берушілердің бірі.
Алайда, ай сайынғы шығындарды қысқарту кезінде қажетті дәрі-дәрмектерге жұмсалатын ақшаға тиісуге болмайды. Одан да ойын-сауыққа, дүкен аралауға кететін қаржыны үнемдеңіз.
Мамандардың айтуынша, шығын жоспарын бір шолып шыққан соң, оны тағы 30 пайызға азайтуға болады. Бұл жолы сырттан тамақтану, жол-жөнекей түрлі ұсақ-түйекті сатып алудан бас тартыңыз.
Кредитті жылдам жауып тастау үшін қосымша жұмыс көзін табудан, өзіңіздің қолыңыздан келетін іспен жұмыстан тыс уақытта айналысудан бас тартпаңыз. Тапқан табысыңызды тездетіп несиеңізді жабуға жұмсаңыз.
Сарапшылар  белгіленген соманы уақыты¬мен өтеп отырудан бөлек, несие бойынша төлемді 10 пайызға арттыруды ұсынады. Қазір бір адамның басында бірнеше несиенің болуы да таңсық емес. Мысалы, ипотека, автокөлік сатып алу, пәтерді жөндеу жұмыстарына алынған несиеңіз болса, барлық несиенің 10 пайызын жабудан ешнәрсе ұтпайсыз. Мұндайда кішіден үлкенге қарай ұмтылсаңыз, жағдай біраз жеңілдейді. Алдымен  төлемі аз несиенің ай сайынғы сомасын арттырып, оны бірнеше айға жаба тұрыңыз. Содан кейін мысалы, автокөлік үшін алынған несиеге кететін қаражатты екінші бір несиені жабуға жұмсайсыз және оның үстіне 10 пайызды қосамыз. Осылайша қарызды екі-үш есеге жылдам жабуға болады.
Жоғарыда айтқанымыздай, бір басында бірнеше несиесі бар адамдар пайыздық мөл¬шерлемесі ең жоғары қарызды жауып тастауды қолға алғаны жөн. Мұндай несиені жауып тастау артық төлем құнын төмендетеді, ал үнемделген ақшаны екінші бір қарызды жабуға жұмсаңыз. Бастысы, екіжақты төлем жасаймын деп несие мерзімін өткізіп алмаңыз.
Банктер қуана-қуана ұсынатын тағы бір қызмет түрі – несиені қайта қаржыландыру. Алғашқы несиені жабу үшін жаңасын рәсім¬деуде пайыздық мөлшерлемесінің төмен болуына жіті назар аудару керек. Бірақ кішігірім несиені өтеу үшін ірі көлемде қарыз алудың қажеті жоқ.
Төлем аяқталғаннан кейін, банктен еш¬қандай қарызыңыз жоқтығын растайтын анықтама алыңыз. Кейде банктерге бірнеше тиын қарыз болып қалсаңыз, оның үстіне пайызы, банктің комиссиясы қосылып, сізді  қарызға батырып қоюы мүмкін. Сондықтан қосымша анықтама алуды ұмытпаңыз.
М.МЕРЕЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қараша 2016 г. 4 699 0