Кеше Қызылордада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының құрылғанына 10 жыл толуына орай «Тәуелсіздік және азаматтық қоғам: әлеуметтік жаңғыру» атты VІІ аймақтық азаматтық форум өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Қауымдастық төрайымы Ақтолқын Сунгур жиынды ұйымдастырудағы мақсат азаматтық қоғам институттары, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тиімді қарым-қатынасын және конструктивті диалогын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар байланысын дамытуға арналған алаң құру екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл шара үкіметтік емес ұйымдар жұмысын саралап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді. Қатысушылар осыдан кейін «Азаматтық қоғам дамуын айқындайтын 10 жыл – біздің назарымызда» атты бейнероликті тамашалады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде азаматтық қоғамның негізі болып саналатын үкіметтік емес ұйымдар дамуының саяси, құқықтық, әлеуметтік алғышарттары жасала бастады. Осы уақыт ішінде демократия мен азаматтық қоғамның негізгі институттары құрылды. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар бастамаларына мемлекеттік гранттар беру жүйесі қалыптасты. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар жобаларына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлу жүйесі қолданысқа енгізілді. Олардың қоғамдағы ролін арттыруға Мемлекет басшысы үлкен мән беріп келеді. Тұңғыш Азаматтық форум 2003 жылы Елбасының қатысуымен өтіп, содан бері конструктивті диалог алаңына айналды. Екі жылда бір рет өткізу дағдыға айналған кезекті маңызды жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мүмкіндіктері мол, кәсіби білігі мен ұстанымы биік үкіметтік емес ұйымдар – елдің қуатын арттыратын, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетін аса маңызды қоғамдық институт деген баға берді.
– Елбасы атап өткендей, біз ЭДЫҰ (ОЭСР) стандарттарына сай келетін әлемнің ең дамыған 30 елінің құрамына кіруді мақсат етіп жатырмыз. Бұл нені білдіреді? Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл елдерде болашақта жұмыс орындарының 47 пайызы автоматтандырылған болуы керек. Бұл тұрғындардың 50 пайызының өз-өзін жұмыспен қамтуына алып келеді. Бұл – жаңа 21 ғасырдың талабы! Бізге білім-ғылым, заманға икемді әрі адамгершілік қасиеттері жоғары азаматтар керек. Сондықтан, мысалға, мектеп қабырғасынан-ақ балаларды ақпаратпен жұмыс істеуге үйретіп, оларды өмір талаптарына сәйкес қалыптастыра отырып, болашақ патриот, ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуіміз керек,- деді облыс әкімі.
Осы ретте, үкіметтік емес ұйымдар мен жалпы қоғамдық күштерге артылар жауапкершілік аса зор. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, аймақтағы азаматтық қауымдастықтың көшбасшылары ретінде оларды осы жұмысқа белсенді түрде атсалысуға шақырды. Азаматтарымыздың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын көтеру – мемлекетпен қатар азаматтық күштер де білек сыбана кірісетін елдік шаруа деп білу керек.
Өңір басшысы өз кезегінде аймақта азаматтық қоғамның қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген, үкі¬меттік емес ұйымдардың мәртебесін көтеруге атсалыс¬қан «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауым¬дастығының бұрынғы төрайымдары Дариха Ақма¬ғамбетова мен Әлима Әбдіхалықованы Алғыс хаттармен марапаттап, иықтарына ақ орамал жапты.
Облыстағы үкіметтік емес ұйымдар саны артып келеді, бұл азаматтық сектор негіздерінің күшейіп, қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен белсенділіктің артқанын көрсетеді. Сонымен бірге осы бағыттағы мемлекеттік саясат тиімділігінің жемісі. Осыдан он жыл бұрын облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 150 болса, бүгінде олардың қатары 800-ге жуықтаған.
– 2009 жылы үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына облыстық, қалалық және аудандық бюджет арқылы 45 млн теңге қаржы бөлінсе, өткен 6 жылда қаржы көлемі 18 есе өсіп, биыл 811 млн теңгеге жетті. Бөлінген қаржы есебінен облыста қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар арқылы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларын дамытуға бағытталған, жастар саясатын жетілдіруге арналған көптеген жоба жүзеге асуда, – деді облыс әкімі.
Солардың қатарында халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтарын қолдауға арналған «Сыр мейірімі» қайырымдылық акциясы, Елбасы бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы, жас ұрпаққа еңбек адамын дәріптейтін «Еңбек династиялары» форумы сияқты көрнекті жобалар ерекше аталады. «Қамқорлық» дағдарыс орталығы мен «Ұмай» қайырымдылық үйінің атқарған шаралары да ауыз толтырып айтарлықтай. Екінші жыл қатарынан «Әлеумет» жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа 2015 жылы облыстық бюджеттен 11 млн теңге бөлінсе, биыл қаржы көлемі 21 млн теңгеге жетті. Жобаны ұйымдастыруға салалық принцип негізінде 60 үкіметтік емес ұйым тартылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Азаматтардың мемлекеттік және жергілікті проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз етуде, мүдде қайшылығы мен жанжалдарды сабырлы жолмен шешуде үкіметтік емес ұйымдардың ықпалы басым болуы тиіс. Осы орайда биыл құрамы үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, ардагерлер ұйымдарының өкілдерінен жасақталған «Қоғамдық кеңес» құрылып, жұмысын бас¬тады. Оның мақсаты – мемлекет пен қоғамның маңызды мәселелер бойынша тиімді кеңесу алаңын құру. Күні бүгінге дейін облыстық қоғамдық кеңестің – 10, ал аудандық, қалалық қоғамдық кеңестердің 89 отырысы өткізіліп, өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Форумда «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының тұңғыш төрайымы Дариха Ақмағамбетова жұмыс бастаудағы қиыншылықтарды еске алды.
– Облыс әкімдігінің қолдауы арқасында біртіндеп аяққа тұрып, жұмысты жандандырдық. Көптеген үкіметтік емес ұйым қауымдастық құрамына қосылды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде билікпен байланыс жолға қойылды, – деді ол.
«Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағанбетов жүзеге асырылған жобалар мен жетістіктерді баяндады.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Қамқорлық» дағдарыс орталығы жобасы аясында бес жылда 180 тұрғынның әлеуметтік бейімделуіне, 5 қылмыстық, 3 әкімшілік істің ашылуына, 30 жанұяның шаңырағын сақтап қалуына ықпал еттік, – деді ұйым жетекшісі.
«Жігер» мүгедек спортшылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділдаев мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдау шараларына тоқталып, алдағы уақытта да бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. Одан бөлек, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайратдин Баймаханов сөз сөйледі.
Жиын соңында Астана қаласында өтетін VІІ республикалық Азаматтық форумға қатысатын делегаттар тізімі жарияланып, ұсынымдар қабылданды.
Назерке САНИЯЗОВА.