Ұрпақтар үндестігі

Ұрпақтар үндестігіЖас мемлекетіміздің керегесін кеңейтіп, іргетасын нығайтуда әйел-аналарымыздың қосқан үлесі зор. Бүгінде қазақстандық әйелдер саясатта, билік басында, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әртүрлі салаларында болсын ер адамдармен қатар еңбекке белсенді араласуда. Статистикаға сүйенсек, аймақтағы мемлекеттік органдағы 1547 қызметкердің 565-ін әйелдер екен. Аймақ әйелдерінің басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, қаржы саласында жұмыс жасап, бүгінгі таңда облыстың өркендеп өсуіне ықпал етуде. Педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, барлық мемлекеттік бюджет сала қызметкерлерінің 60 пайызы да әйелдердің үлесінде. Сонымен қатар, өңірімізде кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді. Шағын кәсіп¬керлікпен айналысатындардың 80 пайызынан астамы әйелдер. Облыста 44  мыңнан астам көпбалалы аналар бар. Олардың 25 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. 
Тәуелсіз еліміздің дамуына әйелдердің қосқан еңбегі орасан зор. Міне, сондықтан олардың өлшеусіз еңбегі, өнегелі өміржолы қай кезде де кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Қорқыт ата атындағы университеттің Студенттер сарайында «Ұрпақтар үндестігі» тақырыбында өткен аймақ жастарының ел тәуелсіздігіне үлес қосқан әйел аналармен кездесуі – осы сөзіміздің дәлелі. Облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және демо¬графиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен өткізілген шараның мән-маңызы зор болды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, ҚР Президенті жанындағы отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Ерлан Райғаниев, жас отбасылар, іскер әйелдер мен алтын құрсақты аналар және үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты. 
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов 25 жыл тарих үшін қас қағым уақыт болғанымен, жас мемлекетіміз үшін сындарлы сәт екенін тілге тиек етті. «Елбасының тапсырмасымен тәуелсіз елдің дамуына, оның даңғыл жолында барлығымыз біркісідей атсалысып келеміз. Тәуелсіздік деген қасиетті құндылықты қастерлеп, келешек ұрпаққа оны ардақтауда бүгінгі жас ұрпақтың да, аналарымыздың да, аға буынның да, ардагерлеріміздің де ортақ үлесі бар.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын болғанын білесіздер. Айлап жалақы, зейнетақы  берілмеді. Осындай  қиын-қыстау кезеңдерде елді ауызбіршілікке, ынтымаққа, сабырлылыққа шақырған әйел аналарымыз еді. Қоғамда сіздердің орындарыңыз қашанда биік. Біз әрдайым құрметтейміз. Кешегі Кеңес заманында көптеген аналарымыз еңбектің әлемнің әміршісі екенін дәлелдеді. Олардың қатарында Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Жадыра Таспамбетова сынды аналарымыз өмірде де, еңбекте де, отбасында да үлкен жетістіктерді бағындырған аяулы жандар. Біз қай кезде де отбасы құндылығын сақтай алған еңбекте де, қоғамда да табысқа кенелген осындай аналарымызбен мақтана аламыз», – дей келе, Руслан Рүстемұлы өңірдегі ана мен баланы қорғауда атқарылып жатқан шараларға да тоқталып өтті. 
Мұнан кейін шараға арнайы келген ҚР Президенті жанындағы отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі Ерлан Райғаниев ел тәуелсіздігінің 25 жылында  жас мемлекетіміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына Сыр өңірі әйелдерінің қосқан үлесі зор екенін алға тартты. «Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруда да сіздер де ер азаматтармен қатар ерен еңбек етіп келесіздер. Жастарға өнегелі істеріңізбен, аналық қамқорлықтарыңызбен қашанда үлгі көрсетесіздер», – деді Ерлан Тельманұлы. 
Жиында Жаңақорған ауданы әкімінің кеңесшісі Әзия Қыстаубаева өзінің парасатты өмір жолы туралы жастарға әсерлі әңгіме айтты. «Елбасының әйел болған жерде татулық пен бірлік, жетістік пен жеміс, жауапкершілік пен адалдық бар» деген сөзі саясат пен қоғамда әйелдердің орнын айшықтап берді. Облысымыздың ардақты аналарын мақтанышпен атауға болады. Жаңақорған ауданында тәуелсіздіктің алғашқы кезінде ең алғашқы рет кәсіпкерлікті қолдап, өз жұмысын дөңгелентіп, халыққа қызмет көрсеткен нәзікжанды әйелдеріміз көп. Қазір аудан көлемінде 6-7  мекемені қыз-келіншектер басқарып отырса, 42 мектептің 11-ін әйел аналар басқарады. Ауданда 2500-дей кәсіпкер бар болса, оның 1500-і кәсіпкер қыз-келіншектер. Дегенмен де, әйел аналардың қоғамдағы ролі ұрпақ тәрбиесімен бағаланатынын естен шығармауымыз керек. «Ұл туса, ұрпағы өседі, қыз туса, ұлтың өседі» деп қуанған қазақ. Сондықтан ең алдымен қыздарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек,–деді Әзия Қыстаубаева.
Шара барысында іскерлігімен үлгі болып, еліміздің, аймақтың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әйелдер жөнінде бейнетүсірілім көрсетілді. Сонымен қатар, «Ел тәуелсіздігін нығайтудағы әйел аналардың ролі», «Тәуелсіздік құндылықтарын насихаттау арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу», «Сыр өңірі ақын қыздарының шығармашылығы және Тәуелсіздік» тақырыптарында тағылымды баяндаламалар оқылды. Тәрбиелік мәні зор кездесу соңында аймақтың демографиялық дамуына үлес қосқан бірқатар алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» медалі мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қараша 2016 г. 944 0