Келер жылы Қазалы ауданындағы орталық аурухана мәселесі түпкілікті шешімін табады. Бүгінде қажетті қаражат бөлінген, құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың соңында бітіру жоспарлануда. Сондай-ақ, аудандағы апатты жағдайдағы 5 мектеп қайта бой көтеретін болады. Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Қазалы ауданы әкімі Нәжмадин Шамұратов мәлім етті.
Осы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарды саралаған әкімнің айтуынша, өңірдегі өндіріс орындары есепті мерзімде 9 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Сондай-ақ, ауылшаруашылық нысандары көбейіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнімі өскен. Бизнесті дамытуға негіз болар бағдарламалар аясында Қазалы ауданында бірнеше жобалар жүзеге асқалы отыр. Айталық, индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы негізінде жеке кәсіпкер Т.Игіліковтің құны 50 млн теңгені құрайтын «Сүбе шығару» жобасы оң қорытынды алған. Сондай-ақ, 10 мың басқа арналған құс фермасы, қой-ешкінің сүті мен етін өндіретін шаруашылықтар ашудың қам-қарекеті жасалып жатыр. Ал, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде ауданның 5 кәсіпкері 170, 8 млн теңгені құрайтын несие алып, тың бастамаларды жүзеге асырған.
Қазалы ауданы биыл қорда¬ланып қалған бірнеше мәселені қаржыландыруға қол жеткізіпті.
– Осы жылы құны 4298 млн теңге болатын бірнеше әлеу¬¬меттік және инженерлік-инфра¬құрылымдық жобалардың құры¬лысы басталды. Атап айтсам, аудандағы апаттық жағдайдағы 5 мектеп құрылысы мен Әйтеке би кентіндегі аудандық аурухана құрылысын бастауға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында сумен жабдықтау жүйелерінің құры¬лысын салу және кеңейтуге, жаңа тұрғын үй аймақтарын инфра¬құрылыммен қамтуға қажет¬ті қаражат қаралды, - деді аудан әкімі Нәжмадин Шәкизадаұлы.
Сонымен қатар, аудан әкімі көптен бері шешімін таппай келген көпірдің жайы біржақты болғандығын айтты. Яғни, әлі күнге Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев, Жалпақ, басқа елді мекендер тұрғындары дариядан өту үшін пантон көпірлерді пайдаланып келеді. Халықты бұл қиындықтан құтқару үшін келер жылы көпір салуға қажетті қаржы бөлінгелі отыр.
Қазалы ауданында жуырда ұлан-асыр той өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы мере¬келік іс-шаралар өзінің сән-салтанатымен ел жадында қалды. Тәуелсіздік аллеясы ашылып, онда тарихи тұлғаларға ескерткіштер орнатылды. Атап айтқанда, Бегім ана мен Асандар көтерілісінің құрбандарына арналған ескерткіш пен туылғанына 440 жыл толған Жалаңтөс баһадүрдің мавзолейі, «Тәуелсіздік» монументі ел игілігіне ұсынылды. Аудан әкімі Нәжмадин Шамұратов келер жылы да атқарылар жұмыстар ауқымы кең екендігін айтады. Әсіресе, тарихты танып, өткенге құрмет қылар рухани-мәдени шараларға баса мән берілген.
– Кешегі өткен мерекелік іс-шара аясында Шығыс жастарының жалынды жетекшісі «Ғани Мұратбаев» атындағы облыстық жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Бұл марапатты жыл сайынғы дәстүрге айналдырмақпыз. Республикалық деңгейде ұйымдастыру да ойда бар. Өйткені, Ғанидың қысқа да өнегелі ғұмырының жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Туған жерді танып-білу мақсатында қазіргі таңда «Қазалы ауданының энциклопедиясы» тарихи-танымдық кітабын шығару жұмыстары жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, келер жылы Қазалы қаласының 150 жылдығы аталып өтіледі. Бұл атаулы датаны мерекелеу аясында Қазалы қаласын абаттандыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Басты жаңалығымыз – көлемі 260 гектар жер учаскесіне салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жоспарлаудамыз. Бұл мереке қарсаңында жер кезегінде тұрған 6000-ға жуық тұрғынға тамаша тарту болар еді, – дейді аудан әкімі.
Брифинг барысында аудан әкіміне БАҚ өкілдері тарапынан бірнеше сауалдар қойылды. Солардың бірінде Қазалы ауда¬нындағы оғыздардың астанасы болған Жанкент қаласын туристік нысанға айналдыру жайы сұралды. Бұл сұраққа орай аудан әкімі мәселе күн тәртібінде тұрғандығын, тарихи орынға барар жолды жөндеуден өткізудің қам-қарекеті жасалып жатқандығын айтты. Сондай-ақ, аудандағы индустриялық ай¬мақтың мәсе¬лесі де сөз болды. Нәжмадин Шакизадаұлы бүгінгі аталған нысанда кәспкерлерге бар жағдай жасалып тұрғанымен, түрлі себептермен кәсіпкерлер жұмысын бастай алмай отырғандығын айтты. Алдағы уақытта өткізілетін кәсіпкерлер форумы аясында бұл мәселені шешу жолдары талқыланатынын жеткізді.
Нағымжан САУЯЕВ.