Қай кезеңде болмасын реформалар өздігінен және оңайлықпен іске аспайтыны белгілі. Десек те, «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» атты Ұлт жоспары мемлекетті алға бастырудың тиімді жолдарының бірі екенін дәлелдеп отыр. Расында да, жұртшылық бірте-бірте реформаның іске асырылып отырғанына көз жеткізуде.
Дамыған отыз мемлекеттің құрамына кірудің Ұлттық жоспары болып табылатын Бес институционалдық бағдарламаны жүзеге асыруда әділет органдарына да бірқатар міндеттер жүктелген. Осыған орай газет тілшісі облыстық әділет департаментінің басшысы Қалдыбек Сапаровқа жолығып, әңгімеге тартқан еді.
– Қалдыбек Ерубайұлы, алдымен құқықтың негізін құраушы құжатқа тоқталсаңыз...
– Қоғамда мемлекеттік билікті іске асыруда, демократияны дамытуда, құқықтық мемлекетті қалыптастыруда ең шешуші роль атқаратын және қоғамдағы құқықтың ең күрделі негізін құраушы нормативтік құқықтық актілер болып табылады. Қазіргі таңда мемлекеттің ең жоғары нормативтік актісі – заң дейтін болсақ, ол қоғамдағы ең күрделі де маңызды мәселелер мен қатынастарды қамтиды. Заңның үстемдігі арқылы қоғамдағы заңдылық, тәртіп қамтамасыз етіледі, адамдардың бостандығы мен құқықтары, демократияның басқа да талаптары қалыптасады. Қоғамдағы осы объективтік және субъективтік өзгерістерді реттеп, басқару үшін нормативтік актілер үнемі үзіліссіз даму процесінде болады.
– Азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесіндегі өзгерістер туралы не айтасыз?
– Азаматтық хал актілерін тіркеу жүйесіне енгізілген реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарында жүргізілді. Олар¬дың ең маңыздысы – халықтың табиғи қозғалысын тіркеуді реттейтін актілердің электронды форматта тіркелуі, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын және тиімділігін арттыруда құрылған АХАЖ ақпараттық жүйесі мен жеке тұлғалар үшін Ұлттық бірыңғай тізілімнің енгізілуі.
Сонымен қатар, 2016 жылы сәуір айында Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 189-бабына, тууды тіркеу мерзіміне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Бұған дейін екі ай болып белгіленген тууды тіркеу мерзімі кодекс талаптары бойынша 3 жұмыс күніне өзгерді.
Негізінен өзгерістер мен толықтырулар балалардың құқықтарын қорғау мәселелері, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Ол үшін баланың тууының заңнамамен белгіленген мерзімде тіркелуін қамтамасыз ету негізгі міндет болып саналады.
– Азаматтық хал актілері мен туу туралы білсек деп едік...
– Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, үстіміздегі жылдың 10 айында облыс көлемінде азаматтық хал актілерін тіркеудің 7 түрі бойынша барлығы 29385 азаматтық хал актілері, оның ішінде 16714 туу тіркелеген. Көз жүгіртер болсақ, жыл сайын азаматтық хал акті¬ле¬рін тіркеудің өсу тенденциясы байқа¬лады. Тууды тіркеу 1,7%-ға артқан.
Тууды тіркеу туралы өтініштерді (құжаттарды) қабылдауды тіркеуші орган, сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады немесе ол «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын туу тура¬лы куәліктерді беру ке¬зінде сәйкестендiру нөмiрiн қалыптастыруды орталық¬тан¬дырыл¬ған түрде жүзеге асырады. Одан әрі тiркеушi және басқа да мемлекеттiк органдар мен өзге де мемлекеттiк мекемелерге ақпараттар алмаса отырып, оларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны белгілеу, балабақша кезегіне тұру секілді қызметтерге өтініштер қабылдау жүзеге асырылады.
– Қалдыбек Ерубайұлы, тағы бір сұрақ. Балалар құқықтарының қорғалуы қалай жүзеге асырылуда?
– Заң талаптарын орындай отырып, болашағымыз балалардың құқықтарын заң тұрғысынан қамтамасыз етуді насихаттау, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттiк саясатты қолдау – басты мақсатымыз. Әділет органдары орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен, оның ішінде құқық қорғаушы және бақылаушы органдармен, сондай-ақ, лауазымды адамдармен өзара іс-әрекет жасасады.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар әділет органдарына функционалдық міндеттерін орындауда және адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың құқықтарын, еркіндіктерін және мемлекеттің мүдделерін қорғауда жәрдемдесуге міндетті.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы Жарлығына сәйкес азаматтық хал актілерін тіркеуді бақылау және олардың тиісті дерекқорлармен жұмыс істеуін бақылау функциясы әділет департаменттеріне жүктелген. Тоқтала кететін жайт, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және болдырмау мақсатында тууды тіркеу туралы өтініштерді қабылдау азаматтық үкімет корпорациясы-халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қабылдауды ұйымдас¬тыру қамтамасыз етілген. Осы тұрғыда неке-отбасы заңнамаларына енгізілген өзгерістерге әділет департаменті тарапынан сапалы да уақытылы мемлекеттік қызмет көрсету кеңінен насихатталуда.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.