Адамзатты алаңдататын, толғандыратын бірнеше мәселе бар. Мысалы, олардың кейбіреулерін атайтын болсақ, ол экология проблемасы, температураның жыл сайын күрт жылуы, ауаның ластануы, топан су басу қаупі, жаппай қырып-жою қарулары (атом, сутегі бомбалары, химиялық, биологиялық қарулар) т.б. Бұларды ғалымдар дәлелдеп және олар осы қауіп туралы тынбай айтып та, жазып та келеді. Ол адамдардың түсініспеуі, тіл табыспауы, бітімгершілікке келмеуі. Осы экологиялық қатермен пара-пар қауіп.
Қазір қоғамда адамдар арасында қатыгездік бой ала бастағанда түсіністікпен өмір сүрудің орны тым ерекше. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз бізге қарағанда өмірдің қиындығын көп көрді. Бірақ олар мейірімді, түсіністікпен өмір сүрді. Өзінің тіршілігінде шалқыған дәулеті болмаса да ағайынға, көршіге деген қамқорлығын аяған жоқ. Біздер солардың мирас қылып қалдырған жақсы істері мен өнегелерін бойымызға сіңіріп, дамытып, келер ұрпаққа жеткізе алдық па? Ауыр сұрақ. Жалпыламай жауап беру қиын, кібіртіктей береміз. Бәлки, көп кінәрат үлкендер біздерде жатқан шығар?
Енді түсінбеудің себеп-салдарына келейік, өз пікір-пайымымызды ортаға салайық. Бірін¬шіден – сөз. Атам қазақ сөздің қадірін ертеден түсінген, сөзге тоқтаған, уәдеге берік болған. Сөзінде тұрмағандарды ақпақұлақ, сөзінің пәтуәсі жоқ, көң қатса қалпына барады деп жеріне жеткізе айтқан. Бір ауыз сөз адамдардың да тіпті мемлекеттің де тағдырын шешкен кездер болған. Аз жазса да саз жазатын, поэзияға сүбелі үлес қосқан лирик ақын Жүрсін Ерман: «Аттан жығыл жығылсаң оқасы жоқ, жығылуға болмайды сөзден балам», – деп сөздің қадірін шегелей түседі. Сөздің асқақ құдіретін тағы бір еске салады.
Барлық мәселе адамдардың бірінің бірі айтқан сөздерін тыңдамауы, тыңдаса да оны ой елегінен өткізіп екшемеу, оның түпкі мақсатын ескермеу, пайдалы дұрыс қорытынды шығармау, бір сөзбен айтқанда, түсініспеуден басталады. Осыдан кейін ұрыс-керіс шығады, тіпті кейде оның аяғы қайғылы жағдайға ұласатыны жасырын емес. «Біркүндік керістің қырық күндік зардабы бар» демей ме?! Статистика бойынша отбасын құрған 100 жұптың үштен бірі, яғни 33-і айырылысады екен. Неге? Осындай жақсы заманда оларға не жетпейді? Бұл – үлкен қасірет. Бұл ер адам мен әйел адамның ғана трагедиясы емес, ата-ананың, жақын-жуықтың тіпті мемлекеттің қайғы-қасіреті, өкініші дер едік. Осының бәрі түсінбеуден, түсініспеуден, нақтылай айтсақ түсінгісі келмегеннен туындайды.
Қандай бір жазушының кітабын оқып қарасаңыз адамдар арасындағы, тіпті адамдар мен басқа тіршілік иелерінің арасындағы қат-қабат қайшылықтарды, түсінбеушілікті көреміз. Осындайда есіме осыдан 15 жыл бұрын оқыған ағылшынның атақты философ жазушысы Роберт Гриннің "48 законов власти” деген кітабындағы оқиға еріксіз еске түседі. Қысқартып айтқанда, аңыз әңгімеге құралған оқиға мынадай: Күздің қара суығында бір адам келе жатып қатты тоңып жиырылып (оратылып) жатқан жыланға кездеседі. Жылан: – Адам мен суықтан өлейін деп жатырмын, жылытып құтқаршы, – дейді.
Адам оны көйлегінің ішіне салып жылытады, бірақ жылан жылынғаннан кейін келісімді бұзып адамның көйлегінен шықпай қояды. Адамның қапаланып, ренжіп келе жатқанын көрген ақ дегелек көмекке келіп, адам көйлегінің ілгегін сәл ағытқан кезде ақ дегелек жыланды іліп әкетеді, бірақ сол кезде жылан адамды шағып үлгереді. Автор бұл жерде екі нәрсені баса айтқысы келіп отыр. Біріншіден, тіршілік иелерінің түсінбеуінен орны толмас қасіретке тап болатынын, екіншісі көмекті, қайырымды кімге жасау керек, қалай жасау керек, кімге жасамау керектігін тағы бір еске салады. Жақсылық кейде драмаға толы болса, кейде трагедияға алып келеді.
Түсінбестіктің тағы бірі – қанағатсыздық, ашқарақтық, тойымсыздық, өркөкіректік, бәсеке, іштарлық, шүкіршіліктің болмауы. Жүзге тақап қайтыс болған нағашым Қазтоған атам: «бергеніңе шүкір, шүкіршілік етіңдер, қанағат» деп отырушы еді. Жарықтық осы сөзін жан-жағына айтуға жалықпайтын. Әр өлеңі оқырманды бей-жәй қалдырмайтын ойшыл ақын Қадыр Мырза Әли:
– Шүкіршілік етейік шүкіршілік
Бұдан жаман болғанда қайтер едің, – дегеніне зерделеп қарасақ қаншама ой, мағына, мазмұн жатыр. Ол аз болса осы орақ ауыз, отты тілді классик ақын:
– Аспан келсе алқызыл ғаламаттан,
Сақта мені өсектен, балағаттан.
Татулықтың бәрі де түсініктен,
Тыныштықтың бәрі де қанағаттан, – деп шегелеп тастайды.
Дана халқымыз "Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыз жалғыз атын сойғызады” демей ме?!
Жұрттың бәрі білетін фашистік Германия кезінде көп бейбіт елдерге соғыс жариялады, жазықсыз жандар опа болды, қайғы жұтты. Фашистерге не жетпеді? Сол кезде Германия көп елдерге қарағанда экономикасы жақсы дамыған, халықтың әлеуметтік-тұрмыс¬тық жағдайы жақсы елдердің бірі еді. Тағы бір мысал. Өздеріңіз баспасөзден оқып, біліп жүргендей кейбір шенеуніктерді алайық. Лауазымы, жоғары қызметі бар, жалақысы көп, бірнеше үйі, көлігі, бейнелеп айтқанда, жеті атасына жететін қаражат-мүлкі бар адамдар жемқорлыққа барады, сұғанақтық жасайды, мемлекеттің қазынасына қолын салады. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осының бәрі қанағатсыздық, тойымсыздық.
Менің бір жолдасым бар. Мүмкіндігі болса да коттедж үй салмады. «Жағдайың жақсы ғой, неге үлкен үй салмайсың?» дегендер болды. Соларға айтқан жауабы: «Жалпы мен коттедж емес, одан да көпқабатты үй сала алам, бірақ біріншіден оның соншалықты қажеті жоқ, әрі ондай сән-салтанатта отырсам мен бәрібір бұдан да абыройлы, сыйлы жігіт болмаймын».
Міне, азаматтық, міне қанағат пен шүкір¬шілік.
Өздеріңіз білетін тойларды алайық. Әсіре¬се үйлену тойлары бірінен-бірі өтеді, жатқан жарыс. Мүмкіндігі болса, істей берсін, оған қарсылық жоқ. Біздің айтайын дегеніміз, өздері қоңыр күй кешіп отырып, банктен көп мөлшерде қарыз алып, оны тойға шашып (жұмсап емес), уақыты келгенде өткендегі алған сол қарыз ақшасын өтей алмай, отырған үйін банкке амалсыздан бергенін де көрдік. Бұл не? Бір сөзбен айтқанда, ойсыз, парықсыз бәсеке, не істеп жүргенін өзі де түсінбеу. Басқаша қалай айтуға болады?
Түсінбеушілікпен қалай күресуге болады, бітімгершілікке, келісімге келудің жолы қан¬дай? Бұған жауап беру немесе формуласы мына¬дай деп айту қиын болар. Тек айтпақ ұсынысым бар. Ол – ойға, ақылға салып көру, сол арқылы тек екі жаққа да жақсы тиімді, пайдалы шешім қабылдау.
Неге екенін қайдам, осы мәселеге зиялы қауым өте сирек көңіл бөледі, аз айтылып, аз жазылады. Ал ойлы көзбен, жан-жақты екшеп талдап қарайтын болсақ, бұл – күрделі де, өзекті мәселе.
Сондықтан өзім жарты ғасырға жуық сүйіп оқитын "Сыр бойы” газетіне аз да болса өз пікірімді жаздым. Осы мәселеге бей-жай қарамайтын ойлы оқырман өз сөзін айтар.
Түсінісіп жүрейік адамдар, сонда өміріміз мағыналы-мәнді, сәнді де болады.
Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ,
зейнеткер.