Биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін айрықша жыл. Азаттықтың ширекғасырлық мерекесі барлық отандастарымызға үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі ақиқат. Елін сүйген, жерін сүйген әрбір азамат Отанымыздың ынтымағы мен бірлігін ту етіп ұстай отырып, ел дамуына хал-қадірінше өз үлесін қосуы тиіс. Міне, осы парызды жүзеге асыру барысында алты Алаштың анасы атанған Сыр өңірі тағы да көш басынан көріне білді. Қызылорда облысы соңғы жиырма жыл ішінде болмаған жетістікке қол жеткізіп, күріштен рекордтық өнім алды. Аталған мерейлі еңбек жеңісіне ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ері шыққан Шиелі ауданы ерекше үлес қосты. Аудан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және оны өңдеу барысында барлық салада жоғары көрсеткіш көрсетіп, «Алтын күз – 2016» жеңімпазы атанды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы да аталып өтті. Бұл Елбасының «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарының аймақтағы нақты үлгілі көрінісі десек, жаңылыспаймыз. Мереке барысында озаттар дәріптелді, көпшілік айтыс өнерін тамашалады, ат бәйгесі ұйымдастырылып, палуандар боз кілемде күш сынасты. Өнерпаздар театрландырылған көріністер көрсетті. Астана мен Алматыдан келген өнер шеберлерінің гала-концерті тамашаланды. Әйтеуір, үш күн бойы Сыр аспаны қуаныштан желкілдеп тұрды. Қариядан бата алып, олардың қуаттау сөзінен күш алған ұрпақ емеспіз бе, осы орайда ұзақ жылдар бойы партия-кеңес басқару қызметтерінде болған, бұл күндері 95 жасқа келген ардақты әже Ұлман Мәмірееваның лебізіне құлақ түрдік:
– Бұл Шиеліде талай қызықты күндер, думанды тойлар болған. Алайда биылғы жылғы мерекенің орны ерекше. Өйткені, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жоғары еңбек көрсеткішіне көтерілу халықтың ынтымақты тіршілік жа¬сап жатқандығын білдіреді. Ілгергілер айтқан емес пе, «Бетеге кетсе бел қалар, бектер қалса, ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деп. Сол айтпақшы, еңбектегі табыс – бірлік пен ізденістің жемісі. Барлық саладағы жеңістің бастауы. Сондықтан жаратушымыз осы бақыттан айырмасын. Ел бастаған азаматтарымыз аман болып, биік шыңдарға шығуға жол басшы бола берсін, –деді аналық ақ тілекпен.
– Рас, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері даталы тойға үлкен тарту жасады. Әрине, ынталана еңбек етуге мемлекеттік қолдаудың жол ашқандығын атап айтуымыз керек. Сол бағытты дұрыс пайымдап, тиімді жұмыс ұйымдастыра алғандар табысқа кенелді. Еңбек көрсеткішінің жоғары болуы ауыл адамдарының жұмыспен қамтылуымен қатар, олардың әлеуметтік жағдайларының да өрлеуіне игі әсерін тигізеді. Біз өз тарапымыздан қажетті тетіктерді жетілдіре отырып, жақсы нәтижелер көрсетуге қызмет жасаймыз. Той қарсаңында аудан орталығы барынша сәулеттеніп, бірнеше жаңа ғимарат іске қосылды. М.Шоқай атындағы орталық алаңнан бастап, көптеген нысандар күрделі жөндеуден өткізілді. Ал мәдениет саласында 14 нысанның жаңарғандығы ел рухын көтеру жолындағы қызметіміз. Жалпы атқарылған шаруаларға жеке-жеке тоқталмай-ақ, тұрғындар мен алыстан келген қонақтардың ризашылық танытқанын айтса, жеткілікті деп ойлаймын, – дейді өз сөзінде Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев.
Аудан бойынша жылма-жыл егіс көлемі ұлғайтылып келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2002 жылы аудан бойынша жалпы егін көлемі 22507 гектар болса, ағымдағы жылы аудан диқандары 27957 гектарға егіс екті, яғни, 5450 гектарға өсті. Егілген егістен дәндi дақылдар үлесі 12630 гектар болса, оның ішінде күріш 11150 гектар. Бұл аудандағы жалпы егіс көлемінің 40 пайызын құрайды. Биылғы жылы диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында күріштің әр гектарынан 59,2 центнерден өнім алынды. 2015 жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс, бақша дақылдары барлығы 815 гектарға артық егіліп отыр. Соңғы екі жылда мемлекетіміздің қолдауы ди¬қан¬дарды қанаттандырды. Өткен жылы жекешелендірудің алғашқы жылдары түпкі мақсаты белгісіз, күмәнді инвестордың қармағына түсіп, бүкіл дүние-мүлкінен, жерінен айырылған шаруалардың мәселесі аймақ басшысының табанды талабы арқасында оңынан шешілді.
Егісті сумен қамтамасыз ету толғақты мәселенің бірі еді. Бұл аймақ басшысының дариядағы су деңгейін көтеру құны 1 млрд 600 млн теңге тұратын су тоспасын салу бастамасы арқылы шешімін тапты.
Аудан әкімі алдағы жұмыстар туралы да хабардар етті. Қазіргі таңда, келесі жылғы егінге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Межеленген 600 гектар күздік бидай толық егілді, 5000 гектар сүдігер жырту жуырда аяқталады. 2017 жылы ауылшаруашылық құрылымдары 27000 гектар жерге егін орналастырады. Аудан әкімшілігі шаруашылықтарды ірілендіру барысында жұмыс жүргізуді бастады. Сол секілді өнім өңдеу мәселесін жетілдіру мақсатында ауданда күндік өнімі 60 тоннадан кем емес 2 зауыт салынатын болады. Оларға арнайы жер телімі бекітіліп беріліп, басқа да ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.