Туған жерін түлеткен

Туған жерін түлеткенЕл Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі біздің аймағымыз үшін мерейлі істердің бастауы болды. Атакәсіпті дамытып, егін шаруашылығының өлкемізге тән өзіндік дәстүрін қалыптастырған дала академигі, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы аталып өтті. Шындығында, тарихы кенен, тағылымы терең Сыр елі – талай туымды тұлғалардың тұғыры болған мекен.  Адал еңбегімен, адамгершілік қадір-қасиетімен халқының жүрегінен орын алған осындай азаматтың бірі де бірегейі, соғыс ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов. Еңбегі ерен тұлғаның туғанына 90 жыл толуына орай  Жалағаш ауданында ұлықтау шаралары аталып өтті.
Жалағаш ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген А.Бисеновтің жастық шағы Ұлы Отан соғысының соңғы жылдарына сәйкес келді. Ел қатарлы қолына қару алып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралған жас жігіт елдегі еңбек майданына араласты. Ауыл шаруашылығы саласының алғашқы сатысынан бастап, совхоз директоры қызметіне дейін көтерілген білікті маман табыс биігіне жетті. Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылын түлетіп, Сырдария ауданының сол кездегі "Қазақ ССР-нің 50 жылдығы” атындағы совхоздың тұрмыс-тіршілігін жаңаша сатыға көтерді. "Еңбек ер атандырады” деген аталы сөз ақиқатқа айналып, азаматтың абыройлы еңбегі республика көлемінде ерекше бағаланды. Туған жерін түлеткен қайраткер 1971 жылы Социалистік Еңбек ері атанып, «Алтын Жұлдызды» кеудесіне қадады.
Екі күнге жоспарланған мерекелік  шараның алғашқы күнінде Аққұм ауылында Алдаберген Бисеновтің бюсті ашылып, спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Ал екінші күнгі шара ауылдағы Тайман қари мешітінде рухына құран бағыштаудан басталды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов, Бақберген Досмамбетов, Әбдіжәлел Бәкір, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, "Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев бастаған меймандар А.Бисенов атындағы №38 орта мектепте ашылған музейді тамашалады. 
Ауылдық мәдениет үйіндегі "Еңбегің елдің есінде” атты әдеби композициялық қойылым жырау Бейсенбек Төлеубаевтың еңбегі ерен тұлғаға арнауымен шымылдығын ашты. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов құттықтау сөз сөйлеп, Еңбек ері¬нің тағылымды  өмір жолының бүгінгі ұрпаққа берері мол екенін атап өтті. Келесі сөз кезегін алған қоғам қайраткері, еңбек ардагері  Сәмит Далдабаев абыройлы есімі ел алдында ұлықталып жатқан А.Бисеновтің еңбек жолынан естеліктер айтса, Көкшетау қаласынан арнайы келген Төлеген Қазыбек арнау өлеңін оқып берді. ҚР мәдениет қайраткері, "Құрмет” орденінің иегері Тынышбек Дайрабай, қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі  Итен Қарымсақұлы ағаларымыз кеш мазмұнын арттырған керемет естеліктерін айтып, музейге өз туындыларын табыс етті.
Туған жерін түлеткенЕнді бір сәт Еңбек Ерінің бюсті алдына гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті. Жыр шумақтары арналып, шара қонақтары лебіздерін жеткізді. Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесінің аясында өтіп жатқан аймақтағы игілікті шаралардың барлығы елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, одан әрі өсіп-өркендеуіне негіз болатынын атап өтті. Ер есімін ұлықтау шарасына сонау Ресейдің Мәскеу қаласынан арнайы келіп қатысқан қоғам қайраткері Виталий Брынкин, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Божанова сөз сөйлеп, адал еңбегімен абыройға бөленген А.Бисеновтің адамгершілік, азаматтық болмысын биік бағалады. "Жақсыдан шарапат” дегендей, ауыл орталығының абаттанып, келешек ұрпақтың  кәдесіне асар  келелі істер атқарылғанын атап өтті.
Осыдан кейін қайраткер рухына арнап ас беріліп, оған еліміздің әр аймағынан ат арылтып келген зиялы қауым өкілдері қатысты. 
Туған ауылының төсінде бастау алған абыз азаматты ұлықтау шарасы ат бәйгесімен жалғасын тапты.
Ғ.ӘБІЛДА.
Жалағаш ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2016 г. 1 340 0