Баланың бабы бақшада екені рас. Балабақшада баланы бағып қана қоймайды, тәрбиелейді. «Бала тәрбиесі бесіктен» деген ұлағатты сөз қазір де мәнін жойған жоқ. Балабақшада тәрбиеленген кез келген бала оқуға тез бейімделеді. Қабілет-қарымы да жоғары болады. Ойын ашық жеткізе білетін алғыр болып өседі. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының есігіне қара құлып салынып, балабақша ғимараттары жеке адамдардың меншігіне айналды. Бірақ, көп ұзамай бұл саладағы түйінді мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін таба бастады. Елбасы Үкімет пен жергілікті әкімдерде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беруді 100 пайыз қамту қажеттігіне орай тапсырма берді. Бұл орайда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін кеңейту жұмысы алға қойылды. Сөйтіп, нәтижелі жұмыстар жүзеге аса бастады.
Елімізде 2010-2014 жылдарға «Балапан» мемлекеттік бағдарламасының қабылданып, балабақшалар желісінің жетіспеуіне байланысты жалпы білім беретін мектептер жанында шағын орталықтар ұйымдастырылды. Айта кету керек, біздің облыс республикада алғашқылардың бірі болып, 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 100 пайыз қамтыды.
Облыс бойынша жекеменшік балабақшалар желісі жылдан жылға көбеюде. 2015 жылы 234 жекеменшік балабақша болса, қазіргі таңда облыста 306 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Ол барлық балабақшаның 66 пайызын құрайды. Міне, мұндай жетістіктер егемен елімізге тәуелсіздіктің берген жемісі деуге болады.
Бүгінгі таңда 712 (463 балабақша, 249 шағын орталық) мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, онда 47796 бала тәрбиеленуде. Осы күні 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйыммен қамтылуы 52 пайызды құраса, 3-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы 6,5 пайызға өсіп, қазіргі таңда 100 пайызды құрап отыр. Ашылған 64 мектепке дейінгі ұйымның 63-і балабақша болса, 1-і шағын орталық. Ал оның 62-сі – жекеменшік балабақша.
Қазіргі таңда облыс бойынша 249 шағын орталық жұмыс жасайды, оның 245-і мемлекеттік, 4-і жекеменшік шағын орталық. 2016 - 2017 оқу жылында 20773 бала мектепалды даярлықтан өтуде. Ол барлық 5-6 жастағы балалардың 100 пайызын құрайды. Облыста 13 санаториялық балабақша (Қармақшы ауданында – 2, Қызылорда қаласында – 5, қалған аудандарда 1 санаториялық балабақша) жұмыс жасайды, онда 1158 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 7 арнайы түзету тобында мүмкіндігі шектеулі 65 бала тәрбиеленуде.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.