Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен оны кезең-кезеңімен жүзеге асырудың жолын көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында елдің әлеуметтік ахуалын айтарлықтай жақсартудың межелері көрсетілген. Дамыған уақытқа сай тұрмысқа қажетті таза ауызсу, көгілдір отын, тұрақты электр энергиясы қолжетімді болуы тиіс.
Бұл мақсатта судың сапасы барлық белгі¬ленген санитарлық нормаларға жауап беруі тиіс екендігін, сонымен қатар, жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдалану, сумен қамтудың жаңа желілерін салу кезінде жүйелілік қағи¬датын қолдану керектігі көрсетілген. «2020 жылы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізу қалаларда 100 пайызды құ¬рауы тиіс. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, 80 пайызға же¬туі керек», – делінген еді.
Бағдарламаға сәйкес ауызсу мәселесін шешуді алдыңғы орынға қойған облысы¬мызда 262 елді мекеннің 194-і (былтыр 185), яғни 74 пайызын орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Осылайша аймақ халқының 95 пайызы таза ауыз сумен қамтылды. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш.
Өткен жылы ауылдық су құбыры жүйелерін жаңартуға арналған 13 жобаға 2,4 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 551 шақырым ауылдық су құбырлары қайта құрылып, 4 485 бірлік су өлшегіш құралдары қойылған. Сондай-ақ, баламасыз және оқшау су жүйелерін құруға 2,3 млрд теңге субсидия бөлініп, 300 мыңнан астам халық тұратын 159 ауылдық елді мекенге жеңілдетілген тарифпен ауыз су берілді. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы Талап және «Сырдария» топтық сутартқышы, Шиелі ауданындағы «Жиделі» топтық су торабының құрылысы, елді мекендерді жерасты суына көшіру жобалары жалғасын тапты. Нәтижесінде, «Жиделі» топтық су торабына Шиелі ауданының Алға¬бас және Бидайкөл ауылдары қосылды. Ал, облыс орталығындағы «Қызылжарма» жерасты су кеніші былтырдан бері қаланы толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында былтыр 22 шақырым жаңадан су жүйесі тартылып, 22 жаңа скважина орнатылумен қатар 5 су тоғаны салынды. Қала халқын таза ауыз сумен қамту мақсатында жер қыртысының терең қабатынан су тартатын 57 ұңғыма іске қосылды. Сонымен қатар 4 су жинау қоймасы мен жоғарыға су тартатын 2 бекет жаңғыртылды. Жалпы осы бағыттағы жұмыстардың орындалуына 3 жарым мил¬лиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Қала халқын сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Әзірге облыс тұрғындарының 78 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Судың сапасы бұрынғыға қара¬ғанда 10 есеге артты.
Қала халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы осындай ірі жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде, «Қызылжарма» жерасты су кені арқылы барлығы 98 су ұңғымалары іске қосылды. Тиісінше халыққа берілетін ауыз су көлемі 39 текше метрден 58,2 текше метрге артып, қала халқы толығымен таза, жер асты ауыз суын тұтынуға мүмкіндік алды.
Қазіргі таңда республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыздан астам толық жаңартылған бірден-бір қала Қызылорда қаласы болып табылады.