БАҚ: қорғасыннан – компьютерге, таспадан – сандық жүйеге дейін

БАҚ: қорғасыннан – компьютерге, таспадан – сандық жүйеге дейінТәуелсіздіктің алғашқы жылында облыста облыстық және аудандық газеттер, ашылғанына жыл тола қоймаған жалғыз телеарна болды. Ширек ғасырда бұл көрсеткіш 9 есеге өсті. Қазір аймақта 82 БАҚ жұмыс істейді. Олардың қатарында 4 электронды, 3 ақпараттық агенттік және 75 баспа БАҚ бар.  Тәуелсіздік жылдарында «халықтың үні, тілі һәм құлағы болған бұқаралық ақпарат құралдары аймақтың шежіресін жасауға еңбек сіңірді. Аймақтың ата басылымы – «Сыр бойы» өңірде мемлекеттік бағдарламаларды терең әрі жан-жақты насихаттағаны үшін Президенттің «Алғыс хатына» ие болды. 
Облыста алғашқы тәуелсіз басылымдар пайда болды. Қазір облыстан тарайтын басылымдардың тиражы 200 мыңға жуықтаған. Уақыт талабы мен мерзім міндеттері газет өміріне елеулі өзгерістер алып келді. 1998 жылдан бастап «Сыр бойы» газеті жаңа заман талабына сай офсеттік тәсілге көшті. Интернет жүйесіне қосылып, электронды пошта қызметін пайдалана бастады. Сексен бес жылдан астам шежіресі тарих беттерінде қатталған облыстық «Сыр бойы» газеті әрдайым жаңалықтың алды болуға күш салады.
Жақында ғана 25 жылдық белесін бағындырған «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы осы уақыт ішінде Сыр елінің ақпарат айдыны болуымен бірге, таланттар ұстаханасына айналды. Алғашқы жылдары  тәулігіне 4 сағат эфирге шыққан телеарна бүгінде күніне 14,5 сағат көрерменмен қауышады. «Қоғам» телеарнасы халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін асқан ыждағаттылықпен атқарып келеді.    
Ақпарат құралдарының отаншылдық рухқа қызмет етуі әр кезде де маңызды. Тәуелсіздік жылдарында БАҚ сараптама дүниелерді ұсынумен қатар, кез келген ақпаратты жедел жеткізуге мән беріп отыр. Осы орайда әрбір басылым оқырманға өздерінің электрондық нұсқасын ұсынып келеді.
Соңғы жылдары облыстық және аудандық газеттер бір ұжымға біріктіріліп, «Сыр медиа» ЖШС құрылды. Іргесінде заманауи баспаханасы бар жаңа «Шығармашылық үйі» салынып, басылымдар бір шаңырақ астына жиналды. Жаңа ғимаратқа Темірбек Жүргеновтің есімі берілді.   
Аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары алдағы уақытта оқырман мен көрермен қауымның көңілінен шығарлық дүниелер ұсынуды жалғастырып, тәуелсіздік шежіресін түзуге үлес қоса бермек.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2016 г. 668 0