Бүгінгі таңда еліміздің әлемдік аренада танымал бола түсуі үшін көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Қазақ халқының дәстүрі, мәдениеті және бүгінгі өмірі туралы, табиғи байлығы, экономикалық күш-қуаты жөнінде халықаралық басылымдарда мақалалар жарияланып, бейнероликер көрсетілуде. Халықаралық конференциялар, форумдар және басқа да имидждік шаралар ұйымдастырылуда, оның ішінде ең ірісі, күн өткен сайын жақындап келе жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесі де бар.
Статистика көрсетілгендей, жоғарыда жасалған жмыстардың пайдасы тиюде. Соңғы жылдары Қазақстанға келіп жатқан инвестиция айтарлықтай ұлғайды. Инвестиция тартудағы басты мақсат – ел экономикасын, оның ең маңызды салалары – өндірістік, мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Оның нәтижесінде халықтың өмір сүру деңгейі көтеріледі. Соңғы бес жылда жыл сайын Қазақстанға 20 млрд доллар шамасында инвестиция тартылып келді. Соңғы он жылда шамамен 215 млрд доллардай инвестиция құйылған. 2015 жылдың өзінде жалпы құны 6 млрд доллардан асатын 124 инвестициялық құжаттарға қол қойылды. Негізгі бес инвес¬тор мемлекеттер тізіміндегілер Нидерланды, АҚШ, Швейцария, ҚХР және Франция. Бүгінгі таңда Қа¬зақстанда өңдеу саласында 140-тан астам шетелдік инвесторлар жұмыс жүргізуде. Олардың күшімен жалпы құны 6 млрд доллар шамасындағы 150-дей жоба жүзеге асырылып, 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
«ЭКСПО» елордасы – Астанада өтетін болғанымен, оның әсері барша Қазақстанның өңірлеріне сезілуі керек. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы. Елбасы осы мәселені де сынға алғаны есте. «Көрме – Қазақстанды, еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсететін басты жоба. Демек, «ЭКСПО» қонақтарын қарсы алуға Астана ғана емес, Қазақстанның қайталанбас қолтаңбасы бар өңірлері де дайын болуы тиіс 2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің жос¬парына Сыр бойының туристік аймақ ретінде қосылуы, әрине, облысымыздың шет елдерге кеңінен танылуына септігін тигізері сөзсіз.
Туризм – қазіргі экономиканың қызықты да пайдалы салаларының бірі. Ол тұрғын¬дардың тұрмыстық ахуалын жақсар¬тады, қор¬шаған ортаны және халықтың мәдени жағ¬дайын ұлғайтуға көмектеседі. Туризмді да¬мыту экономиканың мынадай түрлерін өрістетуге ықпал етеді – транспорт, байланыс, сауда, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ха¬лық тұтынатын тауарларды өндіру және эко¬номиканың перспективалық бағытын құрайды. Ол үшін туристер ағынын жолға қоя білу керек болады. Оның бір жолы туристік бренд қалыптастыру.
Бренд деген не? Сауда маркасы ма? Керемет тауар немесе қызмет пе? Өзгеше технология ма? Қазiргi кезде бренд болып табылмайтындарды тiзiп шығу әлдеқайда жеңiл. Олай дейтін себебіміз, барлық әлемдiк дiндер мен секталар, көркемсурет пен музыка, қалалар мен елдер адамдар арасындағы қарым-қатынас, адамдардың өзi, телебағдарламалар мен телеарналар уақыттар мен халықтар – осының бәрi бренд болып табылады. Брендке нақтылы анықтама беру өте күрделi. Өйткенi тауар, қызмет көрсету, бiрдеңемен шұғылдану, өмiр сүру деңгейi, басқа да көптеген нәрселердiң бәрi бренд болып табылады.
Кез келген тауар белгілі бренд бола бермейді, ол үшін тауар нарықта беделге ие болып, өнім жоғары сапасымен тұтыну¬шылардың сеніміне кіруі қажет. Бренд құру үлкен шығынды талап етеді. Дегенмен, туристік бренд – туристер ағымын тартатын сол аймақтың әйгілі табиғи, мәдени-тарихи нысаны не кешені бола алады.
Елімізде «Сыр – Алаштың анасы», «Сыр елі – жыр елі», «Ырысты, күрішті – Қызылорда», «Сырда тұнық Сырдария» секілді түсініктер Сыр өңірінің ерекшеліктерін таны¬татыны анық. Сол себепті Сыр елінің негізгі брендтері деп нені атай аламыз және аймақ имиджін танытушылар деген сұрақтың туын¬дайтындығы да сөзсіз. Қызылорда деген¬де қазақстандықтар үшін ең басты есіне түсетіні – күріш. Оның сапалық белгісін тек Қазақстан Республикасында ғана емес, жақын және алыс шет ел мемлекеттерінде мойындалған. Бұрындары бүкіл Кеңестер мем¬лекетін таңқалдырған Сырдың дәмі тіл үйіретін қара, сары қауындары мен балығы. Ғылыми-техникалық прогрестің белгісі – алғашқы жер серігінің ұшуы, адамзат тарихында тұңғыш рет адамның ғарышқа аттануы, ғарыш саяхатшысының тұңғыш сапары өткен «Байқоңыр» ғарыш айлағын атап кете аламыз. Күллі түркі халықтарының ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі саналатын «Қорқыт ата» ескерткішінің де орны ерекше. Сыр елінің әлем¬ге танымал жыраулық өнерін де айта аламыз.
Қармақшы ауданы Сыр өңірінің екі бренді «Ғарыш айлағы» және түркі халықтарының абызы, ойшыл данасы Қорқыт ата мекені болып табылады «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен «Қорқыт» кешені – Қызылорданың бренді. Бұл нысандар сондай-ақ, Халықаралық «EXPO-2017» көрмесінде Қазақстанның айтулы да айшықты орны ретінде паш етілмек.
ЭКСПО көрмесіне келушілердің 85 пайызы өз отандастарымыз болады екен. Ал шетелдік туристер тек Астанадағы көрме павильондарында ғана болмайды, олардың бір бөлігі әртүрлі бағыттарда еліміздің өзге өңірлеріне барады. Оған өзіміздің Сыр өңірі де әзірліктер жасап жатыр. Ел қонақтары Байқоңырға, Қорқыт баба кесенесіне, Қамбаштағы тынығу жағажайына келіп қалуы мүмкін. Облыстың солтүстік-батысында экотуризм саласы қарыштап даму үстінде. Қазірдің өзінде Қамбаш көліне келіп, суға шомылып, демалушылар қатары көршілес облыстардың ғана емес, сонымен қатар, Ресей туристерімен толығуы бұл істің болашағы жарқын екендігін дәлелдейтіндей.
Осы орайда қазақтың қаймағы түзілген өңірде біз барлық ұлттық салт-дәстүрмен, қазақы қонақжайлылығымызбен күтіп, шығарып салуға дайын болуымыз қажет. Қазақтардың қандай халық екендігін осы жерден жақсы танып, әдемі әсерде кетуі керек. Оған Сыр елі халқының мүмкіндіктері мол деп есептейміз. Шетелдіктерді барынша ұлттық нақыштағы кез келген сыйлықтар, құндылықтар, зергерлік бұйымдар қызықтырады. Солардан әйтеуір бір зат алып кеткісі келіп тұрады. Түйеге мініп суретке түсу, атсейістерін тамашалау, бүркітпен аң аулау, қазақтың ас мәзірлері –қазы, қарта, бауырсақ, құрт, жент, шұбат ішіп-жеу тартымдылығы, қазақтың түйе палуандарының белдесулерін көру, күміс көмей әншілерін тыңдау, алтыбақан тебу секілді ойындарына қатысу арман да болуы мүмкін. Түрлі ұлттық сувенирлер, домбыра, қобыз жасайтын шиелілік шеберлердің де қолдары осындай тұста жүретіні анық. Жоғарыда аталған дүниелердің арасынан Сыр елінің бренді деп атауға жарайтындары айшықталатын болады.
«ЭКСПО» көрмесі аяқталғаннан кейін де өмір тоқтап қалмайды. 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасына сәйкес елге келетін және ішкі туризмді одан әрі дамытуға бағытталған туризм инфрақұрылымын құру бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Туристік кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін табиғаттың көрікті жерлері мен тарихи-мәдени мұралар нысандарына апаратын автомобиль жолдарын жөндеу және қайта жаңарту, қазіргі бар теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, қазіргі бар әуежайларды жаңғырту және жаңаларын салу, шағын авиацияны дамыту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ, қазірде басталып кеткен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылуда. Көптеген жұмыс орындарын құру мүмкіндігі туристік инфрақұрылымды дамытудың негізгі артықшылығы болып табылады. Осы реттте сарапшылардың туризмде бір жұмыс орнын ашуға кететін шығын өнеркәсіптегіге қарағанда 10 есе аз кететіні туралы айтатынын еске сала кеткіміз келеді.
Ішкі туризмді дамытуда көрші облыстар тәжірибелерін де пайдаланған артықтық етпейді. Сыр өңірінің тартымды аймақтары туралы бейнероликтер түсіріп, жарнамалық материалдар жазып, басқа облыстар телеарналары мен басылымдарында насихаттауды жүзеге асыра берген дұрыс болар еді.
Ы.ТӘЖІҰЛЫ.