Халқына тас қамалдай қорған болған Тұрсынбай би, датқа һәм батыр

Халқына тас қамалдай қорған болған Тұрсынбай би, датқа һәм батырАлашымыздың арыстары айқын аңдатқандай, егер ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан шықпақ?! Бұл тұрғыдан келгенде, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік таңының атуымен бірге тарихтағы ақтаңдақтарымыздың орны толып, өткен дәуірлерде өнегелі өмір сүріп, халқына қалтқысыз қызмет еткен баһадүр бабалардың ерен еңбектері еленіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз қайта жанғандай келісімді керімсал күй кешіп жатқанымызға шүкіршілік еткендейміз. Егемендігіміздің биылғы 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өңіріміздің және Астана, Алматы қалаларының бір топ ғалымдары мен қаламгерлері облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың атына осы мазмұндас арнайы хат жолдап, өтініш білдірген болатын. Онда Сыр бойының орта және төменгі ағысын ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Қоқан, Хиуа хандықтары басып алып билеген, Ресей отарлаушыларының батыстағы, Арқадағы қазақ жерлерін жаулап тажалдай төніп келе жатқан қатерлі, қиын кезеңде халқына аға да, пана да, көптің қамын ойлаған дана да болған Тұрсынбай би, датқа сынды қаһарман қайраткерді ел есінде қалдырып, ұлықтаудың қажеттілігі хақында сөз қозғалған еді.
Ұсыныс жауапсыз қалмады, тиісті лауазымды тұлғалар мен идеология, ғылым, мәдениет салаларына көтерілген тақырып бойынша нақтылы жүктемелер, өтінімдер жолдаудың нәтижесінде көптен күтілген ілкімді іс жанданып жүре берді. Ең алдымен облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қоры «Тұрсынбай датқа» (тарихи-деректі хикаяттар) атты кітап бойынша танымдық конференция өткізуді осы айдың 4 жұлдызына жоспарлап отыр. Онда республикалық және Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары, зерттеушілер, жазушы-журналистер баяндамалар жасап, сөз сөйлейді деп күтілуде.
Жалпы біздің жергілікті «Полиграфия Баспа үйі» баспасынан жарық көрген бұл тұжырымды жинақ Тұрсынбай датқаның өмір жолын зерттеп жазылған тұңғыш, үлкен, ауқымды әрі құнды дүние болып табылады. Мұнда Тұрсынбай би туралы мұрағаттық һәм мұражайлық тарихи-зерттеу жазбалармен әдебиеттер, өзге де деректермен толықтырылып, тақырыпқа сай қайта мазмұндалып жазылған. Елеулі еңбекте би бабаның ел аузындағы айтылып жүрген аңыз әнгімелер, көркем әдеби және ғылыми шығармаларда ішінара қамтылған жайттар (Ә.Қоңыратбаев, О.Сәрсенбай), әр дәуірде бас¬па және баспасөз бетінде жарияланған мақалалар (Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, Қ.Қоңыратбаев, Ә.Бәкір, Д.Дайрабай, М.Әміреев, Қ.Маханбет, т.б.) негізінде қайраткерлік қызметі көрініс тауып, тұғырлы тұлғаның бейнесі айшықтала түскен. Енді аз-кем кітап кейіпкерінің өмірлік баянына кезек берелік.
...Тұрсынбай Бүркітбайұлы – ХІХ ғасырда Сыр бойының орта ағысында өмір сүрген, қарым-қабілетімен, ақыл-ойының сұңғылалығымен, қайтпас қайсар өр мінезімен және басшылық дарынымен көпке танымал болған қайраткер. Айтулы тұлға 1798 жылы қа¬зіргі Шиелі, Сырдария аудандарына қарасты Ботабай, Тартоғай аумағында дүние есігін ашқан. Ата-анасы қазақтың кәдуілгі мал баққан қарапайым шаруа адамдары болған. Жаратылысынан еті тірі, ширақ, пайым-парасаты мен табиғи күш-қуаты ерен, сөзге жүйрік жас жігіт өз қатарынан оқ бойы озған азаматтық белсенділігімен ерте көзге түседі. Тым-ақ балаң кезінде басқыншы Қоқан хандығының билеуші элитасының сеніміне кіріп, сұлтандардың санатына қосылып, сол мемлекеттегі төртінші жоғарғы билік лауазымы – датқа атағын алады. 
Ал, біздің қазақ қоғамы оны би сипатында таниды. Өзінің өмірлік белсенді қайраткерлік қызметімен, жаратылысынан дара туған өр мінезі, ақыл-ойының жүйріктігімен, үздік шешендік үлгісімен және әділдігімен, мәмілегерлік қалпымен танылған Тұрсынбай Бүркітбайұлы біздің қазақ қоғамының бірауызды ортақ ұйғарымымен мәртебелі би атағын алады. Бұл ханның жарлығымен немесе үлкен ұлықтың бұйрығымен берілетін шенді лауазым емес-ті. Сайланбалы ресми қызмет, атақ, дәреже де емес. Бұл Құдайдың бір аты – халықтың өзінің соған лайықты тұлғаға қабілет-қарымына, ой-өресінің биіктігіне, өмірді сана көзімен оқып білетін және сөз өнерін жете меңгерген қасиетіне қарай жалпы бұқараның  мойындауымен ғана арнайы бағышталатын ең жоғары атақ, танымалдық болатын. 
Кейіннен Ақмешітті жаулап алған әлеуетті Ресейдің Александр ІІ патшасы 1859 жылы біздің қазақ ұлтының  сол тұстағы беткеұстар бір шоқ зайырлы, жақсы жай¬саңдарымен бірге империя астанасы – Петерборға өзінің жеке салтанатты қабылдауына шақырып, зауряд-хорунжий (жорықтағы офицерлік шен) атағымен бірге иыққа тағатын Станислав лентасымен марапаттаған. 
Оңтүстік қазақ жерін әуелде Қоқан, Хиуа хандықтары басып алып, соңынан орыс отарлаушылары толайымен өздеріне қаратқан қиын-қыстау, тағдыр-талайымыз таразы басына түскен аласапыран кез еді бұл. Өз жерімізді өзіміз билеу құқығынан айырылып, жеке-дара хандық билігіміз әлдеқашан жойылған. Мұны сыртқы басқыншы, отарлаушы озбыр да өктем күштердің ықпалынан орын алды десек те, бұған сол кездегі қазақ қоғамының өз ішінде ынтымағының ыдырауының, алауыздықтың, бытыраңқылық салдарының да салқыны тигендігі де шындықтың ауылынан алыс емес.
Осынау тар жол, тайғақ кешулі қатерлі шақта ел ерге қарады, намысшыл, қанына қызған атпал азаматтарының қауқарына, қабілетіне, қаһармандық қарымына үміт артты, сенді, соларға арқа сүйеді. Міне, осы екіталай дүрбелең сәтте қалың елі, қазағы – қайран жұртына қамқор болған өр тұлғалар тарих сахнасына белсеніп шықты. Солардың бірі – Тұрсынбай датқа, би. 
Елі үшін туған есіл ер тұтастай жарты ғасырға жуық ат үстінен түспей, күллі саналы ғұмырын жұртының амандығын, іргесінің бүтіндігін, тыныштығын және жерінің тұтастығын сақтауға аяусыз сарп етеді. Қаскөй қоқандықтармен, озбыр орыс отаршылдарымен айла-шарғы, өре таластырып, ер қайратын да, мәмілегершілік мәулетін де ептілікпен еңсере жұмсап, халқы үшін қайтпас қабыландай арпалысып бағады. Ауыртпалығы мол сынақ, сындарлы жолда алуан қырлы соқтықпалы-соқпақты сораптар мен қауіпті өткелдерден өтіп, қыл аяғында қас дұшпанның сұрқиялығынан қайғылы қаза¬ға ұшырайды. Бұл 1863 жыл болатын. Асыл арыстың сүйегі қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне қойылған. Бүгінде Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының осы кесенеде жерленген тарихи тұлғалардың тізімінде қыпшақ Тұрсынбай датқаның есімі де енгізіліп тұр.
Біздің білетініміз, Тұрсынбай датқа Қоқан ханы және оның Ташкендегі беклербегі, мынау Түркістандағы бегімен де қарым-қатынасының көбіне-көп оң сипатта, мүмкін болғанынша өзара сыйластықта қалыптасуының арқасында датқаның қол астындағы елі шап¬қын¬шылық¬тан, шектен шыққан қорлық-зорлықтан аулақ болып, жұрты тыныш тіршілік кешкен.
Тұрсынбай би, датқа, орыс билігіндегі зауряд-хорунжий лауазым – шенінде де тиісті деңгейінде туған елінің амандығын, тыныштығын, шаруашылығын қорғап, ауыртпалығын жеңіл¬детуге бар ғұмырын арнаған. Қарадан шығып хан болғандай бұл жаратылысы ерекше жан расында қара шекпенді, қарапайым шаруа табынан тамыр тартып, үздіксіз үрдісті үдерістер үдесінде үлкен  мемлекеттік істерге араласты. Жатжұрттықтардың өздері сан мәрте мойындағандай, бұл ретте ол түрлі ақыл-ой жемісінің жетістіктерін, амалдарды, айланы, мәмілегерлік тәсілдерді шебер қолдана білді. Қарау¬ындағы жұртына барынша қайырымдылық көрсетіп, алыс-жақынды болжай білген Тұрсынбай атамыздың өз аумағындағы ауылдардың ауқатты, бейбіт, тыныш өмір сүруін қамтамасыз ете алғандығын сол кездегі Ресей шенеуніктерінің ресми хаттары айғақтайды. (мұрағаттық дәйектеме материалдар бар).
Бұдан бөлек, қазақтың соңғы ханы Кенесары жан-жақтан қыспаққа ұшырағанда ашу-ызамен Сыр бойының өзіне көмектеспеген 20 ауылын шапқаны белгілі. Ал осы орайда тапқырлық танытқан Тұрсынбай датқа Бала би, Досбол шешен, Торғай датқалармен бірге Кене ханның алдынан өтіп, 50 бас жылқыны сыйға тартып, өзге де көмегін көрсетіп, оның есесіне жанды да, малды да аман алып қалғандығы өз алдына бір бөлек ерлік. 
Тұрсынбай датқа ауыр тұрмыс тауқыметінен теперіш көріп, Арқадан ауа көшіп келген 60 үй арғын ағайынға Сыр өңірінің Ақмешіт төңірегінен жер телімін бөліп беріп, ашаршылықтан аман сақтап қалғаны үлкен азаматтықтың айқын айғағы. Қазір олардың ұрпақтары осынау құтты қонысты тұрақты атажұртқа айналдырып, өркен жайып, өсіп-өніп отыр. 
Ия, жақсыда жаттық жоқ деген. Тұрсынбай би өз заманында биік саялы бәйтеректей көп адамдарға көлеңкесін түсірген. Мәселен, ол кіші жүздің Бекбау атты жігітін жаугершілікте жараланып қарауына келген тұста қамқорлығына алып, баласындай көріп, жанашырлық танытады. Сандыбай деген қыпшақ биінің Ақмаңдай есімді қызын құда түсіп алып беріп, өз қолымен үй қылып қондырады. Кейіннен еншісін бөліп беріп еліне қайтарады. Міне, сол Бекбау атадан өрген ұрпақ бүгінде бір қауым елге айналып отыр. Оның ішінде бүкіл аймағымызға, күллі елімізге танымал Бименді мен Қожахмет Баймаханов сынды тұлғалар өсіп шыққан. 
Көзі ашық, көкірегі ояу Тұрсынбай би қарауындағы халқын ілім, білімге баулып, имандылыққа ұйытуды мақсат тұтқан. Бұл ретте 300 шәкірт дәріс алатын медресе салдырып,  мешіт үйін тұрғызған. Жасампаз тұлғаның өзге де өзекті қайраткерлік қызметі тереңдеп зерттей түсуді қажет етеді. Аталған бағытта алғашқы құптарлық қадамдардың жасала бастағаны қуантады.         
Иә, ел ағасы болған, еселі де екпінді еңбегімен артында ізгі із, қандастарының жадында игі жақсы атын қалдырған тарихи дара тұлға Т.Бүркітбайұлының ғұмырдерегі еліміз егемендік алған кезеңнен зерттеле бастады. Бәрінен де толағай тұлға туралы жоғарыда аталған жаңа кітаптың дүниеге келуі атаның халқы үшін жасаған қарымды қызметін зерттеу жолындағы ізденістердің елеулі белесі, әрі болашақ ізденістердің жолашары болатындығына сенгіміз келеді.
Әсіресе, бұл ретте жинақта Тұрсынбай би, датқа атамыздың өмір сүрген дәуірі, тіршілік кешкен ортасы, сол замандағы саяси-әлеуметтік жағдайлар, өз заманында тағдырлас әм құлықтас, туыстас болған тұлғалар туралы дәйттеп жазылғандығы көп жайттен хабардар еткендей. Жалпы қазақ жұртының сол тұстағы тыныс тіршілігі нендей еді? Міне, осы аталған салалас сауалдарға, тиісті сұрақтарға тұжырымды жауап табуға мейлінше талпыныстар жасалды. Сол арқылы Тұрсынбай бабамыздың да қайраткерлік қырлары ашыла түсіп, адамгершілік, азаматтық, тұлғалық бейнесі айқындалып, биіктей берген тәрізді.        
Осыдан соң тарихи-танымдық еңбек біздің Тұрсынбай би, датқа бабамыздың қазіргі бақуат ағайын-ақсақалдарының айтқан қосымша пікір, ескертпе, қосымшалары ескерілгеннен кейін баспа бетін көріп отырғандығы құптарлық. Қазақ – өзінің даңқты ұлдарын ұмытпайтын халық. Сондықтан қайраткер бабамыздың есімін одан әрі ұлықтап, ілкімді істерін індете зерттеп, өрелі өнегесін насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспек емес. 
Осы орайда қазіргі таңда облысымызда белсенді шараларды жүзеге асырып, туған елі мен жерінің мүддесі үшін асыл басын қатерге тігіп, аяулы ғұмырын құрбандыққа шалып, жан аямай қызмет еткен Тұрсынбай би бабаның аруағын ұлықтап, өнегелі ісін көпке үлгі ету шараларының бастау алғандығы ақжолтай жаңалық. Үлгілі үдерісті үрдіс үдей түссе екен дейміз. Қажетті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көпшілік атса¬лысатын танымдық жиын, конференциялар өткізіліп, атаның өмірлік өнегесі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа кеңінен насихатталып, таныла берсе, нұр үстіне нұр. 
Қуаныш МАХАНБЕТ,
ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның  Баспа және полиграфия ісінің қайраткері.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2016 г. 1 485 0