Жаңақорған ауданында науқанды жұмыстардың қорытындысы бойынша «Алтын дән-2016» мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы орталық алаңда ұйымдастырылған шара барынша тартымдылығымен тұрғындарды тәнті етті.
Мерекені қызықтаушылар әуелі, Жаңақорған кентінің Амангелді Иманов атындағы көше бойына қойылған ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесін тамашалап, сапасы мен бағасына мән берісті. Аудан әкімі Ғалым Әміреев жәрмеңкені аралай жүріп, ауыл-ауылдардан жәрмеңкеге өздері өндірген өнімдерін алып келген шаруалармен сөйлесті, еңбек етулерінің қыр-сырларымен бөлісті. Бұл – бір жағы мереке болса, екінші аудан тұрғындарын ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етудің өзіндік жолы. Әйтеуір, сатушы да, сатып алушы да риза кейіпте аттанып жатты. Мәселен, Қосүйеңкі ауылынан келген Райымбек Әлімбетов 3 гектар жерге пияз егіп, одан 80 тонна өнім алыпты. Пиязының әр қабын 800 теңгеден саудалады. Бұл сонда оның әр келісі 25 теңгеден келді деген сөз. Ал Бесарық ауылындағы «Тату агро» шаруашылығы тұтынушыларға арзан бағада қияр ұсынды. Сондай-ақ, осындағы цехтың өндірген түрлі жеміс шырыны тез саудаланды.
Мерекелік шара өз кезегінде орталық алаңдағы концерттік бағдарламаға ұласты. Жиын барысында Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев сөз алып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады: – Ауыл еңбеккерлерінің жаз бойғы еткен еңбегі мен терінің өтемі оның өнімділігімен бағаланса, көптеген дақылдар бойынша жоғары өнім алынды. Ауданның әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосып жүрген сала озаттары «Алғыс хатпен» марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Олардың қатарында ауылшаруашылық жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, жақсы жетістікке жеткен Аққорған ауылдық округінің әкімі Сардар Садықов аталды. Озат күріш өсіруші аталымына Келінтөбе ауылдық округіндегі ҒӨ «Агротехнология» шаруа қожалығының звено жеткшісі Мұхтархан Барышев, Қожакент ауылынан озат бидай өсіруші Досқожа Досанов және «Маржан» шаруа қожалығының жоңышқа өсірушісі Құрманғазы Ақбалаевтар бар.
Осы күні жаз әлетінде Жаңақорған туралы әндер байқауының жеңімпаздарына да арнайы сыйлықтар табысталды. Қазылардың шешімі бойынша бас жүлде 500 000 теңгенің сертификатын жаңақорғандық сазгер Уәлибек Ибрагимов жеңіп алды. Бірінші жүлдеге Алматы қаласынан ән жолдаған Дүйсенхан Сыздықов ие болды. Бұл екі әннің де сөзін белгілі ақын Адырбек Сопыбеков жазған екен. Сол секілді өзге де үздік шыққан ән авторларына бағалы сыйлықтар табысталды.
Мереке күні аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сахналық көріністер қойып, орталық алаңды ән мен күйдің шаттығына бөледі. Еңбек шарасы барысында спортшылар спорттың әр түрінен бәсекеге түсіп, мерекенің сәнін кіргізді. Сондай-ақ, орталық алаңда еңбек ардагерлеріне арнайы мерекелік дастархан жайылып, киіз үйлер тігілді.
***
Өткен сенбіде дәстүр бойынша Сырдария және Жалағаш аудандарында «Алтын дән - 2016» мерекелік іс-шаралары өтті.
Биыл сырдариялық диқандар қамбаны қызылға толтырып, дәстүрлі егін жинау қорытындысында облыс бойынша ерекше құрметке ие болды. Егін шаруашылығында озат аудан атанған олар ауыл шаруашылығы саласы бойынша қатарынан екі жыл «Үздік аудан» атанды.
Бүгінде аудан диқандары егіннің бітік шығуын қамтамасыз етіп, гектарына 56,7 центнерден орташа өнім алып, 104214,3 центнер астықты қамбаға құйды.
Ауыл шаруашылығы саласының жылдық көрсеткіштерін қорытындылауға арналған салтанатты жиында аудан әкімі Ғанибек Қазантаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белеске шығып отырғанын атап өтті. Толағай табысқа жеткен аудан халқын мерейлі мерекесімен құттықтап, диқандардың серпінді тірлігіне ықыласын білдірді.
Мерекелік салтанатта Сыр салысын күтіп-баптауда мол тәжірибесі бар, сол арқылы зор жетістікке жеткен озат шаруашылықтар мен сала үздіктері марапат тұғырынан көрінді. Оларға бағалы сыйлықтар табысталып, аудан әкімінің «Алғыс хаты» берілді. Осындай еңбек озаттарының құрметіне арнап Қазақстанның эстрада жұлдызы Алтынай Жорабаева және облыс өнерпаздары әннен шашу шашты. Шара барысында арнайы тігілген ондаған киіз үйлерде еңбек озаттарына ақ дастарқан жайылып, сый-құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, ауылшаруашылық құрылымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына өз өнімдерін арзан бағада ұсынды.
Осы күні Жалағаш ауданының егінші-механизаторларының мерейін тасытқан «Алтын дән» мерекесі де тойланды. Шараға орай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда күнделікті тұтынатын өнімдер базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада шығарылды.
Орталық алаңдағы сахнада мәдениет үйі көркемөнерпаздарының мерекелік бағдарламасы көпшіліктің көңілін қуанышқа кенелтті. Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев дәстүрлі «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, диқандардың еңбегін құрметпен атап өтті. Ала жаздай аттан түспей, ел ырысын еселеп, адал еңбегінің абыройына бөленген азаматтарды салтанатты түрде құттықтап, оларға лайықты марапаттауларды, бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Осылайша қос ауданда өткен «Алтын дән» мерекесі жоғары деңгейде өтіп, күріштен тау тұрғызған диқандар алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, ел ырысын еселей беретініне уәде берді.
Айтулы мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария, Жалағаш аудандары.