ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында қазақтар өздерінің балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберді. Қазақ жастарының елеулі бөлігінің заң факультеттерін таңдауы тегін емес болатын. Көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов университеттерінде оқыды. Мәселен, М.Шоқай мен А. Тұрлыбаев Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Ал Ә.Бөкейхан Санкт-Петербург Орман институтын, С. Асфендияров әскери медицина академиясын, Ж. Досмұхамедовтер де заң факультеттерін бітірді. Сөйтіп екі ғасырдың тоғысында Ресейдің түрлі қалаларында 700-ге жуық қазақ жастары білім алған болса, олар туған халқын отаршылдықтың буғауынан құтқару үшін, Ресейдегі түрлі ағымдардың қызметіне араласып, тәжірибе жинақтады. Бұл – бірақ өткен тарих. Ал қазіргі заман тіпті басқаша.
Жас мемлекет Қазақстанды егемен ел атанғалы әлем таныды. Бүгінде сол тәуелсіз еліміздің 25 жылында жеткен жетістіктері, жарқын белестері халықтың көз алдында. Бұл жылдар ішінде еліміздің білім беру саласында да көптеген реформалар іске асырылып, ол өз нәтижесін де көрсетті. Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасымен алыс және жақын шетелде қазақстандық жастар білім алып, тәжірибе алмасып, озық дүниелерді игеріп, оны ел игілігіне пайдалануда.
Біздің Сыр елінің жастары да 2014 жылдан бері облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының университеттері арасында қол қойылған ынтымақтастық меморандумына сәйкес Ресейдің ЖОО-ларында білім алуға мүмкіндік алды. Мәселен, алғашқы жылы облыс бойынша Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне (МИМиС) – 82 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өсімдік полимерлері технологиялық университетіне 24 бала ресейдің тағайындаған гранттарын жеңіп алды. Жерлестеріміздің басым бөлігі металлургия, нанотехнология секілді мамандықтарды таңдады. Бұл да себепсіз емес. Өйткені аймақта металлургия саласын дамыту қолға алынып жатқаны белгілі. Ал бұл саланы дамыту үшін мамандар керек. Ресейге оқуға түскен өзіміздің балалар аталған саланы жандандыруға жігерлене кірісетін болады.
2015 жылы Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетіне – 97 бала, аталған университеттің Орынбор қаласындағы филиалға – 20 бала, Мәскеу қаласындағы К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне – 54 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өсімдік полимерлері технологиялық университетіне 33 бала Ресей Федерациясы бюджеті есебінен оқуға түсті.
2016 жылы 110 түлек Ресей Федерациясының білім грантын иеленді. Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне – 23, Мәскеу қаласындағы К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясына – 44, Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетіне 43 түлек оқуға қабылданды.
Қазіргі таңда жалпы 390 сырбойылық түлек Ресей Федерациясының ЖОО-ларында білім алуда. Бұл жастарымыздың ендігі бірер жылда аймақ дамуына өздерінің зор үлестерін қосатыны анық.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.