Тарихты толғаған тәуелсіздік аллеясы

Тарихты толғаған тәуелсіздік аллеясыӨткен аптаның соңында Қазалы ауданында ұлан-асыр той болды. Тағылымға толы той. Халық ұлыларын ұлықтады. Тарихқа тағзым жасады. «Тәуелсіздікке тәубе» десті. Қазалы жұртының қуанышына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ортақтасты.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған екі күндік шаралар легі Жалаңтөс баһадүрге, Бегім анаға, Асандар көтерілісінің құрбандарына арналған «Тәуелсіздік тағылымдары және мәңгілік ел мұраты» атты ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Оны аудан әкімі Нажмадин Шамұратов ашып, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мерекеге орай лебіз білдірді. Баяндама жасаған ғалымдар тарихтан сыр тарта отырып, тұлғалардың тарихтағы орны туралы айтты. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов «Мәңгілік ел» идеясы – Қазақстан жолы мен жасампаздықтың интеллектуалды формуласы», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессоры Бағдат Кәрібозұлы «Бегім ананың тарихи тұлғасы: тағылым мен тәрбие», ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Жалаңтөс баһадүр және ХVІІ ғасырдағы қазақ тарихының мәселелері», тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов «Қазалы (Асандар) көтерілісі: тарихы мен тағылымы» тақырыптарында баяндама жасады.
Ханкелді Әбжанов «Мәңгілік ел» тіркесін идея, манифест дегеннен гөрі ауқымды түрде тұжырымдама деп атауды және оған конституциялық мәртебе беруді ұсынды. Нау¬рызбай Байқадамов Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру, алым-салық, мал жинау саясатына қарсы бас көтеруге әртүрлі ру өкілдерінің қатысқанын ескеріп, «Асандар көтерілісі» дегеннен «Қазалы көтерілісі» деп атау орынды екенін жеткізді. Бағдат Кәрібозұлы: «Тұлғатану – ұлт танудың төте жолы. Өйткені тұлғаның бойында ұлтқа тән қасиеттер түгелімен болады», - деді. Конференцияда, сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбай, республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары Нұрперзент Домбай, тарихшы, ардагер-ұстаз Гүларша Құсайынқызы және тағы басқа ғалымдар ой-пікірлерімен бөлісті. 
Сенбі күні түс ауа қазалылық ағайын жыр додасына жиналды. Жүрсін Ерман жүргізген «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» атты айтыста бес жұптың ішінен кестелі сөз, орамды ой айта білгендер екінші айналымға шығып, үздіктердің үздігі сол жерде анықталды. Нәтижесінде бас жүлдеге тігілген темір тұлпарды павлодарлық Аспанбек Шұғатаев тізгіндеді. Бірінші орынды – қызылордалық Мұхтар Ниязов, екінші орынды – астаналық Сырым Әділбеков, үшінші орынды тараздық Рай Дөңбай иеленіп, оларға ақшалай сый-сияпат көрсетілді. Аудан әкімі Нажмадин Шамұратов елдік пен ерлікті жырлап, қазақ жырының мәртебесін көтергені үшін ақындарға ризашылығын білдірді.
29 қазан – Комсомолдың құрылған күні. Ресми мәртебесі болмаса да, осы күнді қазалылықтар Орталық Азия мен Қазақстандағы жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Жастар одағының жетекшісі әрі алғашқы комсомол Ғани Мұратбаев есімімен байланыстыра отырып қайта жаңғыртты. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов аймағымызда жастар саясатын жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айта келе, сол кездердегі комсомол комитеттерінің хатшыларын Ғани Мұратбаевтың 114 жылдығына арналған мерекелік төсбелгімен марапаттады. Салтанатты шарада Ғани Мұратбаев атындағы облыстық жастар сыйлығының алғашқы иегерлері анықталды. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында байқау жеңімпаздарына төсбелгі, ақшалай және естелік сыйлықтарды комсомол комитеттерін басқарған аға-апалары табыстады. Байқауға 70 үміткер қатысып, соның 21-і лайықты деп танылды. Ғани сыйлығын алғандардың арасында «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты «Сыр бойы» газетінің тілшісі Назерке Саниязова, «Қармақшы таңы» газетінің тілшісі Тұрар Бекмырзаев, Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ақтөре Ибрагимұлы, Қазалы аудандық «Қазалы» газетінің тілшісі Есет Табынбаев бар. Шара соңында әнші Гүлнұр Оразымбетова, «Азия» тобы әннен шашу шашып, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шаралар жексенбіде жалғасты. Осы күні Әйтеке би кентінің Қашақбай Пірімов көшесі бойынан «Тәуелсіздік» аллеясы пайдалануға берілді. Онда Бегім ана, Асандар көтерілісінің құрбандарына арналған ескерткіштер, Жалаңтөс батыр мавзолейі мен Тәуелсіздік монументі орналасқан. Сондай-ақ, тұрғындар мен қонақтардың демалысы үшін жағдай жасалған. Бұл жобаларды жүзеге асыруға бюджеттен 470 млн теңге қаржы бөлінген. Мавзолейді салуға Жалаңтөс баһадүрдің ұрпағы, кәсіпкер Ербоздақ Өтеев 10 млн теңгеден астам қаржы бөліп, игі іс жасады.  Аллеяның ашылуына қатысқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Қазалы жұртын мерейлі мерекемен құттықтады. 
– Елдікті сақтау жолында құрбан болған бабалар рухын қастерлеу – өскелең ұрпақ үшін парыз. Тарихын таныған тұлғаларды тәрбиелеу арқылы ғана ел тәуелсіздігін баянды етуге болады. Ал бүгінгі буын керегін кенен тарихымыздан алары белгілі. Баршаңызды ел мүддесін қорғауда жанымызды талмай еңбектенуге шақырамын. Тәуелсіздігіміз тұрақты, болашағымыз баянды болсын! – деді облыс әкімі. 
Шара барысында білім беру мекемелері Қазақ елінің 25 жылда жеткен жетістіктері туралы көріністерді сахналады. Айта кетейік, Жалаңтөс Сейітқұлұлының асыл сүйегі жерленген мәңгілік мекеніндегі топырағы туған жеріне жеткізіліп, батырдың мавзолейіне қойылды. Аллеяның ашылу салтанатынан соң көше жағалай тігілген жүзден астам киіз үйде бабалар рухына құран бағышталып, ас берілді.
Түстен кейін ат жарысы ұйымдастырылып, аламан бәйгенің бас жүлдесін Жамбыл облысы Қордай ауданының шабандозы иеленді. Оған жеңіл автокөліктің кілті табысталды. 
Ал Алмас Алматов жүргізген жыраулар фестивалінен көпшілік құлақ құрышын қандырып қайтты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жыраулар ұлт ұлыларын жырға қосты. Сүлейлердің жалғасындай боп жүрген Элмира Жаңабергенова, Ұлжан Байбосынова, Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бейімбетова, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпенова, Дина Нұрабаева, Сандуғаш Бисембаева, Әзілхан Мақсатбаев, Айбек Тәңірбергенов, Бидас Рүстембековтер көрерменге термелерін тарту етті. 
Мерекелік шара Әйтеке би кентінің орталық алаңында әнші Қайрат Нұртастың, «Нұр-Мұқасан» тобының қатысуымен өткен гала-концертпен және отшашумен қорытындыланды. 
                                                                                                                       Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Тарихты толғаған тәуелсіздік аллеясы
Тарихты толғаған тәуелсіздік аллеясы
Тарихты толғаған тәуелсіздік аллеясы
Тарихты толғаған тәуелсіздік аллеясы

 
 
 
 
 
 
 
 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 қараша 2016 г. 1 171 0