
Жаңа жыл – ересектерге қарағанда балалардың асыға күтетін мерекесі. Жыл алмасқан шақта үлкендер жағы өткен жылдың қорытындысын шығарып, алдағы уақытқа жоспарлар құрып жатады. Ал балдырғандардың періште тілегі мен пәк көңілі тек қана келер күндермен байланысты.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ғажайып мереке қарсаңында оны тағатсыздана күтетін кішкентайларға ақ тілегін арнауды дәстүрге айналған. Кеше Қызылорда қаласындағы №264 мектепте Президент шыршасы өтіп, оған аудандардан, Байқоңыр, Қызылорда қалаларынан оқу үздіктері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасынан шыққан 200 бала қатысты. Әсем безендірілген жасыл шырша маңында балақандарға етене таныс мультфильмдер мен ертегілер кейіпкерлері жиналған. Қуаныш пен күлкі асып-тасыған балалар думанына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев келді.
Елбасы үлкен экраннан шырша тойына жиналған бүлдіршіндер арқылы барша қазақстандық балғындарға өз құттықтауын жолдады.
– Біздің Ұлы Отанымыз жылдан жылға өркендеп келеді. Қазір дүние жүзі Қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Әрдайым ата-аналарыңды қуантыңдар, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар. Ол үшін туған елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Жасампаз істеріміздің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалуда, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысының "Жаңа жылдарың құтты болсын, айналайындар” деген ақ тілегіне барша бала алғыстарын жаудырды. Ортаға шыққан ертегі кейіпкерлері, саяхатшы Диего мен Дара мерекенің айшығын аша түсті.
Шырша шаттығына бөленген барша балғындарды облыс басшысы құттықтап, оқуда озат, ата-аналар мен ұстаздардың мақтанышы болуға тілек білдірді. Туған жердің соңғы жылда қол жеткізген жетістіктері туралы айтты.
– Сендердің ғасырларың білім мен біліктің ғасыры, сондықтан қазақ, орыс, ағылшын тілдерін, интернетті игеріңіздер. Ауызбірлікті, ынтымақты болыңдар. Шыршаның қасында тұрып, есіме бір ертегі түсті. Сендерге соны айтып берейін. Бір қарт үш ұлын қасына шақырып, қолдарына бір-бірден шыбық беріпті де, сындыруларын сұрапты. Бәрі де шыбықты еш қиындықсыз сындырыпты. Содан қарт кісі әр баласына бір бумадан шыбық берген екен. Бірақ балаларының бума шыбықты сындыруға күштері жетпепті. Сонда қарт "Көрдіңдер ме, бір болсаңдар, ауызбіршіліктерің мықты болса, сендерге ешкім де зиянын тигізе алмайды” депті. Болашақта бір-біріңмен дос болыңыздар, ауызбірліктеріңіз мол болсын, – деді аймақ басшысы өз құттықтауында.
Мерекелік ертеңгілікке келген барша балалар естелік суретке түсіп, өздеріне арнайы әзірленген ноутбукке, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.