ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒА

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Тәуелсіздік және Әбіш Кекілбаев әлемі» тақырыбындағы республикалық ғылыми конференция өтті. Оған елге белгілі ғалымдар, облыстың зиялы қауым өкілдері, студент-жастар қатысты. Конференция облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың алғысөзімен ашылды.

Аймақ басшысы қазақтың ұлт болып ұйысу, мемлекет бо­лып қалыптасу жолында елге ес, сыртқа сес болған тұл­ғалар­дың қатарындағы Әбіш Кекілбаевтың орнын айрықша атап өтті.

Ұлттың интеллектуалдық қазынасына айналған Кекілбаевтың бай мұрасы оны ғаламдағы соңғы жүз жылдықтың атақты жүз қаламгерінің қатарына қосты. Әбіш Кекілбаев классик қаламгер, шебер суреткер, ой-талғамы терең философ ретінде ғана емес, ойға кенен парасат иесі ретінде мойындалған сирек тұлға.

Тәуелсіздік – баға жетпес құндылық десек, оны баянды ету бүгінгі және келер ұрпақтың азаматтық, перзенттік парызы.

ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒА– Әбіш Кекілбаев перзенттік парызына парасаттылық тұрғысынан жауап берді, қаламгерлік шабытпен даналық ой дарытқан дарабоз ретінде дараланды. Ол халқымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңын елімен бірге, жүрегі жарыла қарсы алды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық», – деп Абыздың сөзін айтқан Әбіш аға, саналы өмірі мен бар болмысын сол тәуелсіздіктің тұғырын бекітуге аямай жұмсаған қайраткерлік қырынан да танылды, – деді облыс әкімі.

Ә.Кекілбаев еркіндіктің елең-алаңынан бастап Елбасының сенімді серігі бола білді. Ол «Елбасы» ұғымын алғаш рет ел тарихындағы тұңғыш ұлықтау рәсімі кезінде өзінің Президентке арнаған тілек сөзінде қолданған еді.

Содан бері бұл атауды бүкіл халық қолдана бастады. Жазушы дүниеден өткенде жолдаған көңіл айту жеделхатында Елбасы «Көрнекті жазушы, терең білімді жаны таза азамат Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді», – деп қимастық сезімін білдірген болатын.

Әбіш Кекілбаев Тәуел­сіздік жылдарында Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты бола жүріп елге, ұлтқа адал қызмет етудің өнегелі үлгісін көрсетті. Ол Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері атанып, «Құрмет белгісі», «Отан» орденімен марапатталды. Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығын» алып, «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды, Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Оның ел, ұлт алдындағы ерен еңбегі осылай бағаланды.

Әбіш Кекілбаев – күллі қазаққа ортақ тұлға. Елдің қай аймағында да оны өз ұлдарындай құрметтеп, мақтан тұтты. Суреткердің өзі де қазақ даласының әр өңірін туған топырағындай, асыл тұмарындай қастерледі. Тұтас қазақ тарихын, әр өңірде өмір сүрген тұлғалар жайлы терең білетін еді.

– Ұрпақты жебеген бабасы Қорқыт, атасы Пір Бекеттей енді Әбіш те ұлтына ұран болары кәміл. Сол арқылы жұртының жүрегінде, елінің есінде мәңгі жасайды. Бұл, әсте, «аңыздың ақыры емес», талай аңызға арқау болар Абыздық өмірдің басы ғана, – деді аймақ басшысы.

Бүгінгі ғылыми конференцияда заманымыздың заңғар жазу­шы­сының қайраткерлік тұл­ғасына байланысты көптеген әсерлі есте­ліктер айтылды. Кекілбаев шы­ғар­машылығына байланысты тұ­шым­­ды ой-пікірлер ортаға салынды.

ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒА
Конференцияда мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков «Әбіш Кекілбаев – ұлы гуманист» тақырыбында баяндама жасады.

 

– Әбіш даналығына қара­мас­­тан, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін. Бірақ, менің оны «іні» деп айтуға аузым бармайтын. Анда-санда «Әбішжан» дегенімде, осы сөзді жақсы көретін, – деді ғалым өз естелігінде. Жазушы туралы жазған «Әулие» атты мақаласының жазылу тарихынан сыр шертті.

– Әбіш – табиғатынан, жаратылысынан ерекше туған, тарихтың құрсағынан, дәуірдің құндағынан, жалпы қазақтың кең пейілінен, құшағынан ерекше жаралған тұлға. Қазақтың даналығы да, көсемдігі де, шешендігі де, жыраулығы да, даңғылдығы да бір Әбіштің басына сыйып, жарасып тұратын. Оның көл-көсір білімі, кемел кеңесі, терең толғауы, шалқар шабыты, қазақтың бағзы жырауларын, ұлы шешендерін, дана билерін еске салушы еді. Әбіш маған жүзіп өте алмайтын мұхиттай, өткел бермейтін дариядай, жүріп өте алмайтын шексіз даладай, асу бермейтін биік шыңдай, алынбайтын қамалдай көрінетін. Мен Әбішті адам аяғы баспаған арал секілді күнде ашамын, ашқан сайын жаңа қырынан танимын. Ол даналығы мен кемеңгерлігіне қарамастан өзін ешкімнен артық санамайтын, – деді.

ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒАОдан әрі Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев «Қарасөзден Қағанат тұрғызғандай» толғауын орындап, «Әбіш әлемі» журналының бас редакторы, ақын Әнуар Бимағамбет «Тау жылаған» атты өлеңін оқыды. Сонымен бірге ақын Шәкизада Әбдікәрімов те тау тұлғаға арнаған «Абыз» өлеңін осы басқосуда жұртшылық назарына ұсынды.

Конференцияда Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Әбіш Кекілбаевтың мәдениеттанушылық көзқарастары туралы тағылымды әңгіме өрбітті.

ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒА– Адам қалай көсем, шешен, білімді бола алады, адам қанша нәрсе біле алады, жалпы адамның мүмкіндігі қандай дегеннің нақты дәлелі – Әбекеңнің ұлан-ғайыр білімі, ғажайып шешендігі, керемет көсемдігі. Мен ол кісімен 40 жылдан астам қанаттас жүрдім, тәлім алдым, университетінен өттім. Әбекең ғаламдық, жаһандық тұрғыда, барлық параметрлер бойынша әлемдік құбылыс болатын. Қырық жылдан астам уақыт деген көзің, құлағың үйренетін уақыт болғанмен, мен оған таңданудан, таңырқаудан танып көрген емеспін. «Әбіш» атты ұлы бұлақ сарқыраған күйі аға берді, қанша жыл жасаса да, сарқылмаушы еді.

М.Жолдасбеков бір кездері «адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы Шыңғыс Айтматовпен әңгіме­лескенде сұхбаттасының «Әбіш деген сарқылмас бұлақ қой» деп баға бергенін айтты. Кекілбаевтың елге тарап, афоризмге айналған «Кешегіміз түгенделмей, бүгінгіміз бүтінделмейді», «Бесігі бостың, төрі қайдан толы болсын», «Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түспейді» деген сияқты толғамдарынан мысалдар келтірді.

– Әбіш Кекілбаев алуан қырлы ақ алмасты елестетеді. Алмастың әр қыры алмасқан сайын жаңаша жарқырайды. Ол «қазақ осындай» деп алға тарта алатын тұлғаларымыздың бірі. Қазақтың Әбіші – біздің мақтанышымыз, – деді Мәжіліс депутаты.

ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒАОдан әрі ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары, профессор Бауыржан Омаров «Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық лабораториясы» тақырыбында баяндама жасады. Жалпы «шығармашылық лаборатория» ұғымы жазушының жазу машығы, қабілет-қарымы туралы пікірталастарға жол ашады. Баяндамашы қаламгердің мектеп жасынан бастап кітап пен қаламды серік еткенін, университеттің соңғы курсында Толстойды, Мопассанды аударғанын айтты.

– Әбіш әлемі адам таңғаларлық құбылыстарға толы. Ол ешқашан «не жазам?» деп саусақ сорып отырмайды. Жазарының бәрі ақ қағаздың бетіне төгіле жөнеледі. Жазу үстелінен тұрған кезде әдеби жағына Әдебиет институтының, тарихи жағына Тарих институтының тісі батпайтын, тіні берік тұтас туындыны көресің, – деді профессор.

Б.Омаров бір сұхбат кезінде Ә.Кекілбаевқа «Қайраткер Әбіш Кекілбаевтың қаламгер Әбіш Кекілбаевқа тигізген пайдасы мен келтірген зиянының қайсысы басымдау?» деген сұрақ қойыпты. Сонда Әбіш аға «Бұл сауалдың маған басқаша қойылғанын қалар едім. Мысалы, «суреткер Әбіш Кекілбаев өзі өмір сүріп жатқан кезеңде, қоғамдық қызметте, саяси қайраткерлікке ұмтылмай, күрделі заманның өміріне араласпай тұра алар ма еді?» деп сұраса деймін. Ол сұраққа мен «ол мүмкін емес» деп жауап берер едім» депті. Жазушының лабораториясымен танысқан баяндамашы оның жазу үстелінен қобыраған қағазды байқамағанын, яғни жазуға қажетті деректерді алдымен миында қорытатынын, ойша жазататын байқағанын айтты.

Конференцияда «Егемен Қа­зақ­­стан республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі тәуелсіздік жылдарында Әбіш Кекілбаевтың «Егеменде» 144 мақаласы жарық көргенін айтты. Бұл мақалалар мемлекеттік қызметтен қолы қалт еткенде жазылғанын ескеруіміз керек. Аталған публицистикалық туындылардың көлемі өте үлкен, әрқайсысы бір кітаптың жүгін көтерерліктей. Жоғарыда айтылған 144 мақала 1500 беттен асатын еңбек. Қазір «Егемен Қазақстан» газеті Әбіш Кекілбаев атындағы шәкіртақы тағайындауды және оның мақалалары жинақталған «Дәуір даусы» атты кітапты шығаруды қолға алды. Бұл арқылы әбіштану жаңа биікке көтерілмек.

ЕЛГЕ ЕС, СЫРТҚА СЕС БОЛҒАН ТҰЛҒАОдан әрі республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «биіктік, кеңдік, тереңдік» деген қазақтың үш өлшемі Әбіш Кекілбаевтың болмысынан табылатынын айтты.

– Оның ділмар шешендігіне өзім куә болдым. Қағазға қарамастан, бір сағатқа жуық сөз сөйлегенде қаншама цифр, дерек, оқиғаларды қолмен қойғандай етіп, тыңдарманға жеткізді, – деді ол.

Конференцияда облыстық мәс­ли­хат хат­шысы Наурызбай Бай­­қадамов «Әбіш Кекілбаев және ұлт руханияты мәселелері», «Қор­қыттану және өлке тарихы» ҒЗИ директоры, профессор Бағдат Кәрі­бозұлы «Әбіш Кекілбаев поэзиясы» тақырыптарында баяндама жасады.

Конференцияны қорытын­ды­ла­ған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жазушының жұбайы Клара Жұмабаеваға сый-сияпат көрсетіп, ақ күріштен салынған Әбіш ағаның портретін сыйға тартты. Өз халқын әлемге танытуда, халқына қызмет етуде асыл арманы мен мақсатына жеткен, борышы өтелген Әбіш Кекілбаевтай тұлғаға арналған шараға қатысқан жалпы жұртшылыққа, ғалымдарға алғыс білдірді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2016 г. 1 171 0