ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫ

ШЫРША ШАМЫ ЖАҒЫЛДЫСанаулы күндерден соң өткен жылды өткеріп, жаңа бір жылға қадам басатын еліміз мерекені бастап та кетті. Осыған орай, бейсенбі күні Орталық алаңда жаңажылдық мерекелік кеш болды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жиылған көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Құрметті қызылордалықтар! Жақында тәуелсіз қазақ еліне, Сыр еліне 2014 жыл қадам басады. Келе жатқан Жаңа жыл тек жақсылығымен келсін. Өткен жылға өкпеміз жоқ, өйткені, бұл жылы Елбасы Н.Назарбаев өңірімізге іссапармен келіп, жасап жатқан жасампаз жобаларымызды қолдап, Сыр елінің болашағына үлкен үміт артатынын және «Сыр – Алаштың анасы» екенін тағы да қадап айтты.
Сондай-ақ, биылғы жыл аймағымыз үшін табысты жыл болды десек болады. Себебі, облысымыз инвестиция тарту, құрылыс, салық жинап, бюджетті нақтылау бойынша республикада аймақтардың алдына шықты. Яғни,  биыл қызылордалықтар өздерінің еңбектерін көрсете білді. Әсіресе, Сыр елінің диқандары  күріш жинауда республика бойынша және облысымыздың тарихында бірінші рет рекордтық өнім алып, 360 мың тонна Сыр маржанын қоймамызға құйды. 
Бүгінгі күні Президентіміз мұрындық болып отырған «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры, «Сексеуіл-Бейнеу» теміржолының құрылысы және басқа да маңызды инфрақұрылымдық жобалардың аймағымыздан өтуі болашақта Сыр елінің экономикалық әлеуетін көтеріп қана қоймай, еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосатын болады. Алда атқаратын жұмыс көп, оны жүзеге асыруда еліміздің ауызбірлігі қажет. Олай болса, бірлігіміз бекем, ісіміз мығым болсын! Жаңа жыл барлығымызға береке-бірлік әкелсін!– деді.
Мұнан соң жаңажылдық шыршаның шамын жағу рәсімі болып, оны  Польшада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, зіл темірші Алмас Өтешов жақты. Шырша шамы жанысымен әр түрлі мерекелік киім киген өнерпаздар Аяз ата мен Ақша қарды ортаға алып, шыршаны айнала, Сыр аспанын әсем әуенге бөледі. Осылайша, кештің көркін қыздырып, қала тұрғындарына да жақсы көңіл-күй сыйлады.
Мейрамгүл ОТАРАЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 21 желтоксан 2013 г. 1 398 0