Әбіш Кекілбаев сынды тұлғалар алуан қырлы ақ алмасты елестетеді.
Әр қыры алмасқан сайын алмас жаңаша жарқырай береді.
«Құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың» деген сөз бар.
Әбіш ағаның алпыс жылдығында Ұлықбек Есдәулет «Адамзатты жапырағымен желпіп тұр Маңғыстауда тамыр тартқан бәйтерек» деп жазып еді. Ол бәйтерек ешкімнің де құшағына сыймайды.
Сондықтан көрпеге қарап көсілейік те, Әбіш аға шығармашылығының бір қырына ғана тоқталып көрейік.
Әбіш Кекілбаевтің сан қырлы қаламгерлігінің ең аз ауызға алынатын қыры – мәдениеттанушылығы.
ТМД елдерінде мәдениеттанудың оқу бағдарламаларына енгізілгені өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін ауыр әлеуметтік сілкіністерді бастан кешкен жас елдердегі өзін-өзі пайымдау қажеттігінен туындаған қадам болатын. Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік жылдарында мәдениеттану мәселелеріне бөлекше бет бұруы да осы мақсаттан шыққан еді деп шамалаймыз. Егемендіктің елең-алаңынан бері алдымызға көлденең тартылған көп мәселе Кекілбаевтай кемелдің ой көкжиегін ең алдымен еліміздің кешегісін байыптауға, бүгінгісін бағамдауға, ертеңін електен өткізуге, соның бәрін мәдениеттанушылық тұрғыдан қарастыруға бағыттауы заңды да еді.
Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік жылдарында ағартушылық, санаткерлік жолға саналы түрде түскені талас тудырмайды. Ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар межесінде жаңа жолға шығып, тәуелсіздік көшін бастаған халқының заман, қоғам жөніндегі ұғымының әу бастан дұрыс қалыптасуын қамдаған қаламгер бұл жолда өзінің ең асылынан – көркем шығармашылығынан бас тарта тұрудан да тайынбады. Осыған орай қаламгерді «Саясатқа бару арқылы өзінің жазушы ретінде бар асылын ақтарып беретін жылдарын өткізіп алды» деп кінәлайтын пікірлер талай айтылғаны да рас. Алайда, тарихтың осынау өтпелі, екіұдай кезеңінде, бір жүйеден бір жүйеге ауысып, жаңа қоғам құрылып жатқан шақта бізге прозашы Кекілбаев, сыншы Кекілбаев көбірек керек пе еді, әлде саясаткер Кекілбаев, тарихшы Кекілбаев, философ Кекілбаев, әлеуметтанушы Кекілбаев, мәдениеттанушы Кекілбаев көбірек керек пе еді десек, бұл жылдарда бізге оның қаламгерлікке суарылған қайраткерлігі керегірек болғанына көзіміз жетеді.
Қаламгердің жазғандарында мәдениет ешқашан тар аяда қарастырылмайды. «Биік талғамсыз биік парасат жоқ. Ал биік парасат – үлкен жауапкершілік. Бүгінгі үлкен өзгерістер онсыз жүзеге аса алмайды. Рухани бедерсіздік саяси тәуелсіздікті де тәрк етеді. Тойған тоғышарлыққа халықтың, адамның азаттығы емес, нәпсінің азаттығы керек. Ал тәуелсіздік шекарасын өрелі азаматтық сана мен биік рухани мәдениет қана айна-қатесіз анықтай алады» – демек, биік мәдениет – тұрлаулы тәуелсіздіктің бір шарты. «Мәдениет дегеніміздің өзі – адамдардың өздерін қоршаған табиғи және әлеуметтік аяны өзгертіп, сол екі ортада өздерін де өзгерте білу қабілеті» деп білетін Ә.Кекілбаев тағы бір тұста: «Бір ұрпақ екінші ұрпаққа тек өмір сыйлап қана қоймайды екен, өмір сүре білудің тәсілі мен тәжірибесін де мұраға қалдырады екен. Оны адамзат адамзат болғалы мәдениет деп атап келеді екен. Оспадарсыз озбырлықтан түпкілікті опат болып кетпеудің де, өткенмен бірге өшіп, өлгенмен бірге құрып бітпеудің де жалғыз жолы – мәдениетті өркендету екен. Сондықтан да, қандай да қоғам болмасын, өз тағдырының ең жауапты кезеңдерінде мәдениетке айырықша көңіл бөліп, ерекше зор маңыз беріпті», дейді. Яғни, Ә.Кекілбаев анықтамасындағы мәдениет өмір сүре білудің тәсілі мен тәжірибесі болып шығады. Мәдениет, «қазақша айтқанда, кісі тануға, ел тануға, жер тануға, сөз тануға баулиды». Оны әдебиетке, өнерге ғана тіреп, аясын тарылтудың жөні жоқ. Тіпті бүкіл дүниедегі адамның қолы мен ойы араласқан нәрсенің бәрі материалдық мәдениет және рухани мәдениет деп екіге ғана бөлінеді емес пе? Мәдениет тарихын, түптеп келгенде, адамзат тарихы деп танитын автор оның ұлттық тарихтан да, мемлекет, қоғам тарихтарынан да әрі кеңірек, әрі көнерек екендігін дәлелдейді. Расында да, ойлап отырсақ, шетелдік қонақтарға қай елдің де жөн білетін адамдары алдымен өз мемлекетінің ғаламат зауыттарын, сонда жасалып жатқан ғажайып мәшинелерді, сол мәшинелер жүйткіп, зырғып жататын автобандарды көрсетпейді, алдымен музейлерін аралатады, өз мемлекетінің әлем тарихында із қалдырған мәдениет майталмандарының тұрған үйлерін көрсетеді, бүгінгі өнер шеберлерінің көрмелеріне, концерттеріне апарады. Өйткені, халықтың жаны бәрінен бұрын мәдениетінен танылатынын жұрттың бәрі де біледі.
Кекілбаев культурологиясында сан түрлі ұстанымдар қатар қолданылады. Жазушы еңбектерінен хронологиялық ұстаным бойынша (палеонтология, антропология, ежелгі мәдениет, қазіргі мәдениет), географиялық ұстаным бойынша (полинезиялық мәдениет, африкалық мәдениет), тілдік ұстаным бойынша (орыс, француз, қырғыз, т.б.), діни ұстаным бойынша (христиандық, исламдық мәдениет, т.б.), экономикалық ұстаным бойынша (капиталистік, социалистік қоғам мәдениеттері) жазылған мақалаларды саралап айта аламыз. Мысалы, адамдардың біртұтас өмір салты, индивидтің өз тобынан қабылдап алатын әлеуметтік мұрасы, шынтуайтында, адамға туабітті таңылатын мәдениет нышандары болып табылатынын дәлелдейді.
Мәдениет типологиясы тұрғысынан қарағанда Кекілбаев мақалаларында мұндай типологиялардың өркениеттік (мысалы, антик дәуірінің өркениеті, қытай өркениеті, т.б.), формациялық (алғашқы қауымдық құрылыстың, құл иеленушілік қоғамның, феодалдық қоғамның мәдениеттері, т.б.), парадигмалық (мифологиялық, діни мәдениеттер, т.б.) деп аталатын түрлерінің бәрі дерлік қамтылады.
Кекілбаевтың баяғының билеріндей берік ой қисыны талай тұста көбіміздің аузымызды босқа ауыртып жүрген жайлардың өзін бірер сөйлеммен түсіндіріп жүре береді. Қаламгердің тәуелсіздік жылдарында жазғандарындағы қамтылған тақырыптар адам концепциясы («Сайранқұмарлық санаға тұсау»), Жер тарихы («Бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол»), тарихи сана («Во имя веры в будущее человечества и цивилизации», «Упрямство памяти», «Өз еңсемізді өзіміз жықпайық») этнология («Тіл және тәуелсіздік»), ұлттар табиғаты («Ортақ үйдің түтіні түзу ұшсын»), дәстүр («Дәстүр мен дәуір»), ұлттық сана («Бір қазақтың баласымыз», «Әуезов туралы сөз», «Ұя мен жебе»), ұлттық даму («Тіл және тәуелсіздік»), экология («Айналаң – аялы алтын бесігің»), демократия («Абай болсақ, опық жемейміз», «Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел», «Демократия көктен түспейді»), экономика («Бетерден де бетер бар деген осы емес пе?», «Әділет бар жерде ынтымақ бар», «Ішкі ынтымақ пен сыртқы ықпалдастық – тәуелсіздік кепілі»), білім («Жабыла іске жұмылсақ, жағдай тез жақсарады», «Өркениет өзегі»), демография («Тіл және тәуелсіздік»), топонимика («Өткен өреуіл, қалған салауат», «Жаңа атауда ежелгі тарих тағылымы бар»), география («Ұйқыдағы арудың оянуы»), этнография («Талантты ұрпақтың тағылымды келбеті»), эстетика («Тырау-тырау тырналар»), өнертану («Елдіктің ең басты сипаты»), этика («Тырау-тырау тырналар»), живопись («Қастеев туралы сөз»), музыка («Елім деп өткен ер», «Сермей тартқан семсер күй»), кино өнері («Өнер сүйген өмір», «Саңлақ», «Гамлеттің монологы»), лингвистика («Ортақ іске – ортақ ықылас»)... болып кете береді, кете береді. Оларды санамалап қана өтудің өзі қиын, оның үстіне бір тақырыптағы дүниелердің ішінен басқа талай тақырыптардың балалап шығатыны тағы бар. Осының бәріне, әрине, аса қуатты эрудицияның арқасында ғана қол жетуі мүмкін. Телегей теңіз білім энциклопедизмі мен академиялық универ¬сализм Кекілбаевқа жылдар бойы жинақталған аса қуатты интеллектіні көркем сөзді алақанында ойнататын зергерлікпен астас¬тыруға мүмкіндік береді.
Ә.Кекілбаев тілдің халық тарихындағы, ел санасындағы айрықша орнын, мемле¬кеттілікті орнықтырудағы рөлін айшықтап ашып беруімен де мәдениеттануға үлес қоса алды. Тіл тағдыры таразыға түсіп, тар кезеңге тірелген шақта Әбіш Кекілбаевтың депутат болмаса да, Парламент мінберіне көтеріліп, сондағы өзге ұлт өкілдеріне: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» дегенін біз еш уақытта ұмытпауға тиіспіз.
Әбіштей данышпан туа алатын халықтың перзенті болғаның үшін қалай ғана мақтанбассың, осындай ұлы адаммен замандас болғаның үшін, қырық жыл бойы жанына еріп, інілікке жарағаның үшін тағдырыңа қалай ғана тәубе етпессің?!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.