Түгел түркінің абызы атанған Қорқыт атаның мемориалды кешеніне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналса, 2000 жылы кешен жанынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы, яғни «Қорқыт ата музейі» ашылды. Музей қорында 2500-ге жуық экспонат сақталуда. Сонымен бірге, оның экспозициясында Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған.
Сыр өңіріндегі «Қорқыт ата» кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыру, Сыр еліне әлемнің түкпір түкпірінен келген қонақтарға түркі өркениеті кеңінен насихатталуы маңызды. Елбасының қолдауымен «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай, соңғы үлгіде жасалған шыдамды құрылыс материалдарынан қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кешеннің аумағы ұлғайтылып, көгалдандырылып, абаттандырылды.
Бұрын төрт тарапқа қараған қобыз ескерткіші 8 метр болса, қазір 12 метрден жоғары. Жаңғыртуға дейін жылына 12-13 мың турист келетін болса, кешен жаңарғалы бері жылына 20 мыңдай адам келеді. Қазір күн суытқанына қарамастан, мұнда тоқтайтын туристер легі азайған жоқ. Байқоңырдағы ұшырылымды көруге бара жатқан туристер, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолымен жүйткіген көліктер кешенге тоқтап өтуді әдетке айналдырды.
Сонымен қатар, Қорқыт ата кешені «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға келетін туристер тоқтайтын бір нысанның қатарына енді. Қазір ағылшын тілін білетін экскурсоводтарды дайындау, облыстағы туристік фирмалармен келісім жасау арқылы тарихи орынға келушілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, жергілікті қолөнер шеберлерімен келісіп, кәдесыйлар жасау жолға қойылмақ.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.