Еліміздегі электронды сауда-саттықтың дамуына серпін береді

Еліміздегі электронды сауда-саттықтың дамуына серпін бередіКеше облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында І халықаралық интернет-форум өткізілді. G-Global коммуникативтік алаңында ұйымдастырылған шара «Қазақстанда электронды сауданы дамытудың болашағы» тақырыбын талқылады. Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, e-commerce саласындағы қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысты.
Облыс әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп ұйымдастырған форумды «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов жүргізіп отырды. Интернет сауда-саттықтың әлем экономикасындағы өзіндік рөліне аз-кем тоқталған ол алғашқы сөзді облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа ұсынды. Аймақ басшысы алдымен шараның өткізілуіне атсалысқан мамандарға, G-Global коммуникативтік алаңының қызметкерлеріне алғысын айтты. Сонан соң, электронды сауда-саттықтың экономиканы өркендетудегі артықшылықтарын әңгімеледі. 
– Қазіргі әлем өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Бүгінгі күні адамзаттың экономикалық құндылықтарға деген дәстүрлі көзқарастарына түбегейлі өзгеріс енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер ақпараттық технологияның күрт дамуымен пайда болды. Бизнес үшін, «электрондық сауда» деген ұғым қалыптасып, ол экономиканың нақты секторын дамытуда маңызды орын алады. Елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты, электрондық сауданың заңдылық және тәжірибелік аспектілері жетілдірілуде. Әлемде интернет бизнес басымдыққа ие болып отырғанына қарамастан біздің бөлшек саудадағы оның үлесі 1 пайыздан сәл асады. Мысал үшін, бұл көрсеткіш Германияда, АҚШ-та, Ұлыбританияда 12-15 пайыз аралығын құрайды, ал Ресейде – 4 пайыз. Еліміздегі интернет дүкендердің 70 пайызы Алматы қаласында орналасқан компаниялардың үлесінде, Астанада – 20 пайыз, ал қалған 10 пайызы басқа қалалар еншісінде. Сондықтан да, елімізде сауданың бұл түрін аймақтарда дамыту қажеттігі туындап отыр.  Жалпы алғанда, электрондық сауда тауар ақша қатынастарының ең тиімді түрі болып есептеледі. Ол көлеңкелі экономиканың көлемін біршама қысқартады, сонымен бірге, ол мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын жеңілдетеді, - деді облыс әкімі. 
Сонымен қатар, аймақ басшысы 2017 жылы банктердің электрондық сауданы өрістетуге ден қоюы болжанып отырғанын айтты. Форумға қатысушылар жұмысына сәттілік тілеп, бірлесе жұмыс жасауға облыс әкімдігі әзір екендігін жеткізді.
Облыс әкімінен соң «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин «Электронды сауданы дамытудағы «Қазпочта» АҚ-ның ролі» тақырыбында баяндама жасады.
Оның атап өткеніндей, Қазақстанда халықтың сирек қоныстануы – электронды сауданың дамуына кедергі келтірер себептердің бірі.  Сондықтан да еліміздегі электронды сауданың басым бөлігі Алматы, Астана және Қарағанды секілді ірі қалалар үлесіне тиеді. Төраға осы ретте «Қазпочтаның» ауылдық жерлерге қолжетімді болып отырған құрылым екеніне тоқталды. Мысалы, Қызылорда облысындағы «Қазпочтаның» 181 бөлім¬шесінің 80 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Міне, осы бөлімшелер ауылдық жердегі интернет саудамен айналысамын деушілерге көмек қолын созады. 
Интернет сауда жасаушының алдында сайт ашу, заңды тұлға ретінде тіркелу секілді бірқатар проблемалар шығатынын айтты.  Ал «Қазпочтаның» postmarket.kz сайты арқылы сауда жасаған адам бұл кердергілерді айналып өтетін болады.  Сонымен бірге, «Қазпочта» тауарды сақтау орындарын қамтамасыз етуде өз қоймаларымен көмекке келетін болады. 
«Фортебанк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Гаухар Бисембиева банктердің электронды саудаға қатысуы жайында сөз қозғады. Ол UBER, Фейсбук, Alibaba com, Airbnb секілді әлемге белгілі компанияларды мысалға келтірді. Мәселен, UBER әлемнің жүзден аса елдерінде  такси жалдау қызметін ұсынады. Бұл компанияның өз таксопарктері жоқ, диспетчерлер ұстамайды. Фейсбук әлемдегі ең үлкен медиакомпания бола тұрса да, журналистер штатын ұстамайды, құрал-жабдықтарға шығын жасамайды. Сол секілді, Alibaba com әлемдегі үлкен сауда жүйесі бола тұра, қоймалары жоқ, бірақ өз қызметін миллиондарға ұсынады. Онлайн режимде қонақ үй іздеген миллиондаған адамдар Airbnb қызметіне жүгінеді. Мұның өзі әлем, интернеттің өмірімізге дендеп еніп келе жатқанының дәлелі. Бизнес әр уақытта өзінің көкжиегін кеңейтіп, шығынын азайта түсуді көздейді. Міне, осы ретте электронды сауда және онда банктер көмекке келетін болады. Өйткені, онлайн сауда бұрын болып келген көптеген шығындардан құтқарады. 
Интернет сауда жасаушы компаниялар ассоциациясының атқарушы директоры Артем Соколов ресейлік тәжірибе жайлы айтып өтті. 
«Интернетте жоқ болсаңыз, еш жерде жоқ секілдісіз. Өйткені, интернетте шекара болмайды» деген пікірді айтқан Соколов қазіргі күні Ресейге келіп жатқан посылкалар саны ел тұрғындары санынан екі есе көп екенін жеткізді. Ол электронды сауда барысында ЕО елдерінің тәжірибесін енгізу жолы іздестіріліп жатқанын айтты. Мысалы, ЕО елдерінде тапсырыс берген адам тауар құны үшін артық ақша төлемейді. Мемлекет қосымша құн салығын өзі ұстап қалады. Бұл тәжірибе ЕО елдерінен басқа Ұлыбритания мен Австралияда енгізілген.
Ал қазақстандық интернет бизнес ассоциациясының президенті Константин Горожанкин әлемдегі интернет бизнес АҚШ, Қытай, Жапония елдерінде дамығанына назар аударды. Ал Қазақстандағы даму деңгейі әлі өте төмен. Өйткені, интернетпен айналысатын адамдар халықтың 16,4 пайызын ғана құрайды. Электронды сауда халықтың 20 пайызы интернетті пайдаланған кезде ғана қарыштап дами тиіс. Ал 20 пайыздық деңгейге 2017 жылы жетеміз. Технологиялық тұрғыдан енді ғана дұрыс дамып келе жатқан елдер де бұған дейін өзгелер жүріп өткен жол бойымен өтуі заңдылық, бірақ бұл үрдіс кей елдерде жедел, кей елдерде баяу өрбіп келеді. Ал егер әлем бойынша серпіндеп дамып жатқан жобалар Қазақстанда да қарқын алсын десек, онда  ғаламтормен қамту көрсеткішін дамыған елдердің деңгейіне жеткізу керек. Меніңше, әлем бойынша кең танымал үлгілер Қазақстанда да біртіндеп қолданысқа түсуде. Бәріне де уақыт төреші демекші, ғаламторды қолданушылар саны артқан сайын, бұл жобаларға деген сұраныс та ұлғая беретін болады деп түйіндеді сөзін. 
Форумда тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерінің елімізде жасалған ассоциациясының төрағасы Олжас Құдайбергенов отандық тауар өндірушілерді электронды коммерцияны дамыту арқылы қолдау жөніндегі ойын ортаға салды. Ол төрт ай бұрын елімізде mail.kz сайты ашылғанын жеткізді. Интернет алаңын пайдалануға беретін бұл сайтты пайдаланушылар саны қазірдің өзінде 700 мыңға жетіп отыр. Бұл сайт ашық және бәріне бірдей жағдай жасайды. Ассоциация төрағасы интернет дүкен қызметі ұсынылатынын айтты. Бұл интернет дүкен арқылы өндірістік және тұтыну тауарларын саудалай беруге болады. Мұнда арадағы делдалдар азаяды және орындау сапасы артады. 
Mail.kz порталын қазақстандық электронды сервис платформасы ретінде дамыту жөніндегі ойды «SoftDeCo» ЖШС жетекшісі Сергей Алабугин де қолдады. Ол қызылордалық кәсіпкерлердің интернет бизнеске батылырақ дендеп ене беруге кеңес берді. 
«Проденьги» компаниясының директоры Алексей Сидоров электронды коммерцияның өсуіне Финтекстің тигізер ықпалы туралы айтып берді. Финтекс – қаржылай қызмет көрсету саласындағы жаңа технологиялық жобалар. Қазақстанда ақша аударудың жаңа технологияларын қазірде 350 мыңдай тұтынушы пайдаланады және ол уақыт өткен сайын өсе түсуде.
Форумда «Тикетон» компаниясының директоры Виктория Торгунакова Қазақстандағы мәдени, спорттық шараларға онлайн билет сатудың тәжірибесін ортаға салды. Ол компанияның  төрт жылдан бері киноларға, концерттерге, спорттық шараларға онлайн билет сатып келе жатқанын айтып берді. Оның көрермендер үшін тиімділігі көп. Кезекке тұрып жатпайды. Онлайн режимде бүгінге дейін 1 миллионнан артық билет сатылған. Жақын күндері сатылған билеттің жалпы құны 1 млрд теңгеге жетпек. Ірі спорттық шараларды көрушілер үшін де онлайн билет сатылуда. Мәселен, «Астана арена» стадиондағы бір ойынға 19227 билет сатылғанын мысалға келтірді. Ал ол стадионның сыйымдылығы 30 мың орын. Компания директоры Қызылорда қала¬сында тек «Жібек жолы» сауда орталығының кинотеатры үшін ғана билет сатылып келгенін әңгімеледі. Енді алдағы уақытта филармонияға, театрға, музейге, «Арай» ойын-сауық орталығына онлайн билет сату бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 
Форум соңында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазпочта» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
Нағымжан САУЯЕВ
 
Еліміздегі электронды сауда-саттықтың дамуына серпін береді
Алексей Сидоров,
«Проденьги» компаниясының директоры:
 – Мен бүгін аудиторияда финтекс индустрия, яғни онлайн кредит беретін компаниялар туралы ой бөлістім. Бұл дәстүрлі қаржы институттарымен қатар тез өсіп келе жатқан сала. Дәстүрлі қаржы институттары заман ағымына сай жаңа инновация енгізуде шабандық көрсетіп жатады. Ал финтекс компаниялардың ақша жөнелтуде, сақтауда, қарызға беруде тиімді тұстары көбірек. Кәдімгі терминалдар немесе онлайн несие берудің  финтекске жататынын көпшілік біле бермейді. Осы жерде қызылордалықтардың біздің компаниялардың қызметін пайдаланушылардың екі пайызын құрайтынын айта кеткім келеді. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

Еліміздегі электронды сауда-саттықтың дамуына серпін береді
 
 
 
Мұрат Әбенов,
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
– Ең алдымен, бүгінгі өткізілген алғашқы халықаралық интернет-форумның бастаушысы болған облыс әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Өздеріңіз куә болғандарыңыздай, білікті сарапшы-мамандар пікірін ортаға салды, тәжірибелерімен бөлісті. Экономиканың қозғаушы күші болуға тиіс шағын және орта бизнесті дамытуға интернет сауданың қосар үлесі орасан. Өйткені, әлемдік бағыт-бағдар солай. Өнімді өндірудің қиындығы бір бөлек, оны сатылымға шығару, алушыға жеткізудің машақаты басқаша. Қазақстанда электронды сауданың тетіктері енді іске қосылуда, бірақ көрсеткіш төмен 1 пайыздың маңайы. Алғашқы баспалдақтар қалануда десек, қателеспейміз. Бұған «Қазпочта» АҚ-ның бастамаларын айтуға болады. Бүгін байқағандарыңыздай, сарапшылар e-commerce элементтері арасындағы нақты өзара байланысты дамытуға ықпал ету, логистикалық тізбекті оңтайландыру, маркетингтік технологияларды ілгерілету жайындағы пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, әлемдегі қарыштап дамыған «Алибаба» сынды интернет дүкендердің жеткен жетістіктері жөнінде ақпараттар айтылды. Бұл өз кезегінде аймақтағы ғана емес, еліміздегі электрондық сауда-саттықтың қанат жаюына өз септігін тигізетіні анық.
 
 
 
 

Еліміздегі электронды сауда-саттықтың дамуына серпін береді
Бағдат Мусин,
«Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы:
– Негізінде электронды сауда-саттықтың дамуы үшін ең бірінші халықтың интернетті пайдалану белсенділігі ескеріледі. Қызылорда облысына келер болсақ, жергілікті тұрғындардың 67 пайызы ғаламторды тұтынады, 74 пайызы компьютер пайдаланады. Яғни, электронды сауданың дамытуға мүмкіндік бар деген сөз. Сондықтан да, Қызылорда облысы әкімдігінің алғашқылардың бірі болып халықаралық интернет-форумды уақыт талабына сай ұйымдастыруы құптарлық іс. Біз «Қазпочта» көрсететін қызметтер аясында интернет-саудаға байланысты жобаларды қолға алып отырмыз. Айталық, postmarket.kz интернет-дүкені пилоттық жоба ретінде өз жұмысын бастады. Оған кәсіпкерлеріміз өз өнімдерін енгізіп, жарнамалай алады. Сондай-ақ, сатып алушыға жеткізіп беруді біз жауапкершілігімізге аламыз. Яғни, кәсіпкер өз өнімін жарнамалау үшін интернет сайт ашып шығындалмайды, жеткізіп берудің қиындығын басынан өткермейді. Бүгінгі форумда электрондық коммерцияны дамыту арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау жасау, онлайн сауда жүргізудегі электрондық ақшаның  ролі, көлеңкелі экономиканы азайту секілді мәселелер көтерілді. Сондықтан да интернет-форумды шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдауды арттыруға үлес қосады деп қабылдауға болады. Ал, кәсіпкерлеріміздің өрісі кеңейсе, ел экономикасы өркендейді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2016 г. 1 070 0