Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Сыр өңірінде екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың 125 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Облыс орталығында басталған айтулы мереке даңғайыр диқанның туып-өскен, еңбек жетістігіне жеткен жері – Шиелі өңірінде жалғасын тапты.
Аудан орталығындағы мерейтойлық шаралар облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған ел азаматтары, еңбек ардагерлері және де еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәртебелі меймандардың диқан атаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
– «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп атам қазақ айтпақшы, кетпенімен еңбек гимнін жазған, күріш дақылынан дүние жүзінде әлемдік рекорд жасаған диқан атамыз өз алқабын тек сумен емес, терімен суарып, зор мәртебеге ие болды. Даңғайыр диқан атамыздың құрыштан соғылған сом тұлғасы кейінгі ұрпақтарын ерінбей еңбек ету мен ерлікке шақырып тұр. Отанымыздың әр азаматы адал пейілімен халық үшін еңбек етсе, әрдайым құрмет төрінде болады. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясы әр адамның өз орнында жауапкершілікпен қызмет етуі және жалпы халықтың ауызбірлігіне қосқан үлесі арқылы жүзеге асады. Замандастарымыз, кейінгі жас ұрпақ еңбек ету арқылы қасиетті Отанымыздың даму қарқынына үлес қосуы тиіс. Бұл өз кезегінде заман тудырған түрлі кедергілерге тойтарыс беру шарасы да болып табылады, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты рәсімде мәртебелі қонақтар арасында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, Мәжіліс депутаттары Абзал Ералиев пен Наталья Жұмаділдаева, академик Досмұхаммед Кішібеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев, даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов, басқа да есімдері елге белгілі көптеген азаматтар болды.
«Жақсыдан шарапат» демекші, ел Тәуелсіздігінің ширекғасырлық тойы мен диқан атаның қабат келген мерейлі мерекесінің игі әсері Ыбырай Жақаев атындағы ауыл келбетінің көркейе түсуіне оң ықпал етті. Ауыл көшелері асфальтталып, жөнделсе, бірнеше көше жарықтандырылды. Сондай-ақ, осындағы мәдениет үйі де күрделі жөндеуден өткізілді. Аталған елді мекенде «Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының» жаңа ғимараты салтанатты ашылды. Еске сала кетерлігі, аймақтағы еңбек үдерісі мен еңбек ерлерінің өміржолын тарқата баяндайтын және күріш өсірудің қалыптасқан тәжірибесі мен жаңа ғылыми негіздерді насихаттайтын музей ғимараты ауыл жұртшылығының өтінішімен аудан орталығынан қайта көшіріліп, диқан ата ауылынан тұрақ тапты. Құрылысты жүргізу үшін облыстық бюджеттен 56 млн теңге бөлініп, жұмысты «Айдана» ЖШС өз мерзімінде ойдағыдай аяқтап шықты. Мұнда 3 зал және 3 жұмыс бөлмесі орын тепкен. Ішіне 10306 экспонат орналастырылған. Жаңа музейдің ашылуында облыс басшысы еңбек мерекесінің мәртебесі арқылы әр адамның мерейі артатындығын жеткізді. Жақаевтың ізбасарларының бірі Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева бастаған бірқатар ардагерлер естеліктер айтты.
Шиелі ауданы – қай салада да алға басып, Елбасы ұсынған бағдарламаларды лайықты жүзеге асырып келе жатқан өңір. Аудан басшылығының бұрынғы әдемі үрдісті жалғастырып, қоғам үшін тер төге қызмет жасаған азаматтарды құрмет тұтуы, олармен кейінгі ұрпақты сабақтастыруы жұрт көңілінен шықты. Соның бір дәлелі – жаңадан ашылған «Құрметті азаматтар» аллеясы. Мұнда ауданның дамуы мен елдің ынтымағына еңбек сіңірген азаматтардың есімдері алтын әріптермен жазылып, әспеттелген. Шиелі ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов құттықтау сөз сөйлеп, жұртшылықты бір серпілтті. Жақсылардың есімін атап, оларды ардақтау, әрине, еңбек тойындағы елдіктің белгісі болса керек.
Аудан орталығындағы Иманжүсіп атындағы орталық стадионда «Алтын күз - 2016» мерекесіне орай театрландырылған көрініс, сала үздіктерін марапаттау, мерекелік ән шашу өткізілді. Шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылы аймақ диқандары рекордтық көрсеткішке қол жеткізгендігін баяндады.
Бұл қатарда, әрине, 11150 гектар күріштігінің әр гектарынан орташа 59,2 центнерден өнім алған Шиелі ауданы диқандарының үлесі мол екендігі баса айтылды. ҚР Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Ислам Әбішев ауыл шаруашылығы саласы бойынша топ бастаған Шиелі ауданы жұртшылығының қуанышына ортақтасты. Мәртебелі мейман су үнемдеу мен оны ысырапсыз пайдалану жолындағы диқандардың тиянақты істеріне лайықты баға берді. Ал аты әлемге кең тараған атақты палуан Дәулет Тұрлыхановтың соңғы жылдары өнеркәсіп саласына да араласып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына атсалысып жүргендігі белгілі. Ол осы сапарында ауданға мол инвестиция тартып, цемент зауытының іргетасын қалауға келгендігін айтып қуантты.
Мерекелік шарада Ақтөбе облысы атынан келген делегация жетекшісі Келдібай Есмағанбет және Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Есеевтер құттықтау сөз сөйлеп, көрші облыс жұртшылығының сәлемдемесін жеткізді. Осыдан соң аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев үздік шарушылықтар мен үздік диқандарды марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Олардың арасында Дәулет Жұмбековтің басқаруындағы 1100 гектар күріштігінен орташа 68 центнерден өнім алған «Ақмая» шаруа қожалығы, жоғары еңбек көрсеткішіне қол жеткізген «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқан Бердібаев, «Шиелі МТС» төрағасы Бақытжан Тасболатов және басқа да көптеген еңбек озаттары бар.
Түстен кейін облыс әкімі жаңа цемент зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Зауыт толық қуатымен іске кіріскенде мұнда 259 адам жұмыспен қамтылмақ. «DANAKE» корпорациясы жүзеге асыратын аталған зауыттың жобалық құны 29 млрд теңгеден астам. Жиын барысында Д. Тұрлыханов және қытайлық компания басшысы Ли Минг сөз сөйледі.
Осыдан кейін мерекелік шаралар «Диқан рухы мәңгілік» атты ақындар айтысына ұласты. Бұл аламанға еліміздегі таңдаулы 14 ақын қатысып, айтыстың бас жүлдесі – жеңіл автокөлікті сарапқа салды. Түс ауа басталып, түнге қарай аяқталған айтыста бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген ақын Еркебұлан Қайназаров иемденсе, бірінші орынға шиелілік Мейірбек Сұлтанхан тұрақтады. Екінші орынға Айдос Рахметов көтерілсе, Асыланбек Шұғаев, Ержан Әмір, Рауан Қайдаровтар үшінші орынды бөлісті. Олардың барлығына да қомақты қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Мерекенің үшінші күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, аудан орталығының тұрғындары арзан өнімдерді саудалап, мәре-сәре болысты. Жақаев ауылында «Әлемнің әміршісі – Еңбек» патриоттық әндер байқауы өткізіліп, ондағы озаттарға да сый-сияпаттар жасалды. Сондай-ақ, республика және шет елдерден келген апайтөс палуандар қазақ күресінен күш сынасты. Жеңімпаздарға заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданының өнерпаздары қойған мерекелік концерт жоғары дәрежеде өткізілді. Жамбылдықтардың тойға шашу ретінде ұсынған өнері екі мәрте Еңбек Ерлері атанған Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаевтардың ұлы достығының сабақтастығы болды.