“ТАҢ”-ның ТАМАША ТАБЫСЫ

“ТАҢ”-ның ТАМАША ТАБЫСЫСырбойылықтар үшін қоңыр күз берекесімен, несі­бесімен қадірлі. Жер-Ананы емген диқандар қауы­мы терін сүртіп, жаздайғы бейнеттің зейнетіне қол жеткізеді. Сонан кейінгі мереке мезіреті думанды той­ға ұласып, еңбеккерге өлшеусіз құрмет көрсетіледі. Үз­дік­терді үлгі етіп, озаттарды төрге оздырғаны қандай ғажап?!
Биылғы жиын-терімде Сыр күрішшілері рекордтық көрсеткішті бағындырды. Бұл ақжолтай жаңалық Елбасыға жолданып, бүгінде ақ күріштен тау тұрғызған жұрттың жүзі жадыраңқы. Әрине, мұндай толағай табысқа жету оңайға түскен жоқ. Біз оның қыр-сырын Жалағаш ауданындағы озат шаруашылық «Таң ЛТД» ЖШС басшысы Имамзада Шағыртаевтан сұраған болатынбыз.
– Биыл 3000 гектарға жуық жерге күріш дәні себілген еді. Соның әр гектарынан орташа есеппен 83,7 цетнерден өнім алып, облыс бойынша көш бастап отырмыз. 100 гектар жерге – мақсары, 1000 гектарға жаңа жоңышқа орналастырылған болатын. Олардан алынған өнім де жоғары деңгейде. Жалғыз біз емес, облыс бойынша барлық шаруашылықтың жетістіктіктері қуантарлықтай. Нәтижесінде бұрын-соңды болмаған өнім жиналды, - дейді ол.
Таң ауылын көгертіп отырған күріш шаруашылығының таңғажайып табысы көпке үлгі. Ұжым басшысы Имамзада Шағыртаев мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық осынау берекелі белесті бағындыруға жағдай жасағанын айтады. Иә, Тәуелсіз елдің тарихына қашалар жетістік егемендіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
– Шаруашылық техникалары 2011 жылдан бастап жаңартылып, еңбек өнімділігі арта бастады. Бұл орайда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен құрылған «Байқоңыр» агрохолдингі қосқан үлес орасан екендігін атап өтуге тиіспіз. Жалпы алғанда, бүгінгі күні шаруашылыққа лизинг арқылы алынған техникалардың құны 1 млрд теңгеге жетіп отыр, - дейді қуанышымен бөліскен шаруашылық төрағасы.
Заңдылығында күтілетін нәтиже ең бірінші егілетін тұқымға байланысты. Содан кейін оны уақытында суға бастырып, күтіп-баптауда мін болмауы тиіс. Бүгінде таңдықтар күріш өсірудің технологиясын жетілдірген. Жер тегістеуде лазерлік қондырғыны пайдаланады, күріш жинайтын комбайндар болса, бір түйір дәнді ысырап етпеуге қауқарлы.
– Бөлінген қаржының нәтижесінде Ресейден өнімділігі жоғары 300 тонна тұқым әкелінген болатын. Қызыл дәні жоқ, нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Уақытында егіп, дер кезінде төкпей-шашпай жиналды, - деген Имамзада Шағыртаев мемлекет тарапынан берілген субсидиялардың шаруаларға жасалған басты көмек екендігін жеткізді. Оның шаруашылығы биыл диқандарға тиісті барлық түрі бойынша 200 млн теңге субсидия алған.
Осылайша 13 жылдық тарихы бар «Таң ЛТД» ЖШС ширек ғасырда шыққан шыңның өлшеміндей көрінер көрсеткішке ерекше үлес қосып отыр. 250 жанды жұмыспен қамтып отырған берекелі ұжымның бағындырар биігі жыл сайын биіктей берсін демекпіз.
Нағымжан САУЯЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қазан 2016 г. 948 0