Жексенбі күні облыс орталығында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы аясында ат бәйгесі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген шабандоз бәйгенің 5 түрінен сынға түсті. Облыстың ірі шаруашылықтары мен кәсіпорындары – «ҚазГерМұнай» БК, «Мәді Қажы» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС, «Байқоңыр» ӘКК демеушілік жасаған ат бәйгесі қанды қыздырып, жанды жадыратты.
Даңқты диқанды ұлықтау шарасы шеңберінде өткен салтанатта облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиналған жұртшылықты егін жинау науқанының аяқталуымен және дала академигінің мерейтойымен құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі.
– Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлері аймақта бұқаралық сипат алып келе жатқаны қуантады. Облыста 14 мыңнан астам адам этноспорттың 7 түрімен шұғылданады. Жыл сайын өткізілетін «Алтын белбеу» турнирі республикадағы ең танымал әрі беделді бәсекенің біріне айналды. Сондай-ақ, биылғы жылы көкпардан Жаңақорған ауданында өткен V Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы тұңғыш рет қатысып, екінші орынды жеңіп алды. Көкпардан жасөспірімдер құрама командасы екі мәрте күміс жүлде иеленді. Ұлттық спортты дамыту мақсатында өткен жылы пайдалануға берілген ипподром халықаралық жарыстарды өткізуге және өңірде ат спортының өркендеуіне мүмкіндік береді, – деді аймақ бас-шысы.
Ат бәйгесімен қатар көкпар, теңге ілу сынды ұлттық спорт түрлері де қамтылған шарада көкпар ойындары бойынша Жаңақорған ауданының командасы жеңіске жетіп, 2 миллион теңге жүлдені иеленді. Ал екінші орын жеңімпазы шиеліліктер 1,5 миллион теңгенің сертификатын алды. Келесі жүлделі орынды қанжығасына байлаған Қызылорда қаласының шабандоздары 500 мың теңгемен және төртінші орынды жеңіп алған аралдықтар 250 мың теңгемен марапатталды.
Теңге ілу сайысында бірінші орынды (100 мың теңге) жаңақорғандық Алтай Қоңқаев иеленді. Екінші орынды (75 мың теңге) жалағаштық Досбол Нұрхан жеңіп алса, үшінші орын (50 мың теңге) қызылордалық Жанболат Әліқожаевқа табысталды.
Құнан бәйгеде Алматы облысынан келген Жанқойлықовтар әулетінің «Қаратөбелі» алдымен жетті. Шабандозы Өтеген Айтбек миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орын мен 500 мың теңгені қызыл-ордалық Игенбаев Данельдің «Елік» атты тұлпары жеңіп алды. Шабандозы – атсейістің ұлы Эмиль Игенбаев. Ал үшінші орынға лайық деп танылған «Алатау» сәйгүлігінің иесі алматылық Айбек Бақытбекке 300 мың теңге берілді. Шабандозы – Елшат Баймұханов.
Тоқ бәйгеде бірінші «Патша» атты сәйгүлік қара үзіп келіп, оны бәйгеге қосқан шиелілік Майлыбаевтар әулетіне 1,5 млн теңге берілді. Екінші орын мен 1 миллион теңгені астаналық Нұрдәулет Мирастың «Шәйкүреңі» алды. Үшінші орынды иеленген Жанқойлықовтар отбасының «Алтын қозысына» 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Бәйгенің басты қызығы – аламанда аттар 25 шақырымға айдалды. Алматы облысынан келген Жеңіс Смайыловтың аламанның алдын бермей жүрген «Бақторысы» мәреге бірінші жетіп, бәйгеге тігілген жол талғамайтын көлік кілтін ұтып алды. Ал екінші орын тараздық Мелебек Нұрдәулетке бұйырды. «Батыр» атты тұлпар иесі Асқар Олжабаев. Үшінші орын мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлық шығысқазақстандық Ерлан Сүлейменовтің «Мирад» тұлпары тізгінін ұстаған Нұрлан Жақсылыққа бұйырса, төр¬тінші келген алматылық Серік Бақиевтың «Нұрторысы» 500 мың теңгені иеленді.
Осылайша даңқты диқан тойы мен "Алтын дән” мерекесінің сән-салтанаты ұлттық ойынның ерекше тартуымен елдің рухын көтерді.