Ұлы дария есімін иеленген ауданда ел қызығатын, көпке үлгі болатын, халыққа тигізетін пайдасы зор игілікті істер өркен жайып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Тұрмысы төмен әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларының жағдайын жақсарту мақсатымен 2015 жылдың желтоқсан айында кент орта¬лығында «Әлеуметтік дүкен» ашылды. Ауданда жұмыс жасайтын бюджеттік сала қызметкерлері біркүндік еңбекақыларын әлеуметтік дүкеннің қорына аударды. Мұнай компаниялары, мердігерлер мен шаруа¬шылық төр¬ағалары арасында меморандумға қол қойылды. Дағдарыс кезінде жасалған бұндай қайырымды іс аудан халқының ауызбірлігін көрсетті. Әлеуметтік дүкеннің ашылуына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп қатысып, оң бағасын берді. Жыл бойы жұмыс жасаған әлеуметтік дүкен ашылғанда 123 отбасы 544 мүшесіне қызмет көрсеткен болатын. Бүгінгі күні 147 отбасының 717 мүшесіне тиісті жеңілдіктер мен көмегін беріп жатыр. Кент тұрғындарының көңілінен шығып, қызмет етіп жатқан әлеуметтік дүкеннің жұмысы туралы оның жанынан құрылған бақылау тобының төрайымы «Сырдария ауданы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлмекен Жаналиеваны әңгімеге тартқан едік.
– Ұлмекен Шанайқызы, әлеуметтік дүкен жұмысында қандай ұстанымды басшылыққа аласыздар?
– Аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың тапсырмасы және біздің қоғамдық жұмысымыздың талабы бойынша әлеу¬меттік көмектің нақты қажет адамға жетуін қадағалаймыз. Кенттің тұрғындары әлеуметтік жағынан аз қорғалған әлжуаз топтардың өкілдері қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде маған: – Бұл бастамаларыңыз жақсы болды. Дүкен жабылып қалмаса, – деген өтініш-тілектерін білдіріп кете¬ді. Бүгінгідей дағдарыс кезеңінде дүкенді ұстап тұру оңай емес. Бұл маңызды іске аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы тікелей басшылық жасап, тұрақты назарда ұстап отыр. Жақында осы әлеуметтік дүкенге байланысты өткен басқосуда әлеуметтік көмек орны¬ның жабылмайтынын 2017 жылы жұмысын жалғастыратынын жеткізді. Және де аудан басшысы да әлеу¬меттік көмек орнының жұмысы ашық, мөлдір, қолжетімді болғанын қалайтынын айтты. Біздің бақылау, қадағалау жұмысымыздың да негізі осыған сүйенеді. Дүкенге тіркелген әрбір отбасының жағдайы зерттеледі. Олардың әрбір мүшесінің табысы 7000 теңгеден аспаса, тізімге алынады. Кент әкімінің ұсынысы бойынша дүкенге тіркеуге ұсыныс беріледі, біз оны қарап, бекітеміз. Әлеуметтік дүкеннің әлжуаз топтар үшін жеңілдігі ерекше. Мысалы әлеуметтік дүкенде азықтың 5 түрін яғни 105 келі азық-түлікті 2 отбасыға 50 пайыз жеңілдікпен, нормаға сәйкес толық заттарды 10435 теңгеге сатып алуда, ал базар бағасымен алатын болса, 26545 теңгеге түсер еді.
Қалған отбасылардың барлығы 30 пайыз нормаға сәйкес толық заттарды 26545 теңгенің орнына 14609 теңгеге алып жатыр.
– Қайырымдылықты кім қалай ұғынып жатыр?
– Әлеуметтік дүкен шаруашылық басшыларының қайырымдылық шарасының, сондай-ақ, бюджетті мекемелер қызметкерлерінің 1 күндік жалақысын аударуымен, кәсіпкерлердің қолдауымен жұмыс жасауда. Тапқан табысын бауырына басып жатпай, кем-кетік, кембағал жандармен бөлісіп отырған оларға алғысымызды айтамыз. Дегенмен, көптеген кәсіпкерлер бұл игі істен шет қалып отыр. Қайырымдылық жасау әрбір кәсіпкердің жоспарына, күн тәртібіне кірсе артық емес. Бұл олардың рейтингісін өсіріп, табысының молаюына жол ашады. Дүкенге тізімге алғанда отбасында көмекке мұқтаж жандар бірінші кезекте есепке алынады. Бас көтерер азаматы жоқ, отбасында мүм¬кіндігі шектеулі жандар бары ескеріледі. Біз алдағы уақытта тізімде тұрып, үш ай бойы дүкеннен сауда жасамағандарды есептен шығарамыз. Мұны көпшілікке ескертіп қойғанымыз жөн болар.
– Әлеуметтік дүкенге қандай қайы¬рымдылық көмектер жасалуда?
– Демеушілердің көмегімен кел¬ген азық-түліктен басқа биылғы Құрбан айтта мешітте сойылған ет дү¬кен арқылы тегін таратылды. Бұл да қайырымдылықтың жарқын үлгісі. Кент тұрғындарын тағы бір қазақылыққа тән абзал қасиеті үйлеріндегі артық-ауыс киімдерін дүкенге әкеліп тапсыру дер едім. Оған арнайы бөлім ашылды. Мен біреуге артық киімімді беретін болсам, ол үлкен немесе кіші болуы, ұнамауы мүмкін. Ал, дүкенде көпшілікке таңдау болады.
– Әлеуметтік дүкен 2017 жылды қалай бастағалы отыр?
– Құдайға шүкір, ауданда жүрегі жомарт, кең пейілді азаматтар көп. Солардың бірі іскер азамат, білікті басшы Алдаберген Құлбаев ағамыз жоқ-жітік адамдарға көмек қолын созуды өзінің парызы санап отыр. Алдекең әлеуметтік дүкен қорына 1 млн теңге ақшалай, 2 тонна күріш тапсырды. Абзал азаматтың бұл тамаша бастамасын өзге басшылар мен кәсіпкерлер іліп алып кетеді деген сенім зор. Қайырымдылық қашаннан қанымызға сіңген қасиет. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді атам қазақ. «Жетім көрсең жебей жүр» дегендей, кембағал жандарға қайырымдылық көмек жасау кісілігі мен парасаты келіскен жандарға қашанда парыз, міндет болып саналады.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ.
Сырдария ауданы.