Құрыш қолды құрылысшы еді

Өмір деген осы, ұшқан құстай зымырап өте шығады. Күні кеше ортамызда жайраңдай күліп, жайсаңдай басып жүрген Кемал ағамыз Нұрекешовтың мәңгілік сапарға кеткеніне он жыл болыпты-ау. Сыр аймағында бүкіл саналы ғұмырын ересен еңбектің ыстық-суығына арнап, бұл өмірде өзіндік қолтаңбасын қалдырған айтулы азаматтар болған. Сондай азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі, қашанда қарапайым қалпынан айнымай, кісілік пен кішілік бітім-болмысын таза ұстап өмірден өткен Кемал аға. Ұлы Абай атамыз: "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан” дегендей, Кәмекең отыз жылдан астам облыстың құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарып, алтын қолымен талай құрылыстың кірпішін қалап кеткен еді.

Алланың жазмышы болар, біздің отбасымыз көрші қоныс теуіп, сыйлас та сырлас, тұз-дәмдес болғанбыз. Сол кездегі Кәмекеңмен өткізген сағыныш иірімдері көз алдымда көлбеңдеумен тұрады. Ақжарқын еді, кішіпейіл де қарапайым болатын. "Тек қана еңбек” деп күн-түн құрылыс басында жүретін. Содан да бүгінде Қызылорда қаласында ғана емес, Сыр аймағының қайсыбір жерінде болма¬сын, бой көтерген ғимараттар "мен мұн¬далап” тұрады.
Кәмекең Шымкент қаласындағы Қа¬зақ химия-технология институтынан дә¬ріс алып, еңбек жолын "Оңтүстікауыл¬жоба” институтының Қызылордадағы фи¬лиалында қатардағы инженер болудан баста¬ған. Білімді де білкті маман араға бар-жоғы бір жыл салып осы мекеменің бас инженері қызметіне көтеріледі. Құры¬лыстың сәулет жобаларын өз қолымен сыз¬ған ол бұл саланың қыр-сырын мейлінше меңгереді.
Ұмытпасам, 1977 жыл болуы керек. Бір күні жарқылдай күліп отырған Кәме¬кең:
– Інім-ау, мені жас та болсам Қы¬зылорда қалалық кеңесінің күрделі құ¬рылыс бөлімінің басшылығы қызметіне шақырып жатыр. Барайын ба, – деп сұ¬рау¬лы жүзбен қараған.
– Барыңыз, барыңыз, – демеспін бе.
Сонда Кәмекең:
– Мен креслода шалқия отыруды ұнатпаймын, құрылыс басында жүргім келеді, – деген-ді.
Десе де, партия айтты екен, бармасқа болмаған. Сонымен Кәмекең осы қызметке барып, облыс орталығында бой көтере бастаған көптеген ғимараттардың сәулет сызбасын жасауға, соған сай бой көтеруіне баса мән береді. Әлі есімде сол жылдары Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының құрылысы жүргізілген. Осы құрылыс басында күн-түн көз ілмей жүріп, қажет материалдарды көрші елдерден әкелінуіне Кәмекең бас-көз болатын. Шығыстың сәулетімен айшықталған ғажайып ғимаратта Кәмекеңнің қолтаңбасы қалғанына біз бек сенімдеміз.
Облыс басшылығына талапшыл да турашыл, ақ жолдан жаза баспай жүретін Еркін Әуелбеков келген болатын. Облыста кадрлық өзгерістер жүрді. Тәжірибелері толысып, біліктілігі ұшталған мамандар ғана жауапты қызметке шақырылатын. Содан Кәме¬кең облыстық партия комитетінің күрделі құрылыс бөлімінің басшылығына шақыртумен келеді. Сол жылдары Кәмекеңнің Қызылорда қаласы ғана емес, барлық аудандарды аралап, тынымсыз тірлік үстінде жүретін. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарында типтік жобадағы аурухана ғимараттары салынып, бүгінге дейін халық денсаулығын қорғауда қызмет етіп келеді.
Кәмекеңнің өмір жолының екінші бір кезеңі – кезіндегі дүркіреп тұрған Кеңестер Одағы тарап, еліміз тәуелсіздігін алған соқпақты да тоқпақты өмір кезеңімен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының ауыртпалығын арқалауға, егеменді еліміздің еңсесін тіктеуге барынша күш-қайратыңды жұмсауды қажет ететін күрмеуі қиын кезде ол облыстық күрделі құрылыс басқармасының тізгінін ұстады. Тоқырау жылдары құрылыс саласы тоқ¬тамға ұшырай бастаған. Еліміздің ғасырлық ғимараттары, диагностикалық-кеңес беру орталығы мен облыстық медициналық орталықтың салынып жатқан құрылыстарын халық игілігіне, яғни пайдалануға беру кешігіп жатты. Бірін жергілікті құрылысшылар салып жатса, екіншісін болгарлықтар салып жатты. Өтпелі кезеңге сәйкес келген меди¬циналық орталық құрылысы сағызша созылып, әупіріммен пайдалануға берілді. Бұл құрылыс ғимаратын пайдалануға бергізу облыс басшыларымен бірге Кә¬мекеңе де оңайға соққан жоқ. Оған қаржы сұрап, талай министрліктің табанын тоз¬дырғанына мен куәмін. Шетелдік құрылысшылармен тіл табысып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару жеңіл шаруа емес. Біздің Кәмекең олармен сыйлас та сырлас болды. Содан да К.Нұрекешов Бол¬гария мемлекетінің Құрмет грамо¬тасымен марапатталған.
Жоғарыда айтқандай, өтпелі кезеңде құрылыс тұралап қалды. Жаңадан ғимараттар бой көтермек түгілі, салынып жатқан ғимараттар "сақалды” құрылысқа айналды. Кәмекең осындай ауыр кезеңдерді жүйкені тоздырып, жүректі сыз¬датып жүріп өткізді.
Кемал Нұрекешов ағамыз облыс әкімінің орынбасары қызметіне жоғарылатылып, күрмеуі қиын құрылыс саласына басшылық жасайды. Саяси және өндіріс саласының домбыраның қос ішегін¬ей тізгінін қатар алып жүру оған жеңіл болған жоқ. Кәмекеңнің замандас әріптестерінің айтуынша, ол Сыр аймағының газ саласындағы мәселелері, тұрғын үй, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы үкімет қаулыларын дайындауға да белсене араласқан. Сондай-ақ, 2001-2004 жылдары облыстық құ¬рылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы департаментінің директоры бола жүріп, аймақтың күрделі проб¬лемаларын үкімет алдына қойып, одан қолдау алуға зор септігін тигізген.
Кәмекеңнің Сыр аймағының құрылыс саласында алтын қолымен қал¬дырған қолтаңбасын санамалап айту әсте мүмкін емес. Десе де, тікелей Кәмекеңнің басшылығымен №6 ЖЭО орталығының қазандықтары күрделі жөндеуден өткізіліп, мазутқа көшіріл¬генін, Қызылорданы газдандыру жо¬басының жүзеге асырылғанын, био¬ло¬гиялық тазалау стансасы құрылысы салын¬ғанын, со¬нымен бірге кәріздің жүйе құрылыстарын салу мен қайта жаңғырту басталғанын айта кету ләзім. Энергетика, коммуналдық саланың күрделі мәселелері рет-ретімен шешілуіне де сүбелі үлес қосқанын әріптестері құрметпен еске алады. Солардың бірі Сырдария өзенінің үстінен салынған көпір болатын.
Отыз жылдан астам уақыт аймақтың құрылыс саласына басшылық жасаған Кәмекеңнің атқарған шаруасы көп. Қала көшелерін абаттандыру, тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық ғимараттар салу, қайсыбірін санамалап айтарсың, қолда барды бағалап, жоқты саралап ел-халық игілігіне берудегі Кәмекеңнің атқарған жұмыстары бір төбе.
Мақтау мен марапаттаудан әрдайым бойын аулақ ұстап жүретін Кемал Нұрекешовтың ел алдындағы ересен еңбектері де ескерусіз қалған емес. Ол «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» мерекелік медалімен, облыстың Құрмет грамотасымен, Республика құрылыс комитеті және Болгария мемлекеті құрылыс министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. "Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы” атағының иесі. Азаматқа Қызылорда қаласынан көрікті көше берілген.
Жоғарыда айтқандай, Кәмекеңнің отбасымен ондаған жылдар бойы көрші тұрғандықтан, оның жанұясының өне¬гелі отбасы екендігінің біз кәусар куәсіміз. Құдай қосқан қосағы Шәмшат жеңгеміз екеуі арыстай екі азаматты өмірге әкеліп, немерелерінің қызығына кенелді. Үлкен ұлдары Талғат – "Проект ДизайнҚұрылыс” жауапкершілігі шек¬теулі серіктестігі директоры. Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары филиалдары бар мекеме аймақ құрылысының сәулет жобаларын жасауда игілікті істер атқарып, Талғат әке жолын жалғастырып келеді. Ал кенжелері Қанат – Шымкент қаласындағы "Саутс-Ойл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас экологы. Кәмекеңнің немерелерінің мемлекеттік мәртебесі жоғары оқу орындарында дәріс алып жатқандықтары да тектен-тек болмаса керек. "Ата көрген оқ жонар” деген осы болса керек.
Әділхан ЕРЖІГІТОВ.
Қызылорда қаласы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қазан 2016 г. 883 0