Жастар форумы аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жастар ұйымдарының көшбасшыларымен кездесті.
Кездесуге келген жастарға арнаған сөзінде аймақ басшысы алдымен Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығына тоқталды. Сондай-ақ, ол ел ертеңі бүгінгі жас екендігіне баса назар аударып, келер заманның оңай болмайтындығын, қиындықпен күресе білу керектігін жеткізді.
– Біздің мақсатымыз – белсенділерді көрсете отырып, жастардың нақты мәселелерін талқылап, олардың шешу жолдарын айқындау. Бүгінгі заман, болашақ білімдіге тиесілі. Сондықтан, әрбір жастың білім алуы мен жұмыспен қамтылуы үшін күш біріктіре жұмыс жасауымыз керек. Әсіресе, сіздерге артылар жауапкершілік жоғары, – деді аймақ басшысы.
Қырымбек Елеуұлы бұл орайда әлемнің ілім-білімі дамыған елдерін әңгімелеп, өркениеттің озық үлгісіне қадам басқан тұлғалардың өмірінен мысалдар келтірді. Айталық, әлемнің бай кәсіпкерлерінің бірі, канадалық ғалым Илон Масктың бағындырған биігі бүгінде аңызға айналып отыр. Бірақ, шындық – болашақта мұнай-газ өнімдеріне сұраныс азаяды, электр қуаты жаппай Күннен, желден өндіріледі. Сол уақытта экономикасы "қара алтынға” тәуелді қазақ елі қалай күн көреді? Әрине, бұл тығырықтан тек білімнің күшімен шыға аламыз.
Қырымбек Елеуұлы жиын барысында бүгінгі қазақ жастары арасында қалыптасқан күрмеулі мәселелерді ортаға салды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Қызылорда облысында не оқуда жоқ, не жұмыста жоқ жастардың саны 20 мыңның үстінде. Өркениетті экономикалық ықпалдастық және даму ұйымына мүше елдер мұндай жастарды NEET санатындағылар деп атайды екен. Сонымен, NEET-тіктерге қайтіп қолұшын созамыз? Әлде, «күл болмаса, бүл болсын» деп жүре береміз бе?
Қызылорда облысында қазіргі таңда 15 бағыттан тұратын мәліметтер базасы жасақталуда. Базаға мектеп бітірушілер туралы толық ақпарат жинақталады. Яғни, кімнің қайда не істеп жүргені анықталып, қажетті көмек көрсетілуі керек. Көмек дегенде, қабылданған бағдарламалар мен қолға алынған жобаларға тартылады. Мәселен, биыл «Серпін» жобасы бойынша жоғары оқу орындарына түсу үшін 4 мыңға жуық, кәсіптік-техникалық колледждерге 1050 грант бөлінді. Бұл – ҰБТ-дан төмен балл жинаған және қатыспаған түлектерге жасалатын жақсылық. Біздегі тағы бір жағымды жаңалық – соңғы жылдары қызылордалық жүздеген түлек Ресейдің маңдайалды оқу орындарында тегін оқып жатыр. Тегін болғанда бар қаржы Ресейдің есебінен, мұндай мүмкіндікке өзге аймақтар арасында бірінші қол жеткізіп отырмыз.
Кеңестік кезеңде студенттер құрылыс отрядтарына жазылып, еңбек ететін. Жастарды еңбекке баулып, өз бетімен өмір сүруге тәрбиелеудің төте жолы еді бұл. Қызылорда облысында жібі үзілген дәстүр қайта жандануда десек, артық айтқандық болмас. Нақтыласақ, осы жазда жүздеген жас уақытын құр өткізбей, құрылыс нысандарында еңбек етті.
Облысымызда аймақ басшысының бастамасымен құрылған жастар ресурстық орталығы бар. Қазіргі таңда мұндай орталықты барлық ауданда ұйымдастыру жұмыстары жүруде. Қырымбек Елеуұлы жүздесуде аудандарда жастар орталығын ашуды жыл аяғына дейін бітіруді тапсырды. Қаржы қажет болса, тез арада шешіп беруге көмектесетінін айтты. Бұл орталықтың басты ерекшелігі сол – қоғамнан тыс қалған жастармен жұмыс жасайды. Орталық жетекшісі Жасұлан Алдабергеновтің айтуынша, жыл басынан бері ұжым 22 бос жұмыс орны жәрмеңкесін өткізіп, 33 мың жасқа кеңес берген. Алдағы уақытта жастар ресурстық орталығында коворкинг, продюсерлік, спортпен шұғылданатын, видео-ойын, психологиялық бөлмелер жұмыс жасамақ.
Жиын соңында жастар тарапынан аймақ басшысына түрлі ұсыныс-тілектер айтылды. Өз кезегінде Қырымбек Елеуұлы жастары пікірі ескерілетінін жеткізіп, олардың болашағына ақ жол тіледі. Қуанарымыз, бүгінде Сыр елінің жастарға жасар қамқорлығын басқа облыстар өздерінде жүзеге асыруға ықылас танытып отыр. Айталық, жүздесуге қатысқан «Жас Отан» жастар қанаты» төрағасы Шахмардан Байманов өз сөзінде еңбек ресурстары балансын әзірлеу және маргинал жастармен жұмыс жасау тәжірибесін Қазақстан бойынша іске қосуға болатындығын жеткізді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Жастар – жарқын болашақ иесі
"Мәңгілік ел мұраты – Тәуелсіздік” тақырыбында өткен облыс жастарының ХІІ форумы биыл талапты да талантты жастардың басын қосты. Форум барысында 4 бағыттан тұратын секциялық жұмыстар ұйымдастырылып, жастар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, облыстағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың 2020 жылға дейінгі стратегиясының жобасы талқыланды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын дәріптеген жастар форумының жұмысы табысты өтті.
Форумның алғашқы күнінде "Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы мемлекеттік мекемелердің және жастар ұйымдарының өзара іс-қимылы”, "Ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс жасаудың жаңа тәсілдері”, "Жастар саясатына талдау және мониторинг жүргізу”, "Мемлекеттік жастар саясаты саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру тетіктері” секілді тақырыптарда еркін форматтағы пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бірқатар мамандар сала төңірегіндегі ойымен бөлісіп, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаментінің бас сарапшысы Ернұр Бихожаев жастар саясаты – ел ертеңін айқындайтын басты бағыт екенін атап өтті.
– Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамда өз орнын табуы қажет. Біздің әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі ұстанымына, ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Ендігі кезекте біз жастардың ақпараттық-саяси мәдениетін көтеруге көңіл аударуға тиіспіз. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қа¬лыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, елімізде іске асырылып жатқан білім берудің, денсаулық сақтаудың, Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттік бағдар¬ламалары бағытталған. Олардың қатарында "Жұмыспен қамту – 2020”, "Бизнестің жол картасы – 2020”, "Қолжетімді баспана – 2020” бағдарламалары бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауыл жастарына арналған "Дипломмен – ауылға” жобасы да жемісін беруде. "Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға мүмкіндік беруі тиіс” деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір ол іс жүзінде жүзеге асырылып, жастар саясаты ел ертеңін айқындайтын басты бағыт екенін дәлелдеуде, – деді Е.Бихожаев.
"Қазақстан жастар Конгресі” ЗТБ төрағасы Айдын Сабитов те жастармен ұйымдастырылатын әлеуметтік жоба¬лар маргинал жастармен жұмыс жүргізу, оларды жұмысқа орналастыру секілді мәселелерді қамтуы тиіс екенін айтты. Жастар мәселесіне келгенде, маргинал және NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеуді басты назарға алу керектігін тілге тиек етіп, ұйымдастырылмаған жастармен жұмыс жасаудың жаңа тәсілдерін ұсынды.
Форумның негізгі жұмысы келесі күні қарқын алды. Аудандардан келген бір топ форум делегаттары "Болашақ” университетінде бас қосып, секция отырысы жалғасын тапты. Әрі қарай шара А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіндегі пленарлық отырысқа ұласып, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жалынды жастармен кездесті.
– Құрметті жастар, форумға қош келдіңіздер! Біз «ағадан – ақыл, ініден – ізет» деп, кейінгі толқынға сенім артатын халықпыз. Сыр өңірінде жастар мәселесі бір сәт те назардан тыс қалған емес. Бүгінде қаладағы және аудандардағы жастар ресурстық орталығында жастармен жұмыс жасайтын мамандар нәтижелі қызмет атқаруда. 20 мыңнан астам жас "Дипломмен – ауылға”, "Жастар тәжірибесі”, "Жасыл ел” мемлекеттік бағдарламаларының қатысушысы атанған. Халықаралық "Болашақ” бағдарламасы аясында 200-ге жуық жас білім алды. 80-ге жуық бағдарлама түлегі өңір дамуына елеулі үлес қосып келеді. "Жұмыспен қамту – 2020” жол картасы бағдарламасы аясында да 50-ден астам жоба жүзеге асуда. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет саяси және экономикалық табысқа жете алатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Құрметті форум делегаттары, біздің мақсатымыз – жастарға жағдай жасап, қажетті қолдау көрсету. Алдағы форум жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Р.Рүстемов.
Келесі болып сөз алған "Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің директоры Жасұлан Алдабергенов облыстағы жастар саясатының даму қарқыны жайлы тарқатып айтты. Оның айтуынша, орталық 2020 жылға дейінгі жұмыс моделінің тұжырымдамасын дайындап, тұжырымдама аясында жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен бірге орталық бүгінде жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына ықпал ететіндей жабдықталған. Мұнда дебат, жас тілшілер, еріктілер клубы, "Жайдарман” үйірмелері жұмыс жасайды және аталған үйірмелерге бүгінде 300-ге жуық жас қызығушылық танытып, мүше ретінде тіркелген.
Пленарлық отырыс соңында облыстың белсенді жастарының бірі, тәуелсіздік құрдасы Рахметулла Жаппарбергенов форум жастарының үндеуімен таныстырып, жастарды игі істердің ұйытқысы болуға шақырды. Ал "Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Абылайхан Сабанбаев үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанында Астана қаласында өтетін республикалық жастар форумына қатысатын белсенді 30 жас делегатты хабарлады.
Екі күнге созылған ауқымды шарада белсенді жастар осылайша аймақтағы жастар саясатының оң өзгерістеріне куә болып, тәжірибе алмасты. Нақты мәселелерге тоқталып, ұсыныстарымен бөлісті. Ал біз сөз соңында шығыс жастарының жалынды жетекшісі, небәрі 23 жылдық ғұмырында шоқ жұлдызға айналған Ғани ізбасарларының облыстық форум жайлы бөліскен пікірлері мен ұсыныстарын назарларыңызға ұсынамыз.
Шахмардан Байманов,
"Нұр Отан” партиясы
"Жас Отан” ЖҚ төрағасы:
– Ең алдымен ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Форум көңілімнен шықты. Мұнда біз облыстағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың 2020 жылға дейінгі стратегиясының жобасын талқыладық. Сонымен қатар өңір дамуы үшін маңызды стратегиялық құжаттың тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қабылданатынына қуаныштымын. Облыстағы NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу процесіне де жоғары баға беруге болады. Себебі облыс көлеміндегі жұмыссыз, NEET санатына жататын жастардың базасы қалыптасқан және олармен адресті түрде тұрақты жұмыс жасау қолға алынған.
Айдын САБИТОВ,
"Қазақстан жастар конгресі” ЗТБ төрағасы:
– Осындай форумдарда жаңа техника мен технологияны меңгерген жастардың ортамызда көп екенін, олардың өзгерістерден қорықпай, өміршең, серпінді жобаларын ұсынудан тартынбайтынын көріп, қуанамын. Себебі осындай креативті жастар барда еліміздің келешегі кемел болары сөзсіз.
Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ,
"Самұрық инновациялық
идеяларды дамыту орталығы”
қоғамдық қорының директоры:
– Белсенді жастар форумы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Желісі үзілмеген игі шара биыл да жалғасын тапты. Осы шара арқылы жастарға қатысты түйінді мәселелермен танысуға болады. Өңірімізде жастар саясатына байланысты атқарылып жатқан шаралар талқы таразысына салынып, жастардың жұмысқа орналысуы, өмірден өз орнын табуы секілді мәселелер қозғалады. Жалпы форумның жастарға берері көп деп есептеймін.
Жомарт КЕНЖЕБАЕВ,
"Жас Отан” ЖҚ облыстық
филиалының төраға орынбасары:
– Бүгінгі күні елімізде көптеген жастар ұйымдары белсенді жұмыс атқарып келеді. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» ЖҚ қоғамдық-саяси жұмыстардың көшбасшысы болып, жастардың белсенділігін арттыруға атсалысса, «Жасыл ел» еңбек жасағы тазалық, көгалдандыру жұмыстарына жәрдем ете отырып, табиғатты қорғауға үлкен үлес қосуда. Ал Қазақстан Студенттер альянсы, Қазақстан Жастар конгресі студент жастардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және тұрмыстық мәселелерін шешуде бастамашыл болып отыр. Форумда жастар осы аталған ұйымдардың жұмысымен танысуға мүмкіндік ала алады. Сонымен қатар басқосу барысындағы ұсыныстар ішінде жастар ұйымдарына арнап ғимарат салу мәселесін құптар едім. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов айтылған ұсынысты жіті назарға алатынын айтқанда көңіліме қуаныш ұялады.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.