Диқан қауым егінін жинап, көңілін бір демдейтін қоңыр күздің берекелі шағы биыл мерейлі мерекеге, ұлан-асыр ел тойына ұласты. Ол – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қабат келген даңғайыр диқан, күріштен дүниежүзілік рекорд жасап, өзін де, елін де жер-жаһанға танытқан екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы.
Ыбырай құдіретін әлемге әйгілеген жер мен дән, Сыр жері, Сыр күріші. Сондықтан диқан Ыбырай мен жер, дән – егіз ұғым. Сырда күріш негізгі дақыл болып орнығып, облыс егін шаруашылығының басым бағытына айналуы да Ыбырай Жақаев есімімен тікелей байланысты.
Даңқты диқан мерейтойына орай ертең облыс орталығында дән егіп, есімі дүниежүзі тарихына енген ерен еңбек иесіне арналған ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылады. Сенбі, жексенбі күндері салтанатты шаралар Шиелі ауданында жалғасады. Бұл егемендіктің тірегі – еңбекке, еңбек адамына деген ел құрметі.
Экономиканың нарықтық қатынастарға көшу және пайдаланылатын жер көлемдерін жекешелендіру кезеңінде бұрынғы ірі шаруашылықтар майда дербес ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлініп, жалпы егіс көлемінің қысқаруына әсер етті. Мәселен, 1991 жылы жалпы егіс көлемі 257 мың гектарды құраса, 2001 жылы 140,8 мың гектарға дейін төмендеп кетті. Ал, 2016 жылы мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде жалпы егіс көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 27,7 мың гектарға ұлғайтылып, 168,5 мың гектарды құрады. Оның ішінде аймақтың негізгі дақылы – күріш егісінің көлемі 21,0 мың гектарға арттырылып, 79,6 мың гектарға жетті.
Саланы әртараптандару бағытындағы дақылдардың көлемі нығайтылды. Тұқым шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың арқасында 2016 жылы егілген егіс көлемінің 99,7% жоғары репродукциялы тұқыммен себілді. Бұл облыс бойынша соңғы 20 жылда болмаған көрсеткіш. Нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда күріштің өнімділігі 12,0%-ға артып, үстіміздегі жылы барлығы 439,8 мың тонна күріш салысы жиналды және орта өнім 54,9 центнерден келді. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Өткен жылмен салыстырғанда жиналған күріш көлемі 3,8 мың гектарға кем болғанына қарамастан, жалпы өнім 16,2 мың тоннаға артық. Әртараптандыру бағытындағы майлы дақылдардан 5003 тонна өнім жиналды.
Сонымен қатар, 73,0 мың тонна картоп (2015 жылмен салыстырғанда 11,5 мың тоннаға артық), 96,7 мың тонна көкөніс (11,9 мың тоннаға артық) және 151,5 мың тонна бақша өнімдері (21 мың тоннаға артық) жиналды.
Облыс егіншілерінің негізгі мақсаты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы, өндірілген өнімді терең өңдеу арқылы оның экспорттық потенциалын арттыру болып табылады.
1991 жылға дейін облыста күріш ақтайтын бірнеше ғана зауыт болатын болса, бүгінгі күні аймақта әлемдік стандарттарға сәйкес күріш өңдейтін 17 ірі зауыт жұмыс істейді. Бұл зауыттардың жылдық қуаттылығы 514 мың тоннаны құрайды және жыл сайынғы жиналатын күріштің барлық көлемін өңдеуге толық мүмкіндік береді.
Үстіміздегі жылы Жалағаш ауданында «Магро» фермерлік қожалығы облыста алғашқы болып 54 гектар және Сырдария ауданының «Орда» шаруа қожалығы 100 гектар алқапқа қауынның бәсекеге қабілетті сорттарын егіп, 714 тонна қауынды Ресейге экспортқа шығарды. Сондай-ақ Жалағаш ауданында «АгроЭкоПродукт» ЖШС Қарағанды облысынан картоп дақылының 480 тонна 1-2 класс «Родриго» сортын әкеліп, 160 гектарға картоптың интенсивті сортын егуді жүзеге асырды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркі 35% жаңаланды.
Мал шаруашылығы саласында мал басының ең жоғарғы деңгейі 1991 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 20,5%, жылқы – 36,7%, түйе 43,8%-ға артты.
2011 жылдан бастап облыста «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба басталғалы 285 фермерлік шаруашылық 13,3 мың бас сиыр сатып алып, жоспар 34,4%-ға артық орындалды. Сонымен қатар, «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары табысты орындалуда.
20 жыл ішінде алғашқы рет құрама жем шығаратын зауыт іске қосылды. Осындай атқарылған ауқымды істердің арқасында үстіміздегі жылдың 9 айында облыс бойынша барлығы 23,5 мың тонна ет, 60,5 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өсім тиісінше 5,2% және 1,2% құрады.
Айта кету керек облыс әкімінің тікелей қолдауымен 3 жылдан бері шаруашылықтардың мал азығына жұмсалған шығындырын 100 пайызға дейін өтеу қарастырылған.
Бүгінде облыста өндірілген мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау мақсатында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Бір мезгілде 3000 бастан мүйізді ірі қара малын бордақылайтын екі мал бордақылау алаңы («Шаған жер» және «Сыр маржаны» ЖШС) салынды.
Облыста өңдірілетін сүттің 85 пайызы, еттің 84 пайызы жеке секторда өндіріледі. Сол сияқты, облыста өндірілетін жеміс-жидектің және көкөністің басым бөлігі де жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесінде. Бүгінгі күні жеке сектордың әлеуетін пайдалана отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту, әсіресе ұсақ отбасылық сүт, ет өндірістерін кооперациялау басты мақсат болып отыр.
Бұл бағытта жүргізіліп жатқан ұйымдастыру шараларының арқасында жыл басынан облыста 573 жеке шаруашылықтардың бірігуімен 104 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде, 17-сі мал шаруашылығына, 31-і егіншілік саласына, 32-сі кооператив өңдеу саласы, 1-і кооператив су шаруашылығы, 23 кооператив көпсалалы.
Жеке қожалықтарға қолдау көрсету мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы өңірімізге биылғы жылға 1741 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі бөлінді. Биылғы жылы ғалымдардың қатысуымен өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешеніне 12 инновациялық жоба енгізілуде.
Сонымен қатар, биылғы жыл аяғына дейін құс етін өндіру және экспорттау жөніндегі жобаны іске қосу бағытында жұмыс жасалуда. Жоба бойынша 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысы келер жылы салынады. Сонымен қатар, жылдық қуаттылығы 15 мың тонна томат пастасын өндіру, тәуліктік қуаттылығы 50 тонна шұбат өңдеу зауыттары, жылдық қуаттылығы 2 мың тонна шұжық және жартылай фабрикат өнімдерін өндіретін және күріш лапшасы комбинаттары іске қосылатын болады. Жалпы, облыс еңбеккерлері биылғы ауыл шаруашылығы жылын табысты қорытындылап, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына толымды тартулармен келіп отыр.
Бахыт ЖАХАНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.