АҚТӨБЕМЕН АЛЫС-БЕРІС АРТАДЫ

АҚТӨБЕМЕН АЛЫС-БЕРІС АРТАДЫАрадағы алыс-берісті, барыс-келісті бұрынғыдан бетер арттырмақ ниетпен Сыр еліне келген ақтөбелік делегация кешегі сенбіде облыс орталығындағы өндіріс орындарын аралады. Мемлекет қолдауымен өткен жылы өмірге жолдама алған «Жан-Арай жем» зауыты көрші өңір өкілдерінің қызығушылығын туғызды.

1994 жылы жеке кәсіпкер ретінде жұмыс бастаған серіктестік директоры Бақдәулет Мақашев бертін келе күріш жармасы мен түйіршіктелген құрама жем өндіретін, күріш ақтайтын кәсіпорынның ісін ілгерілете түсті. Сырдариядағы «БАҚ», «Ақжарма», Жаңақорғандағы «Түгіскен-Жер» секілді алты шаруашылықтың басын біріктіріп отырған «Жан-Арай жем» кооперативі диқандардың жиған-тергенін ақтаумен айналысады. Келісімшартқа сәйкес олар 6500 гектар жерге Сыр салысын егіп, әрқайсысынан 63,5 центнерден өнім алды.

– Кооперативтің басты артықшылығы, өзін-өзі қаржыландырады. Екіншіден, Сырдария ауданының Айдарлы елді мекеніндегі жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтып отыр. Сонымен бірге, бұл егін, балық, ара шаруашылығын қатар алып жүруге өте қолайлы, – дейді «Жан-Арай жем» ЖШС директорының орынбасары Қуат Шәкизадаев.

Қаз асырау фермасы да осы серіктестікке қарайды. Мұнда қазір 7 700 бас құс бар. Жоба Айдарлы ауылдық округіне қарасты Сорқұдық көлінің бойында жүзеге асырылуда.

Көршілер одан кейін серпінді жобалар қатарындағы шыны табақшаларын шығаратын зауыттың құрылыс алаңында болды. «Титов» ықшам ауданының индустриялық аймағындағы 50 гектар аумақты алып жатқан жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде. Қуаттылығы жылына 197 мың тонна табақша шыны шығаратын және өңдеуге лайықталған зауыттың құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 52,1 миллиард теңге. Қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестор ретінде қаржыландыруда. Операторы – «OrdaGlassLtd» серіктестігі. Қарапайым терезе әйнектерінен бастап IPhone, IPad шыныларына дейін өндіруді жоспарлап отырған зауыт өнімдерін ақтөбеліктер де сатып алуға ынталы.

Осы күні қызылордалықтар таң азанымен «Тағзым» алаңына қарай ағылды. Қоңсы қонған аймақ шаруалары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 300 тоннадан астам өнім ала келіпті. Тауар өндіруші және өңдеуші 120-дан астам кәсіпорын халыққа, атап айтқанда, 80 тонна ет, 100 тонна картоп пен көкөніс, 15 тонна сүт өнімдерін, осынша мөлшерде өсімдік майын ұсынды.

Жәрмеңке барысында қос аймақ басшылары брифинг берді.

– Ақтөбе облысында өндірісті, кәсіпкерлікті, аграрлық саланы дамытуда көптеген нәтиже бар. Ақтөбелік кәсіпкерлер Ресейдің аймақтарымен бірге Еуразиялық экономикалық аймақта тәжірибе жинақтаған. Осы орайда екі облыстағы шағын және орта бизнес өкілдерінің бір-бірінен үйренері көп. Бердібек Машбекұлының ұсынысымен осы көктемде Қызылорда облысының Ақтөбедегі күндерін өткіздік. Сыр еліндегі Ақтөбе күндері аясында екіжақты меморандумға қол қойдық. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлерге жаңа деңгейде жұмыс істеуге, жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаржылық дағдарыс кезінде экономиканы дамытудың қосымша көздерін іздеу басты назарда екенін жеткізді.

– Бүгінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың сырттан келетін тауарларды азайту мақсатында өңірлер арасындағы қарым-қатынасты нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Бұл – жергілікті кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Соңғы кездері біз Қызылорда облысынан ауыл шаруашылығы өнімдерін жеңілдетілген бағамен ала бастадық. Нәтижесінде халыққа қажетті азық-түлік өнімдері біршама арзандады. Мысалы, бұрын Ақтөбеде күріштің келісі 220 теңгеден болса, қазір 130-150 теңгеден сатылуда. Өңіраралық байланыс бұдан әрі де жандана түсетініне сенім зор, – деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қазан 2016 г. 748 0