АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНДЕРІ

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНДЕРІЕлбасының тапсырмасына сәйкес аймақтар арасындағы кооперациялық байланыс нығая түсті. Өңіраралық сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мақсатында 13-15 қазан күндері Сыр жерінде Ақтөбе облысының күндері өткізілуде.

Кеше Қорқыт ата атындағы әуежайдан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған делегацияны күтіп алды. Салт-дәстүрмен қонақжайлылық танытқан қызылордалықтарға ақтөбеліктер ықыласы да ерекше. Жалпы, өңірлік әріптестікті, облыстармен екіжақты байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл шараның екі тарапқа да берері мол болмақ. Дана халқымызда "Бармасаң, келмесең, жат боласың” деген ғибратты сөз бар. Өңірлер арасындағы мұндай әріптестік сапарды қызылордалықтар жыл басында бастаған-ды. Енді, міне, ақтөбелік ағайындар облысымызға келіп отыр. Көршілес өңірлер арасындағы сауда-экономикалық байланыс осыдан кейін тіпті арта түспек. Айта кетейік, өңірлердің ықпалдастығын арттыруға бағытталған шара ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

БАЙЫПТЫ БАЙЛАНЫСТАР БЕКИ БЕРЕДІ

Дана жұртымызда «Жақсыны көрмек үшін» деген қанатты сөз бар. Сондықтан меймандар назарына алдымен жақында пайдалануға берілген «Рәміздер алаңы», мұнан соң ұлы өзенді бойлай салынған «Тәуелсіздік» даңғылы ұсынылды. «Рәміздер алаңы» мен дария жағасындағы даңғыл жол қала күні мерекесі аясында ел игілігіне айналды. Екі аймақтың әкімі «Рәміздер алаңы» аллеясына ағаш отырғызды.
Мұнан соң делегация құрылысы бітуге жақын өзен үстінен салынып жатқан көпірге де аялдады. Себебі бұл – Сырдарияның сол жағалауында бой көтеретін, таяу болашақта 90 мың халық қоныс тебетін жаңа қаламен байланыстыратын көпір. Соңғы жылдары Сыр өңірі серпінді даму жолында. Мұнда табиғи өсім де жоғары. Міне, осы ретте сол жағалауға бастайтын ауқымды жобаның өмірлік қажеттілігі басым. 
Қадірлі қонақтар облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайында болды. Сонымен қатар, қала күні мерекесінде пайдалануға берілген, «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған «Сәулет» шағын ауданындағы 350 пәтерлік көпқабатты жеті тұрғын үйге де ат басын бұрды. Айта кетейік, облыс орталығында соңғы 3 жылда 11 жаңа шағын аудан бой көтерді. Ал биылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Сыр өңіріндегі жан жадыратар жағымды осы жаңалықтар меймандарымыздың көңілін тасытты.
***
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ КҮНДЕРІҚызылордада өтіп жатқан Ақтөбе облысының күндері аясында Облыстық мекемелер үйінде ақтөбелік делегаттар алдымен ситуациялық орталықтың жұмысымен және Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жобасымен танысты. Сонан соң екі облыстың басшылары өңіраралық әріптестікті нығайту туралы жиын өткізіп, Қызылорда облысы әкімдігі мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 
Жиынды ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңіраралық әріптестікті нығайтудың маңызына тоқталды және Сыр өңірінің әлеуметтік, экономикалық дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті. 
– Құрметті Бердібек Мәшбекұлы, қадірлі ақтөбелік әріптестер! Қазақтың жақсысы мен жайсаңдарын риза қылған, Елбасы «Алаштың анасына» балаған Сыр еліне қош келдіңіздер!Сыр өңірі Қорқыт бабамыздың, Әйтеке бидің, Жалаңтөс, Жанқожа батырлардың, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың, Ақын Нұртуғанның, Әбілда мен Нартайдың, Әбдіжәміл мен Қалтайдың туған өлкесі. Тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуына зор үлес қосқан Елбасының сенімді серіктерінің бірі  Бердібек Мәшбекұлы да осы өңірдің тумасы. Сондықтан туған жерге қош келдіңіз. Осындай киелі мекенге ат басын бұрған ақтөбелік әріптестерімізге де көш көлікті, табысты, берекелі болсын дейміз. Бүгінгі басқосу – Сыр елі мен Ақтөбенің бүгінін баянды, ертеңін еңселі, келешегін кемел ету жолында  маңызды   кездесу деп есептеймін. 
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өңіраралық кооперациялар құрып, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани қарым-қатынасты күшейтуді, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуды тапсырды.  Міне, Елбасы тапсырмасына сәйкес, бүгін Сыр төрінде достық, адал ниеттестік рухта Ақтөбе мен Қызылорда өңірлерінің екі жақты ынтымақтастық байланысын нығайту үшін бас қосып отырмыз. Екі облыс арасындағы өңіраралық кооперацияларды дамыту шаралары наурыз айында басталып та кетті. Біздің облыстан күріш, балық, ас тұзы, шұбат, шұжық және бау-бақша өнімдері ақтөбеліктерге ұсынылды. Өз кезегінде ақтөбеден бізге құрылыс материалдары, асыл тұқымды мал жеткізілді,– дей келе, аймақ басшысы Қ.Көшербаев облыстың даму барысына тоқталды. 
– Елбасы «Тәуелсіздік жылдарын¬дағы жетістіктерді бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деп атап өткен болатын. Басқа салаларды айтпағанның өзінде, соңғы 2 жылда Қызылорда облысында құрылыс көлемі 3,5 есе, облыс орталығында 8 есе өсті. Үш жылда тек қызылордада 11 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Кезекте тұрғандардың 28 пайызы жаңа қоныстың тойын тойлады. Қалада биылғы жылдың өзінде 4030 пәтерді құрайтын 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы салынуда, – деп атап өтті аймақ басшысы. 
Кездесуде сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қонақжайлылық танытып, құшақ жая қарсы алған қызылордалықтарға алғысын айтып, өңіраралық әріптестік бағытында екі облыс арасында бірқатар ауқымды жұмыстардың атқарылатынын айтты және Ақтөбе облысының даму барысына тоқталды. 
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, қадірлі жерлестер! Ақтөбеліктер атынан сіздерге шақырған¬дарыңызға, көрсетіп жатқан сый-құрметтеріңізге алғысымды айтамын. Ақтөбе мен Қызылорда облысы ғасырлар бойынан келе жатқан араласып, құраласып жүрген көрші өңірлер. Ендігі міндет сол ата-бабамыздан байланысты нығайтып, Елбасы тапсырған өңіраралық кооперацияны  дамытуымыз керек.  Қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде ең бір керек нәрсе ол – мемлекеттің ішіндегі аймақтардың бір-бірімен араласуы. Яғни, сырттан келген импорттық өнімдерді азайтып, өзіміздің жерлестеріміздің шығарып жатқан өнімдерін пайдалануымыз керек. Бұл байланыс екі облыс арасында биылдан басталды. Халыққа керекті деген 33 түрлі ауылшаруашылық өнімдері бекітіліп, олар 15-20 пайыз жеңілдетілген бағада ақтөбеліктерге ұсынылып жатыр. Бүгінде Ақтөбе халқы қызылордалықтардың өнімдеріне үйреніп қалды. Әсіресе, күріш, тұз, балыққа сұраныс көп. Осы кездесуде сіздерге үлкен рахметімді айтамын. Алдағы уақытта да екі облыс арасындағы байланыс нығая береді деп ойлаймын. Келешекті ойласақ, бір-бірімізге осылайша көмектесуіміз керек, бір-бірімізбен қоян-қолтық жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын,– дей келе, Бердібек Мәшбекұлы Ақтөбе облысының даму барысы туралы айтып өтті. 
Кездесу барысында сонымен бірге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазив пен Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов меморандум аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. 
Соңында екі облыс басшылары Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасында өңіраралық кооперацияны дамыту туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
***
Өңірімізге келген меймандар алдымен аудандарда болып, тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Мұнан кейін қала орталығындағы бірқатар нысандарды аралады.  Осы орайда қаладағы «Арай» ойын-сауық кешені паркінің алаңында Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығы оқушыларының кеме және ұшақ  үлгілерінің көрмесі өтті.
Шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  пен  Ақтөбе облысының әкімі  Бердібек Сапарбаев жас өнертапқыштардың кемелері мен ұшақтарының әуеде қалықтағанын және суда жүзгенін  тамашалады. 
Осы ретте облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев  Ақтөбе облысынан келген оқушылар түске дейін Оқушылар сарайында болып, картинг үйірмесінің жұмысын көріп, біздің шәкірттермен бірлесіп шеберлік сабағын өткізгенін айтты. Шеберлік сабағы картинг және робот технологиясына байланысты өрбіген. Сонымен қатар алдағы жоспар бойынша Қызылорда да жас өнертапқыштар орталығын құруды көздеп отырғанын жеткізді. Бұл іске Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының мамандары көмектесетінін де тілге тиек етті.  Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы көлік техникалық колледжі мен Ақтөбе теміржол техникалық  колледжі  арасында жасалған меморандумға қол қойылғанын, енді алдағы уақытта бірлесе жемісті жұмыстар атқаратынын  да  атады. 
Ал, шараға қатысқан аталған орталықтың маманы Константин Филименюк жас өнертап¬қыштардың шығармашылығы мен жетістіктері жайлы кеңінен әңгімеледі. Соның ішінде 8-сынып оқушысы Алина Филименюк 6 жылдан бері осы орталықта өзінің кеме, қайық жасау жобаларын жүзеге асырып келеді. Ол осы көрмеде қайықтың үлгісін және оның суда қалай жүзетінін көрсетті. 
Көрмеде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қалалық техникалық шығармашылық орталығының жұмысы көңіл қуантарлық екенін айта келе, жас өнертапқыштардың жеткен жетістігі аз емес екеніне тоқталды.  Сонымен бірге олар  халықаралық ірі байқауларда топ жарып жүр. 
Шара соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  жас өнертапқыштардың еңбегін жоғары бағалап, алғысын білдірді.

***
Аймақтағы Ақтөбе облысының күндеріне орай батыстық кәсіпкерлердің қатысуымен өңірлік кәсіпкерлер палатасында семинар-кеңес өткізілді. 
Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, халқының көбі нәпақасын жеке кәсіптен тауып жүрген Сыр өңірінде сала бойынша атқарылған шаруаның ауқымы кең. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша ел азаматтарына көрсетіліп жатқан жеңілдіктердің де салмағы басым. Қызылорда өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жиында аймақ дамуындағы кәсіпкерліктің рөлі жайлы сөз қозғады. Айталық, облыста қарқын алған «Микробизнес Қызылорда»  пилоттық жобасының негізінде ауыл азаматтарына үлкен жеңілдіктер жасалуда.
Сыр өңіріндегі кәсіпкерліктің даму қарқынына көз жеткізген батыстық қонақтар аймақаралық әріптестікті нығайтуды мақсат еткен ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, техниканың түр-түрі, өрт сөндіру жабдықтары, құрылыс материалдары, газоблоктар мен бағдаршамдар Ақтөбе зауытынан республиканың түкпір-түкпіріне жол тартады. Сондай-ақ, IT-технологияның Ақтөбедегі дамуы да ерекше.
Семинар-кеңес қорытындысымен екі облыс арасында меморандумға қол қойылды. Қос облыстың сала басшылары әріптестік байланыстың әрі қарай нығаю жолындағы жұмыстар жалғасын табатынын жеткізді.
***
Ақтөбе облысының Қызылордадағы күндері аясында батыстан келген жас өнерпаздар Сыр жұртшылығын қуанышқа бөледі. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде өткен концерттік шарада Ақтөбе облысынан 25 өнерпаздан құралған студенттер театры елдегі актуальды мәселелерді тақырып тиегіне айналдырып, бірнеше қойылым сахналады.

Тұрмысқа шыға сала күйеуінен астына шетелдік көлік, басына заманауи коттедж талап ететін кейбір келіндер мен зәулім сарайға енесін сыйдырмайтындардың жағымсыз әрекеттерін сынап, отбасын құрудағы бақыттың кілтін қойылым арқылы көрсеткен театр ұжымы қазақтың қазақтығы мен азаттығын танытатын асқақ үнімен қоса келді. Батыстың беткеұстарына айналған С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеттері студенттерінен құралған «Алаш», «Тұмар» студенттер театры жас та болса, өнер әлеміне өздерінің тың бастамаларымен келген.
– Біз мұнда «Мен – қазақпын» және «Өмір жайлы» қойылымдарын сахналадық. Алғашқы қойылымда рухы асқақ, мерейі үстем қазақ халқының батыр-баһадүрлер мен ұлтжанды ұлылардан кенде қалмағанын көрсеткіміз келді. Ал «Өмір жайлы» қойылымында бүгінгі қоғамның басты мәселелерінің бірі – ажырасу мәселесін қаузадық, – дейді қос театрдың жетекшісі Артур Әзиев.
Жастар театры арасындағы республикалық, халықаралық фестивальдардан топ жарып жүрген студенттер театры артистерінің қатарына жақында ғана енген Ғалымжан Ерназаров бүгін алғашқы рөлдерінің бірін сахналайды. «Мен – қазақпын» қойылымында өзін көрсеткен ол әртістік өнердің қиын екенін жеткізді. «Театрда өнер көрсету, әрине, қиын. Дегенмен, біз осы салаға деген құштарлығымыз бен махаббатымыз арқылы қиындықтарға төтеп беруді үйреніп келеміз», – деді ол бізбен әңгімесінде.
Шара барысында өнерпаздар көрермендерді жігерлендіріп, ұлттық рухты паш ететін ұлт¬жандылық тақырыбындағы әндерін шырқады. Батырлардың ұрпағы екенін мақтан еткен өнерпаздардың кейбірі зілтемірді тісімен көтерсе, енді бірі сым темірді жалаң қолымен майыстырып, көрермен ықыласына бөленді.

***
Қызылорда облысындағы Ақтөбе күндерi аясында «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда іскерлік тәжірибе алмасу» семинары ұйымдастырылды.
Семинар аясында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырушы Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы жастар ресурстық орталықтары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Жасұлан Алдабергенов қонақтарды  атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
– «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі Қызылорда облысының жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету және NEET санатына жататын жастармен жұмыс жасау жөніндегі салааралық іс-қимыл жоспарына сәйкес біршама жұмыс атқарып келеді. Орталық тарапынан есепті кезеңде 810-ға жуық шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы бағдарламасы аясында 800-ге жуық жас жұмыспен қамтылып, «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы арқылы 17 мекемеге 282 жас жұмысқа жіберілді. Семинар барысында екі жақтың жұмыс істеу процессінің ұқсастығына көз жеткіздік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс жасайтынымызға сенім білдіремін,- деді Ж.Алдабергенов.

***
«Алтын аймақ Ақтөбеден – шежірелі Сыр еліне». Достығы бекемделе, өрісі кеңейе түскен қос облыстың құрметіне қойылған мерекелік концерт осылай аталды. Ақтөбелік талантты өнерпаздардың әсем әнін, күмбірлеген күйін тыңдап, әсем бишілерінің өнеріне куә болған сырбойылықтар үлкен әсерге бөленіп, зор қошемет көрсетті. Мерекелік концертті көпшілікпен бірге Ақтөбе облысының әкімі Бердікбек Сапарбаев пен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та тамашалады.
Кеш шымылдығы бишілер биімен ашылып, Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің «Тойбастарымен» жалғасын тапты. Дәурен Ғылымов жетекшілік ететін ұжым биік талғам мен талап үйлескен өзге туындыларды да көрермен назарына ұсынып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Кеште бұлбұл дауысты Светлана Айтбаева, Есенгелді Ырза, Гүлжан Жұбанышова ән шырқады. Сондай-ақ, Жайлау Асылханұлы қазақтың қасиетті қара домбырасынан күй төксе, камералық хор оркестрі «Қарлығаш» әнін қалықтатты. Сырда туып, қырда өнер көрсетіп жүрген, ұлттық өнер тарландары, жерлестеріміз Құралай Әленова, Демеу Жолымбетов, Өмірқұл Айниязовтар күміс көмейден терме төгіп, жырдан шашу шашты. Концертте Сыр еліне арналған әсем ән де орындалды, Жадыра Арыстанова құлақтан кіріп бойды алар «Сыр сұлуын» шырқады. 
Кеш соңында қос аймақ басшыларының атынан ықылас гүлі сахнаға қойылып, «Атамекен» әні орындалды.

***

Ақтөбе облысының Сыр өңіріндегі күндері 13 қазан, бейсенбі күні таңертең Арал ауданынан басталды.
Мәртебелі меймандарды аудан әкімі Абзал Мұхимов күтіп алды. Ақтөбеліктердің ақжолтай сәлемін ала келген ағайынға Сыр мақамын насихаттап жүрген Ерсейіт Әлиев өз арнауын жеткізді. Мұнан соң Ақтөбе облысына қарасты 12 ауданның әкімі мен бірқатар басқарма басшыларынан құралған делегация өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Көрші облыстан келген қадірлі меймандар аудан орталығындағы Рәміздер алаңы, Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйі, Мәңгілік алау мен аймақтың мақтанышына айналған перзенттері Төлеген Медетбаев пен Зейнолла Шүкіровтің ескерткіштерімен танысты.
 Мұнан соң делегация мүшелері Қамбаш көлінің жағасында орналасқан «Қамбаш балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында» болды. Аталған орталықтың ілкімді істерімен танысқан ақтөбеліктер мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.
«Қамбаш балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы» өткен жылдан бастап жұмыс  жасайды. Жаз мезгілінде 7 ауысым бойынша қызмет көрсететін орталықта балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында әр түрлі бағытта үйірмелер ұйымдастырылған. Сонымен қатар, білім сапасын жақсарту мақсатында оқушыларды ҰБТ-ға дайындау жұмысы да бір жүйеге қойылды. Мұндағы мамандар бұл жұмыстардың жақсы нәтиже беріп жатқанын жеткізді.  Аталған орталықта мектеп бітіруші түлектер төрт негізгі пән және бесінші таңдау пәні бойынша тереңдетіп білім алады. Сонымен қатар, балаларға орталықтың тәлімгерлері тәрбиелік іс-шара жұмыстарын жүргізеді. Нысанда барлық жағдай жасалған. Жатын бөлмесі, емдеу-профилактикалық корпусы мен асханасы бар. "Қамбаш балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында” болған мәртебелі меймандарға облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев аймақтағы білім саласын дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Делегация мүшелері аталған орталықтың жұмысына жоғары баға беріп, тәжірибе алмасатындарын жеткізді. 
– Елбасымыздың өңіраралық бірлестікті дамыту мақсатында Қызылорда облысының білім басқар¬масымен бірлесіп, үстіміздегі жылдың қыс мезгілінде меморандумға қол қойдық. Меморандумның негізгі мақсаты – қос өңірдің тәжірибе алмасуы арқылы үлкен жетістіктерге қол жету. Бүгін Сыр өңірінде орналасқан осындай сауықтыру орталығының жұмысымен танысып жатырмыз. Біздің өңірде де облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бас¬тамасымен осындай орталық ашу жоспарымызда бар. Алдағы уақытта біз осында көрген, жинаған тәжірибемізді өңірімізде ашылатын орталықтың жұмысына да енгізуді қолға аламыз. Бізді әсіресе орталықтың балаларды ҰБТ-ға дайындау жұмысы қызықтырып отыр, – дейді Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Райхан Нұрқожаева.
Арал ауданында атқарылған ауқымды жұмыстардың куәсі болған делегация мүшелері Қазалы ауданына барып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен аудан орталығындағы саябақта болған ақтөбеліктер мәдениет үйі қызметкерлерінің дайындаған концертін тамашалады. Мұнан соң оларды Қазалы ауданының әкімі Нәжмаддин Шамұратов бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстырды. Ел тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы аясында өңірде ауқымды істер қолға алынған. Аудан орталығындағы бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, имандылық үйінің де құрылысы аяқталуға жақын.  Аудан әкімі Н.Шамұратов делегация мүшелерін 29-30 қазан күндері Қазалы ауданында өтетін ауқымды мерекеге шақырды.
Көрші облыстан келген қонақтар Қазалы көлік-техникалық колледжінде жұмысшы және орта буынды мамандықтарды даярлау тәжірибесімен танысты. Сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай, ортақ мамандар даярлауда мүддесі бір болған іргелі ұжыммен Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі арасында кәсіптік білім беру және мамандар даярлау саласындағы серіктестік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты техникалық және кәсіптік білім беру, перспективтік жобаларды дамыту саласындағы тараптар ынтымақтастығы, білім беру бағдарламасындағы өзара әрекеттестік, оқытушылар және студенттермен тәжірибе алмасу, аймақтағы инновациялық ынтымақтастық бағыттарын қамтиды. 
Қазалы көлік-техникалық колледжі 1929 жылдан бері теміржол саласына білікті мамандарды  даярлап келеді. Бір ғасырға жуық тарихы бар колледжі қазіргі таңда еңбек нарығына қажетті  11 мамандық бойынша кәсіби білікті мамандар дайындауда. Ұжымда 120 инженер-педагог еңбек етеді. Бүгінде мемлекеттік тапсырыс негізінде 706 оқушы білім алуда. Мамандықты оқытуға арналған 36 оқу кабинеті, оның ішінде 24 арнаулы пән, 12 жалпы білім беретін пән кабинеттері, 6 шеберхана, 4 зертхана және 3 полигон, 150 орынды клуб, 100 орындық асхана, 100 орынды жатақхана, кітапхана, оқу-жаттығу залы және жылыжай жұмыс жасайды.
Колледж ұжымы 2015 жылы Бүкіләлемдік банк қарызы есебінен қаржы¬ландырылатын «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту» Жобасына қатысып, 57 млн теңгені құрайтын грант иегері атанды. Қазақстан Республикасы Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы «Техникалық және кәсіптік білімді жаң¬ғырту» жобасына қатысқан колледж ұжымы оқу-өндірістік құралдар мен мультимедиялық құрылғыларды жаңадан толықтырды. Инженер-педагогтар Франция, Германия, Чехия, Ресей, Белоруссия мемлекеттерінде халықаралық деңгейде білімдерін жетілдірді. Аталған жоба аясында өндірістік оқу құралдарын бірге пайдалану үшін «Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі» ұжымымен екі жылдан бері әріптестік қарым-қатынас орнатып келеді.
Тарихи тұлғаларға бай өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан меймандар аудан әкімінің жүйелі жұмыстарына оң баға беріп, барлық сала бойынша аймақта ілгерілеушілік байқалатынын жеткізді. Мұнан соң делегация мүшелері Байқоңыр қаласына барып ғарыш айлағында орналасқан музейдің жұмысымен, онда сақталған көне құралдармен танысты.  
Жер кіндігі – Байқоңырдың тарихы атағы әлемге мәшһүр саңлақтардың есімімен тығыз байланысты. Олардың тынымсыз ғылыми ізденістерінің нәтижесінде ең алғаш ғарышқа Юрий Гагарин көтерілген болатын. Мұражайда осынау адамзат баласы жетістігінің қалыптасу тарихы толыққанды қамтылған. Аталған тарихи-мәдени орын академик, зымыран-ғарыш жүйелерінің бас конструкторы С.П.Королев пен полигон басшысы К.В.Герчиктің бастамасымен жүзеге асқан. Онда жеті зал бар. Төрт зал ғарыш айлағының құрылуы мен даму тарихынан сыр шертсе, екеуі ғарыш айлағы аумағындағы халықаралық ынтымақтастыққа арналған. Ал, экспозициялық зал ғарыш саласындағы мекемелер туралы ақпараттан хабардар етеді. Мұражай директоры барлық залдағы мәліметтерді таныстырып, тың деректерімен бөлісті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мұражайда он мыңнан аса экспонат орналасқан. 
Ғарыш мұражайымен танысқан мәртебелі меймандар келесі күні Қармақшы ауданына жол жүріп, Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барды. Тұтас түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт бабаның кешені бүгінде қайта жаңғыртудан өткен. Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған құрылыс кешенінің биіктігін 2,7 метрге көтерді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер аллеясы кеңейтіліп, кіреберісіне «Қасиетті арқар» мүсіні қойылды. Бүгінде дәулетті елдің сәулетін асырған киелі жер күллі түркітілдес елдердің орталығына, тағзым етер қасиетті мекенге айналды. Алдымен кешендегі мұражай жұмысымен танысқан қонақтарға аудан әкімі Сұлтан Мақашов бұл өңірдің тарихи және киелі мекен екенін жеткізді. Оғыздардың астанасы Жанкент, Сақтардың астанасы Шірік-рабат секілді қалалар бой көтеріп, тарихымыз ұлт пен ұлысқа қорған болған жәдігерлерден тұратынын айтты. Мәдени кешеннің ғимаратымен танысқан делегация мүшелері Қорқыт бабаның рухына құран бағыштады. Зиярат ету орталығының жұмысына қаныққан меймандар Қармақшы ауданындағы бірқатар тарихи ескерткіштермен танысты. Сондай-ақ, ақтөбелік делегация Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында болды. Ауылда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды аудан әкімі Ғанибек Қазантаев таныстырды.
Жыл сайын абаттанған ауылдағы әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін, сондай-ақ, көркейтіп-көгалдандыруға 40-50 млн теңгедей қаржы жұмсалады. Сондай-ақ, ауылды көгалдандыру мен өсірілген гүлдерді баптау жұмыстары 40 шақты қызметкерге жүктелген.
Меймандар ауылдағы мәдениет үйін, былтыр пайдалануға берілген мешіт пен спорттық кешенді тамашалады. Жасыл желекке оранған елді мекеннің көркіне, қалаға ұқсас сәулетіне таңданысқан ақтөбеліктер ауылдағы ат¬қарылған ілкімді істерге риза болысты.  
Нағи атындағы ауылдың биылғы басты жаңалығы – «Мағжан и К» шаруашылығы өз қызметкерлеріне тұрғын үй салып беруді бастаған. Шаруашылық жыл сайын 20 шақты үйді тұрғызуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, биыл ауылдық әкімдік ғимаратының құрылысына  да кіріседі. 
Жалпы, дәулеті мен сәулеті келіскен ауыл ақтөбеліктерді үлкен әсерге бөледі.
«Сыр бойының» тілшілер тобы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2016 г. 1 015 0