« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қала күні мерекесі аясында орталық алаңда бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Салтанатты шараны аймақ тұрғындарымен бірге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тамашалап, көпшіліктің қуанышымен ортақтасты.
– Береке-бірлігі бұзылмаған Ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған Қызылорда қаласының туған күнін атап өтудегі басты мақсат – жыл көлемінде өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып, аянбай еңбек етіп жүрген жерлестерімізге алғысымызды білдіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлау. Халқымыздың ең басты құндылығы Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында ұйымдастырылып отырған айтулы шарада әр отбасына бақ-береке, мерекелік көңіл-күй, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді Қ.Көшербаев.
Аймақ басшысының құттықтауынан соң батпырауықтар мен гүлдер фестивалі қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ал былтырдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан қауын-қарбыз бен қымыз-шұбат фестивалінде тұрғындар сырбойылық бағбандардың өсірген қауын-қарбыздарынан тегін дәм татса, Аралдан бастап Жаңақорғанға дейінгі аралықтағы шипалы шұбат, қымыз өндірушілер қонақтарға ұлттық брендке айналған сусындарын ұсынды. Қазалылық "Серімов Кеңес” шаруа қожалығының қызметкері Бағымша Тәжібаеваның айтуынша, қожалық облыстық фестивальға 75 литр қымыз бен шұбат әкелген. Сонымен қатар, 100 дана қауын-қарбыз, бақша дақылдарынан жасалған өнімдері бар. Мереке қарсаңында өзге аудандар да жергілікті өнімдерімен ерекшеленді.
Мұнан кейін фестиваль ұлттық ойындармен жалғасты. Сайыс барысында шаршы алаң шеңберінде мықтылар анықталды. Сондай-ақ, ертегі кейіпкерлерінің шеруі өтті. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған игілікті шаралардың барлығы да көпшіліктің көңілінен шықты. Орталық алаңдағы субұрқақтың ашылуы да өңір тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ашылу салтанатына аймақ басшысы да қатысып, жұртшылықтың қуанышына ортақтасты.
«ТехоснасткаРемсервис» ЖШС мердігер мекемесімен салынған субұрқақтың жалпы сметалық құны 196 млн 297 мың теңгені құрайды. 168 түрлі түске енетін субұрқақ 30 метр биіктікке дейін су бүрки алады. Ал сыртқы беті керамогранит және ішкі беті гранит тастарымен қапталған. Әртүрлі түске енетін субұрқақ қала келбетіне айтарлықтай шырай беруде.
Мерекелік шара соңында еліміздің танымал эстрада жұлдыздары Жанар Дұғалова, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, «Жігіттер» квартеті және жергілікті өнер иелерінің қатысуымен өткен гала-концертке ұласып, мерекелік отшашу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бірқатар өнер иелері қаламыздың соңғы жылдары қарыштап дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Туған жеріме, яғни Сыр өңіріне келген сайын айтарлықтай оң өзгерістерге көз жеткіземіз. Бұл соңғы жылдары Қызылорда облысында ауқымды істердің жасалып жатқанын көрсетеді. Бүгіннің өзінде бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, көпшіліктің қуанышқа кенеліп жатқанын естіп жатырмыз. Жерлестеріміздің қуанышына ортақтасу мақсатында біз де ән-шашумен мерекенің көңілді өтуіне атсалысудамыз. Барша қызылордалықтарды шаһарымыздың мерейлі мерекесімен құттықтаймын. Сыр жұртшылығына Қызылордамыз дәл осындай қарқынмен дами берсін деген тілегімді жеткіземін, – деді ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мадина Сәдуақасова.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
Суреттер: Бағдат
ЕСЖАНОВ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |