ЖАҢА САПАРЖАЙДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП

Қызылордадан солтүстік аудандарға – Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария мен Жалағашқа қатынайтын автобустар бұдан былай жаңа сапаржайдан шығады. Ол қаладағы бұрынғы автобус паркінің орнына салынды.

ЖАҢА САПАРЖАЙДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП«Солтүстік» автококзалының ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев:

– «Романов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік-жеке­мен­шік әріптестік негізінде өз қаражаты есебінен бұрынғы автобус паркі ғима­ратын толықтай қайта жаңғыртудан өткізіп, пайдалануға беріп отыр. Жаңа сапар­жайдан жасаған сапарларыңыз сәтті, жолдарыңыз оң болсын! – деді.

Жайлы әрі жылы орында жолаушы­ларға ыңғайлы жағдай жасалған. Күту залы, медициналық бекет, асханасы, қонақ­ үйі, ана мен бала бөлмесіне дейін бар. Қаланың оңтүстік бөлігіндегі орталық автококзалдан қоғамдық көліктер Жа­ңақорған, Шиелі аудандарына, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларына қатынап жүр. Ал солтүстік аудандарға баратын автобустардың жаңа тұрағындағы бір артықшылық – диспетчер келіп-кету уақытын хабарлайды.

Осыған дейін қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қа­на­ғаттандыру және шаһардағы көлік қа­тынасын дамыту мақсатында жер­гілікті бюджеттен бөлінген 500 млн тең­геге экологиялық таза, мүмкіндігі шек­теулі азаматтар үшін қолжетімді 20 ав­тобус жеткізілген болатын. Жақсы жоба жалғасын тапты. «Байқоңыр» ӘКК мен «Еуропалық қайта құру және даму» банкі ара­сындағы келісімге сәйкес биыл «Қы­зылорда Автобус паркі» тағы 92 жаңа автобуспен толықты.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2016 г. 970 0