ҰЛТТЫҢ РУХЫН КӨТЕРЕР РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ел тарихы толағай табыстармен қашалып, ел жадында сақталары сөзсіз. Бұл орайда Алаштың анасы атанған өңір қосар үлес орасан. Өткен апта соңында тойланған Қала күні мерекесі бұл ойымызды нақтылай түседі. Болашаққа сенімі нық, жаңарған, жасарған Қызылорданың төл мерекесінде бірнеше әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Мерекелеген жұртшылық ең алдымен Рәміздер алаңының ашылу салтанатына куә болды. 3 гектар аумақты алып жатқан алаң­да Елтаңбамыз, Әнұранымыз және 60 метрлік биіктікте көк байрағымыз орналасқан. Жалпы құны 326,4 млн теңгені құраған жоба ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай салынған.

Мерекелік шараларға Парламент Сенатының депутаты М.Бақ­тиярұлы, Мәжіліс депутаттары А.Ералиев, Б.Кесебаева қатысты. Рәміздер алаңының ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.

ҰЛТТЫҢ РУХЫН КӨТЕРЕР РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ– «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуел­сіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қас­терлеуіміз керек» – деп Елбасы баса айтқан болатын. Сон­дықтан да, бүгін Сыр елінің орталығы Қызылорда ­қала­сы­ның күніне орай, киелі Алаштың анасының төрінен, өңі­рі­міздің үлкен маржаны саналатын Сырдарияның жаға­лауы­нан көк байрағымызды биікке көтеріп, «Мемлекеттік Рәміздер Аллеясы» ашылып отыр. Баршаңызды мерейлі мереке­мен шын жүректен құттықтаймын, Тәуелсіздігіміз баянды, бірлігіміз бекем болсын! Жігерін еңбекке жаныған халқы бар еліміздің ертеңі жарқын болғай! Көк туымыз көкте мәң­гі желбірей берсін! Тәуелсіз Қазақстан жасасын! Еліміз, ­Елбасы­мыз аман болсын! – деді кіріспе сөзінде аймақ басшысы.

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, ел болашағының кепілі. Ата-бабамыз осы күнді аңсап қан мен тер төкті, алмағайып замандарды бастан кешірді. Аллаға мың тәубе, бүгінгі ұрпақ осынау бақытты шақтың бесігінде тербеліп, азат елдің азаматы боп ер жетіп келеді. Аймақ басшысы құттықтау сөзінде егемен еліміздің бүгінгі биікке жетуі жолындағы Елбасымыздың ерен еңбегін тілге тиек етті.

– Алтай құлазып, Арқа аңырап, Тұран тұнжыраған заман артта қалды. Екі ғасыр тоғысында жаңаша тарихқа бас­тайтын Тұлға дүниеге келді. Тәуелсіз ел болдық, кеше ғана Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылар сәтте Еуразия төрінде, қазақтың Сарыарқасында зәулім Астана бой көтерді. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан азат еліміздің көк байрағы көтерілді. Тіліміз жаңғырып, діліміз бекіді, дініміз оралды, тәуелсіз ел дамуының тағдыры таңдалды. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының «Тәуелсіздік жылда­рындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі шапағат дарыған киелі Сырдың келбетін айғақтап тұр, – деді облыс әкімі.

Тәуелсіздік жылдарында Сыр елі шыққан тұғыр ең­селі. Аймақ басшысы осы уақыт аралығында облыстың өсіп-өркендеуіне, Қызылорда қаласының жыл сайын әлеуеті артып келе жатқандығына тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдарынан бері облыс тұрғындарының саны 800 мыңға жетті. Елбасы қамқорлығының арқасында Арал теңізі қайта оралуда. Жыл сайын 197 мың тонна шыны табақшаларын шығаратын Қызылорда қаласындағы шыны зауытын, «Шалқия» кен байыту фабрикасын, Қармақшы ауданында жоғары экологиялық сипаттағы «К4», «К5» класты мотор майларын өндіретін зауытты, «Бала-Сауысқандық» ванадий кенішін игеру, Аралда кальцийлендірілген сода зауытын, жылына 160 мың тонна аз аллюминилі ферросилиций шығаратын ферроқорытпа зауытын және 2 цемент зауытын іске қосу жоспарланса, соңғы жылда тәулігіне 80 тонна құрама жем шығаратын «Жан Арай Жем» құрама жем зауыты құрылып, жылына 80 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығаратын Үй құрылысы комбинаты ашылды. Сонымен бірге бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба­лар тұрақты пайдалануға берілді, олардың қатарында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі, «Жез­қазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры бар. Соңғы төрт жыл­да әлеуметтік мәселелерді қаржыландыру бойынша алға шыққан аймағымыздың бюджеті 2,5 есе өсті. Мұның бар­­лығы – Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ғана қойылған талаптар, жүзеге асқан мақсаттар! – деген аймақ басшысы өңірдің дамуы үшін іргелі қадамдар жасалып жатқандығын, Елбасы қамқорлығындағы өңірдің болашағы зор екендігін айтты.

Облыс экономикасын әртараптандыру нәтижесінде өң­деуші секторда өнім өндіру соңғы төрт жылдың өзінде ғана 40%-ға өсті. Қызылорда орталығында соңғы үш жылда жаңа 11 шағын аудан бой көтерді. Алдағы мақсат – дарияның сол жағалауына жаңа қала салынбақ.

Облыс әкімінің сөзінен соң Рәміздер алаңындағы көк байрағымыз көкке көтеріліп, ел Әнұраны орындалды. Шараға келген тұрғындар мен қала қонақтары рәміздердің көркіне көзтояр әсем орнатылғандығына ризашылықтарын жеткізді. Жастардың патриоттық тұрғыда тәрбиеленіп, отан­сүйгіштік қасиетті бойларына сіңіруіне негіз болар дүние жасалғандығына, бой сергітіп, демалар орындар қатары көбейгендігіне қуанды.

 

Нағымжан САУЯЕВ,

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қыркүйек 2016 г. 1 210 0