Сәулеті келісті, дәулеті өрісті Қазалы

Сәулеті келісті, дәулеті өрісті ҚазалыТарихы тереңнен бастау алатын Қазалы ауданының Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында алар орны ерекше екені баршаға аян. Ауданның индустриялық-инно­вациялық жобаларды iске асыру, өндiрiстi индустрияландыру, аг­ро­өнеркәсiптiк кешендi дамыту, ха­лықтың әл-ауқатын жақсарту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамы­ту тұрғысындағы ­толымды тір­ліктері ауыз толтырып айтар­лықтай. Сүйсінерлігі, мұндай жа­ғым­­ды жаңалықтар шалғай елді мекен­дерде де көрініс табуда. 
Аудан әкімі Нажмадин Шамұ­ратов басшылық қызметте тәжіри­бесі толысқан, өмірден көрген-түйгені мол азамат. Оған қоса төл перзенті ретінде Қазалының тыныс-тіршілігіне жете қанық. «Ауылына қарап – азаматын таны».  Газет тілшісінің аудандағы қолға алынған игілікті істер мен алдағы уақытта атқарылар шаруалар жайын білмек оймен  әкіммен жасаған сұхбаты осы қағидадан туындаған еді. 
– «Туған ай – тураған етпен тең» деген бар. Міне, тағы бір жылды еңсеріп келеміз. Ендеше әңгімеміздің желісін жыл көлемінде атқарылған нақты жұмыстар,  жүзеге асып жатқан жоспарлардан бастасақ...
– «Қоғамның басты байлығы – адам» деген ұстаным өзінің өміршеңдігін ешқашан жоғалтпақ емес. Қандай игілікті шара атқарылмасын бәрі адам игілігі, болашақ ұрпақтың қамы үшін жасалары даусыз. Біз де осы қағидадан табылуға тырысып-бағудамыз. Ал қаншалықты деңгейде келеміз, оның бағасын беретін халық екені тағы рас. Бір мезет дерекке жүгінсек. Жаңа жұмыс орындарын  ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып, аудан бюджетінің кірістер бөлігі көбейді. Жуырда Жалаңтөс батыр ауылындағы 90 орындық балабақша ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, «Сыр Маржаны» ЖШС-ның 500 басқа арналған мал бордақылау алаңының инфрақұрылымы құрылысын салу жұмыстары да жалғасын тапты. 
Тағы бір қуанышты жайтпен бөліссем. Құрылыс саласында көптен шешімін таппай келе жатқан мәселелерді қаржыландыруға қол жеткіздік. Нәтижесінде бірнеше әлеуметтік және басқа да нысандардың құрылысы бас­талатын болады. Атап айтқанда, Майдакөл, Лахалы, Бірлік, Шәкен, Шилі ауылдарындағы апаттық жағдайдағы мектептердің құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 860,5 млн теңге қаралды. Әйтеке би кентіндегі жалпы құны 4285 млн теңге болатын аудандық аурухананың құрылысын бастауға республикалық бюджеттен биылға 200,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 20,0 млн теңге бөлінуде.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарлама­сының бірінші бағыты бойынша ағымдағы жылы Ақсуат ауылындағы №100 мектеп, Әйтеке би кентіндегі «Балдырған» балабақшасы, Ақтан батыр ауылындағы клуб, Қазалы қаласындағы мәдениет үйі, Жалаңтөс батыр ауылындағы кітапханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттерден 4 жобаға 621,8 млн теңге қаржы қаралған еді. Қазіргі таңда «Бозкөл-Тасарық», «Қожабақы-Аранды», «Самара-Шымкент-Ақ­суат», «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолдарына жөндеу жүргізілуде. Осылайша жүргіншілердің жүйкесіне салмақ түсіретін жол мәселесінің қалыпқа түсер мезеті жырақ емес. Су сапасының жоғары болуының кез келген тіршілік иесі, әсіресе адам ағзасына тигізер пайдасы ұшан-теңіз екені даусыз. Мемлекеттік «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында  ауданымызда соңғы бірнеше жылдар бойы ауқымды шаралар жасалды. Жеміссіз емес. Қазіргі таңда 45 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су құбырын пайдаланады. Кезінде алғашқы болып таза ауыз су барған 10 ауылды сервистік желіге қосу үшін 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Ал биылғы жылы Пірімов, Мұратбаев, Ақтан батыр ауылдарын сервистік желіге қосу шешімін тапты. Сонымен бірге, «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысын салу және кеңейту» жобасы қаржыландырылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы қаралды.
– «Кент жылдан-жылға көркейіп, келбеттеніп келеді» деген жылы лебізді жұртшылықтан жиі естиміз. Пірімов көшесінің аумағы ұлғайып, қарқынды құрылыстар жүріп жатқанын көріп жүрміз. Бұған дейін осы көшеде көлік апаты жиі орын алғанын тұрғындар жақсы біледі. Қазіргі сәтте көшенің кеңейіп, жиектегі темір қоршаулардың алынып жатқаны бір жағынан көлік қозғалысының қауіпсіздігін ойлағаннан туындаған шара да шығар. Оған қоса ел тәуелсіздігінің торқалы тойы қарсаңында аудан өміріне қатысты атап өтерлік жетістіктерге тоқталсаңыз. 
– Дұрыс айтасыз. Ата-бабамыз армандаған Тәуелсiз­дiгі­міздің торқалы тойына байланысты мерекелiк шаралар республикамыздың әр өңiрiнде аталып өтілуде. Мұндай игілікті қадамнан Қазалы халқы да қалыс қалмасы, қашаннан қалыптасқан дәстүр бойынша алдыңғы шебiнде жүретiнi баршаға аян. Мерейлі жыл аясында атқарылатын iзгiлiктi iстер мен рухани-танымдық шаралар баршылық. Солардың кейбіріне тоқталсам. Аудан орталығында Тәуелсіздігіміздің құрметіне биіктігі жиырма бес метрді құрайтын зәулім монумент орнатылуда. Ал іргелі Қ.Пірімов көшесіне адалдықтың үлгісі Бегім ана мен «Асандар көтерілісінің» құрбандарына ескерткіш қою жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса Самарқандай ғажайып шаһарды ұзақ уақыт билеген әлемге әйгілі қолбасшы  Жалаңтөс Сейітқұлұлының 440 жылдығына орай биылғы жыл Қазалы ауданында «Жалаңтөс батыр жылы» деп жарияланған болатын. Даңқты бабамызға да еңселі мавзолей салынуда. Жалпы, Жалаңтөс батыр ауылын, кенттегі Қ.Пірімов көшесін абаттандыруға, Тәуелсіздікке 25 жыл монументін орнатуға облыстық, аудандық бюджеттерден қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Мерейтойды өткізуді қазан айына жоспарлап отырмыз. 
Сонымен қатар, «Қазалы ауданының энциклопедиясы» тарихи-танымдық кітабын шығару қолға алынды. Редакциялық алқа құрамы, салалар бойынша жұмысшы тобы, шығармашылық топ бекі­тілді. Арғы тарихтан бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын кітап оқырмандар көңілінен шығуы тиісті. 2017 жылы Қазалы қаласының атауына 150 жыл толмақшы. Соған орай, қала бойынша күрделі жұмыстар атқарылатын болады. Дайындық жұмыстары  басталып та кетті. Көлемі 81 га және 180 га жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммын қам­та­масыз ету жобасы іске асы­рылмақ. Белгіленген учаскелерге жол салу, электрмен, ауыз сумен, газбен жабдықтау жұмыстары қамтылған. 
Мерейтой аясында Қаза­лы қаласын ­абаттандыру  жүргі­зі­ле­ді. Оның ішінде бес көшенің автомобиль жолдарына бордюр, тротуар салу, бірқатар көшелерді жарықтандыру, он екі көшедегі гравий жолды асфальттау және аялдама орнату жұмыстары бар. «Шағала» демалыс орталығына баратын Қосаев көшесіне орташа жөндеу жасалып, жарық­тандырылады. «Ғани Мұратбаев» атындағы саябақ, Ардагерлер алаңы, Қалалық мәдениет үйі мен №17 орта мектептің ауласы абаттандырылатын болады. Жалпы, биыл Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және абаттандыру үшін 1 млрд 800,8 млн теңгенің жұмыстары жүргізілмекші.
– «Елдің атын – ер шығарады». Өзге аймақтарда, сырт жерлерде «Қазалыда дайындалған» деп мақтанышпен айтылатын өнімдер бар ма?
– Әрине, бар. Қазалылықтар сапасы жоғары «Дәмді» сүт өнімдерімен, дәмі тіл үйірген кәмпитімен, ет, балық және күріш өнімдерімен көпшілікке танымал. Әсіресе, «РЗА» АҚ-ның «550 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының» сүт өнімдеріне нарықта сұраныс жоғары. Зауыт нақты кезеңде күніне 15 тоннаға жуық сүт қабылдап, сүт өнімдерін дайындауда. Алдағы уақытта йогурт, ряженка, брынза өнімдерін шығаруды жос­парлап отыр. Сондай-ақ, Қазалы конфетін шығаратын цехта тәулігіне 250-300 келіден астам өнім өндіріледі. Өнімдер Қызылорда, Ақтөбе облыстарына сатылуда. Нақты кезеңде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер келешекте кәмпит цехында 10-нан астам өнім түрлерін өндіруді межелеуде. Ауданынан шет елге экспортқа балық және күріш өнімдері де жөнелтілуде. «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-ның балық сүбелері, балық өнімдері Еуропа елдеріне, «Сыр Маржаны» ЖШС мен жеке кәсіпкер М.Есқожаевтың күріш өнімдері ТМД мемлекеттеріне мәшһүр. «Сыр Маржаны» ЖШС-ның өткен жылы пайдалануға берілген «500 басқа арналған мал бордақылау алаңындағы» ірі қаралар Қызылорда, Байқоңыр қалаларында, аудан көлемінде жоға­ры сұранысқа ие. Серіктестік алдағы уақытта консервідегі бұқтырылған ет, шұжық, сүбе шығару комбинатын іске қосуды жоспарлап жүр. Осындай сапалы өнімдердің барлығы Қазалының мақтанышы десек, артық емес.
– Әңгіме желісін Қазалының индустриялық аймағы, кәсіпкерлік тынысы, ауыл халқының кәсіпке деген белсен­ділігі, күзгі жиын-терімнің жайына қарай бұрсақ...
– Аудан көлемінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында «Өндірістік аймақ» және «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» жобалары бойынша бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір орталықтарға бюджет тарапынан автокөлік жолы, электр мен ауыз су жүйелері жеткізіліп, кәсіпкерлердің өз жобаларын кедергісіз бастауына көмек жасалуда. 
«Өндірістік аймақ» бойынша бөлінген жер учаскесі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жаңа 10 жоба іске асырылуда. Оның ішінде уақыт талабы мен нарық сұранысына сай кәсіпкерлер тарапынан көкөніс сақтау қоймасы, жылыжай шаруашылығы, құрылысқа қажетті бұйымдар өндіру және түрлі қызмет көрсету орындары салынды. Осы аймақтан жас кәсіпкер Еркін Алданазаровтың «Тамшы су» өндіру цехы пайдалануға берілді. Мұнда пластмасса ыдыстарына құйылған таза су өндіріледі. Цехты іске қосу арқылы 5 жаңа жұмыс орны ашылды. Жеке кәсіпкер Б.Бөлебай тарапынан «күріш өңдеу цехы мен ұн сақтау қоймасы жобасы жүзеге асуда. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтық үйлестіру кеңесіне 21 жоба ұсынылған болатын. Одан 17 жоба толық іске қосылып, көптеген жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта аталған бағдарлама аясында аудан бойынша «Кірпіш шығару цехын кеңейту», «Консервіленген ет өнімдерін өндіру», «Конфет өнімдерін шығару цехын кеңейту», «Газоблок өндіру цехын ашу» секілді жобалар ел игіліне берілетін болады. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейі бойынша Қазалы ауданы облыс бойынша аудандар арасында белсенділік танытуда. Кәсіпкерлік саласы ел экономикасының күре тамыры. Сондықтан да шағын және орта бизнес Елбасымыздың тұрақты назарында.
Бизнестің түрлері шалғайдағы ауылдарда да кеңі­нен қанат жайғаны шаттандырады. Ауданымыздың гео­гра­­фиялық орналасуы мен негізгі кәсіп түрі ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға бейімделгендіктен қазіргі уақыт талабы өнім өндіру, өңдеу саласын дамытуға басымдық берілуде. Кәсіпкерлеріміз  өндіріліп өңделген күріш, балық өнімдерін шет елдерге экспорттауға, мал бордақылап, консервілеп ұқсатуға бетбұрыс жасауда. Бұрындары қолға алынған конфет өнімдерін өндіру, жемістерден тосап дайындау кәсіптері де қайта жанданды. Ауыл тұрғындары «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының «Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту бағыты» бойынша және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несиелендірілетін бағдарламаларға белсене қатысады. Осылайша кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді пайдаланып, мал, құс шаруашылықтарын дамытуда. Жеке иеліктер еккен бақшадан жиналған дақылдар аудан орталығына және Ақтөбе қаласына сатылымға түсіп, жұртшылықтың оң бағасын иеленді. Мақсатымыз – орта және шағын кәсіпкерлікті кеңінен өрістету. Ол үшін үгіт-насихат жұмыстарын одан әрі жандандыруымыз керек деп есептеймін. Сонымен бірге мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін кеңінен пайдалану үшін кәсіпкер шаруа­ларға жан-жақты көмектер көрсетілетін болады.
Биылғы жылғы күріш егісінің көлемі 6 670 гектарды қамтыды. Бітік егін өсірілді. Суармалы су көлемінің жеткілікті болуы күріштің жақсы өсуіне оң әсерін тигізсе, дақылдарды күтіп баптау өз дәрежесінде жүргізілді. Ендігі міндет ел байлығын ысырапсыз жинап алу. 
– Тұшымды әңгімеңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қыркүйек 2016 г. 960 0