Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Жаппасбай батыр көшесі мен «Титов» шағын ауданында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысында болды. Аталған бағдарлама бойынша Жаппасбай батыр көшесінде 12 көпқабатты баспана салынбақ. Солардың №7 және №8 үйлердің бірінің іргетасы төселіп жатса, енді бірі үйдің алғашқы қабатын бітуге жақындаған. Сонымен қатар, аймақ басшысы «Титов» шағын ауданындағы 2 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатқандығына куә болды. Құрылысқа жауапты азаматтар нысанның уақытында ел игілігіне берілетінін жеткізді. Елу пәтерлік 14 үй Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен тұрғызылуда. Бөлім басшысы Әлсерік Мұхамедисаның айтуынша, құрылыс жергілікті компанияларға міндеттеліпті. «Барлығы да тәжірибелі, бұған дейін жақсы қырынан көрінген жергілікті ұжымдар», - дейді ол. Жалпы құны 6 млрд 222 млн теңгені құрайтын көпқабатты үйлер 680 отбасыны баспаналы етпек. «Құрылыс 11 тамызда басталды, жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы, биыл облыста 80 көпқабатты үй тұрғызу жұмыстары басталды, жаңа жылға дейін солардың 67-сі қоныстанушыларға есігін айқара ашады деп күтілуде», – деді Әлсерік Әбдірахманұлы.
Қызылорда облысында соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқынмен жүргізілуде. Нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрғандардың көпшілігі қоныстойын тойлады. Алдағы уақытта олардың еселене түсетіндігі сөзсіз.
Содан соң, Қырымбек Елеуұлы Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысын көрді. Бүгінде нысан 90 пайызға дайын. 2014 жылдың шілдесінде басталған ауқымды жобаның сметалық құны 6 млрд теңгеге жуықтаған. Құрылысты жүргізіп жатқан «Мостстроительный-25» ЖШС мамандарының айтуынша, көпір 9 тіректен, 8 аралықтан тұрады. Ұзындығы 387 метр болса, ені – 22,4 метр. Жұмысты өз уақытында аяқтау үшін вахталық әдіспен 300-дей адам тынымсыз еңбек етіп жатқанын жеткізді мамандар. Қос жағалауды байланыстырып, дарияның сол жақ бөлігін игеруге баспалдақ болатын көпір қараша айында пайдалануға берілетін болады.
Құрылыс нысандарын аралап көрген аймақ басшысы нәтижелі жұмыстарға оң пікір білдірді, сондай-ақ, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар берді.
Нағымжан САУЯЕВ.
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).