Қала күні – халық күткен мереке

Қала күні – халық күткен мереке
Қала күні мерекесі де келіп қалды. Ол қыркүйектің 24-25 күндері аталып өтіледі. Мереке қарсаңында қала әкімінің орынбасары Нұрхан Жәлиевпен кездесіп, шаһар тұрғындары мен қонақтарын қандай қызықты шаралар  күтіп тұрғанын айтып беруін сұраған болатынбыз.
– Сыр елінің бас шаһары – Қызылорда қаласы бүгінде берекелі тірліктің ордасына айналды. Биылғы жылғы қала күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құрметіне арналып, мереке аясында қалыптасқан дәстүр бойынша қала қонақтары мен тұрғындарының құрметіне сән-салтанатына сай мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Сонымен бірге 24 қыркүйек күні  жаңа нысандар ашылады. Ал ертеңіне жылдағы дәстүрмен қаланың шағын аудандарында қала және облыс аудандарының ауыл ша­руашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйым­дастырылады.
– Нұрхан Бұқарбайұлы, енді жаңадан ашылатын нысандарға жеке-жеке тоқталып өтсеңіз...
– Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құрметіне қалада «Мемлекеттік рәміздер алаңы» салынып жатқанынан көпшілік хабардар. Ең бірінші кезекте осы Мемлекеттік рәміздер аллеясының салтанатты ашылуы өтеді. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Рәміздер алаңын салтанатты түрде ашады. Рәміздер аллеясы 3 гектар аумақты алып жатыр. Оның ортасындағы Ту тұғырының биіктігі 49 метр болса, онда желбіреп тұратын тудың өлшемі 8-16 метр. Нысанға тапсырыс беруші «Қалалық құрылыс бөлімі» ММ, ал жобалаушы «ТМ Проект Строй» ЖШС, мердігер мекеме – «ТехоснасткаРемсервис» ЖШС. Бұл нысан құрылысы ағымдағы жылдың 27 шілдесінде басталған болатын. Бұл жер қала қонақтары мен тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналатыны сөзсіз.
Келесі кезекте Сырдария өзені жағасын­дағы айналма жолдың ашылуы болады. Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес Сұлтан Бейбарыс көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықтағы Сырдария өзенінің бойын жағалай орналасқан әсем жағалауға, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық құрметіне арнайы «Тәуелсіздік» атауы беріліп отыр. Ұзындығы 7 шақырымды құрайтын айналма жол құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 млрд 932 млн теңге бөлінді. Оның бойында барлық стандарттарға сәйкес, жарық бағаналары, аялдамалар және 7 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы мен арнайы веложолақ қарастырылған. Айналма жолдың басты ерекшеліктерінің бірі – қаланы су тасқынынан қорғайтын қорғаныш бөгет қызметін атқаратындығы. Жол құрылысын «УАД» ЖШС жүргізгенін айта кету керек. Айналма жолдың ашылу салтанатында 25 ақ түсті көлік шеруі ұйымдастырылып, одан кейін 500 адам қатысатын марафон және  500 велошабандоз қатысатын шеру өтеді.
Соңғы жылдары облыс орталығында көп­қабатты үйлер құрылысы қызу жүріп жатыр. Биылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы жүргізіліп, үш ­жылда Қызылордада жаңадан 11 шағын аудан бой көтерді. Міне, солардың бірі қала күнінде пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде, жаңа «Сәулет» шағын ауданында «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы салынған 350 пәтерді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үйлер­дің кілті салтанатты түрде табысталатын болады.
Мұнан кейінге кезекте облыс басшысы және қала әкімі бастаған топ «Солтүстік» сапаржайын ашады. Қызылорда қаласы халық­қа ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ішкі тасымалды ретке келтіріп, келесі кезекте қалааралық тасымалды дамытуды қолға алуда. Осы игілікті істердің бастамасы ретінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде «Романов и К» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі өз қаражаты есебінен бұрынғы автобус паркі ғимаратын толықтай қайта жаңғыртудан өткізіп, «Солтүстік» сапаржайын қала тұр­ғындары мен қонақтарының игілігіне тапсыруды мақсат тұтқан болатын. Аталған сапаржай бүгінгі таңда толықтай жөндеу жұмыстарынан өткізіліп іске қосылуға дайын. Мұнда жолаушының демалуын қамтамасыз ету мақсатында қонақ үй және арнайы асхана қарастырылған. Бұған дейін, қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан орталық сапаржайдан облысымыздың оңтүстік аудандары мен Шымкент, Алматы қалаларына автобустар қатынаса, енді «Солтүстік» сапаржайынан облысымыздың солтүстік аудандарымен қатар Байқоңыр, Астана қалаларына қатынайтын автобустар осы жерден жүретін болады.
Мұнан кейінгі ашылатын нысанның да жолға, жолаушыларға тікелей қатысы бар. 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні мерекесінде қаламызға облысымыздың оңтүстік аудандарынан кіреберіс зәулім де әсем қақпа пай­далануға берілген еді. Осы игілікті істердің жалғасы ретінде «Қала күні» мерекесі аясында «Сырдария-Қызылорда» бағытындағы кіреберіс қақпасы жолаушылар мен қала қонақтарының құрметіне пайдалануға бері­леді. Қақпа гранит және травертин тастары­мен көмкерілген.  Екі қақпаның жалпы құны 120 млн теңгені құрайды,  мазмұны мен мағынасы зор айтулы жобаға демеушілік жасаған «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  Солтүстік қақпаның ашылуы салтанаты барысында солтүстік аудандардан ауылшаруашылық жәрмеңкесіне келген көліктер шерумен өтеді.
Салтанатты түрде ашылатын келесі нысанды қаламыздың кішкентай тұрғындарына мерекелік тарту деп айтуға болады. Яғни, «Ақмешіт» шағын ауданында «Мерейлім» балабақшасы пайдалануға беріледі. Бұл балабақша, 3 және 6 жас аралығындағы 80 балаға арналған және 4 топтан тұрады.  Белгілі құрылысшы, облыстық мәслихаттың депутаты Әбдімәжит Жансақаловтың демеу­шілігімен, мемлекеттік-жеке меншік әріп­тестік негізінде салынған балабақшаның құны  200 млн теңгені құрайды. 
– Қала күні мерекесінің мәдени іс-шара­ларға бай болатыны белгілі...
– Әлбетте. Солардың алғашқысы ретінде ҚР Тұңғыш Президенті саябағында аймақ басшысының 25 жас отбасына неке куәлігін тапсыру рәсімін айтуға болады. Сонымен қатар, отасқанына 25 жыл толған, яғни еліміз тәуелсіздікке ие болған 1991 жылы некелескен «Күміс той» иелеріне де құрмет көрсетіледі.
 Осы күні Орталық алаңда «Ұлттық өнер, құт қайнар» атты облыстық өнер фестивалі, «Сырдың шипа шұбаты – жырдың қайнар қуаты» атты «Шұбат-қымыз» фестивалі өте­ді. Аралдан бастап Жаңақорғанға де­йінгі аралықтағы шипалы шұбат, қымыз өндіру­шілер қызылордалықтарға ұлттық брендке айналған сусындарын ұсынады. Сонымен бірге, «Қауын-қарбыз» фестивалінде қызылордалықтар Сыр бойы бағбандарының өсірген қауын-қарбыздарынан тегін дәм тата алады.
«Гүлденген Қызылордам» атты гүлдер және батпырауықтар фестивалімен қатар «Ертегілер елінде» деп аталатын ертегілер кейіпкерлерінің шеруі өтеді. «Менің қалам – таза қала» атты конкурс қорытындысымен  «Таза аула», «Үлгілі көше», «Үздік ауыл» номинациялары бойынша белсенді мекемелер мен қала тұрғындары марапатталатын болады.
Кешкілік Орталық алаңдағы қайта жаң­ғыр­­тудан өткен әуенді субұрқақтың ашылуы болады. Жаңа технологиямен жарақтанған фон­­­тан жарық шамдармен көмкерілген және субұрқақ атқылағанда қазақша әуендер және күйлер естіліп тұрады. Мұнан соң «Ән қалам – Қызылорда» атты гала-концерт жергілікті және елімізге танымал ­эстрада жұлдыздарының кон­цертіне ұласып, мереке­лік отшашумен аяқ­талады.
Ал келесі күні қызылордалықтарды Сыр диқандарының өздеріне арнаған сыбағасына шақырамын. Міне, Қызылорда қаласының мерейлі мерекесі Қала күні осындай шаралар жоспарланған. Бұлардың барлығы қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатынына сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет!
 Әңгімелескен
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қыркүйек 2016 г. 1 610 0