"Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күрежолы ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Дегенмен, күрежолдағы кейбір мәселелер жол бақылау орындарын алаңдатып отырғаны байқалады.
Осыдан біршама уақыт бұрын облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы жолға қатысы бар сала басшыларының басын қосып, жолда қабылдау акциясын өткізген болатын. Ауыр жүк көліктеріне тонналап жүк артқан алыс жолдың майын ішкен мамандарын тоқтатып, толғандырып жүрген мәселелерін тыңдады, ұсыныстарына құлақ түрді. Әр күні жол сақшыларының басшысын кездестіре бермейтін көпшілік ұтымды ұсыныстары мен оймақтай ойларын жеткізіп бақты. Олардың қатарында белоруссиялық Леонид Яскеевич те болатын.
– Қазақстан аумағындағы жолды 100 пайыз жақсы дей алмай¬мын. Бірақ бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарған. Ал кейбір жерлері толқындалып кеткен. Көлігің селкілдеп мазаны алады. Түсінемін, бұл жолды халықаралық деңгейге көтермек ойларыңыз бар. Құптаймын. Дей тұрғанмен, сапаға басты назар аударып, жол жасаушы жұмысшыларды қатаң қадағаласаңыздар екен, – деді белоруссиялық жүргізуші.
Шетелдік деп төбемізге көтеруден аулақпыз, елдегілердің де пікірі осыған саяды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының Қызылордадан Шиеліге бет алған кей тұсының сапасы алаңдатады. Бұл мәселе көтерілгенде «Қазавтожол» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Шан¬жархан Мырзабай «Бұл жол пайдалануға берілмеген. Әлі де жұмыстар істеледі» деп қысқа қайырған еді.
Енді күрежолдың ойылуының себебіне көшсек... Өткен жылдың аяғында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында «Еvrascon» Евро-Азиаттық құрылыс корпорациясы ААҚ Қызылорда филиалы қызметкерлері бой көрсетті. Жүргізушілер көліктік бақылау инспекциясы мамандарының ауық-ауық айыппұл арқалата бергеніне наразылық танытқан. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар тәртіп сақшыларын көргенде кірпідей жиырылып, қабақ түйетін деңгейге жетті. Әліптің артын бағып, мән-жайға қаныққанда олардың жүк көліктеріне артық салмақ артуға құмар екені анықталды.
– Біз инспекция бастамасымен облыс әкімдігіне жоба ұсындық. Қолдау тапты. Ол жобада біз барлығын егжей-тегжейлі қарастырған болатынбыз. Мысалы, Хова автокөлігі тіркемесімен есептегенде, 1 вагон жүктің салмағын тасиды. Егер теміржол қызметін пайдаланса, олар 1 күн күту керек. Ал автокөлік төрт сағатта қалаға жеткізеді. Қаражаты да тиімді, бірақ заңға қайшы. Күні кеше салынған жолды ойлы-қырлы етіп жатыр. Тіркемесімен Хова автокөлігі (жүк салып) бір жүріп өткенде, 50 мың жеңіл автокөліктің жүріп өткеніндей. Ал мемлекетке тигізіп отырған зиянына келсек, 180 шақырымға 900 мың теңге. Мұнан соң мәселені шешудің жалғыз жолы артық салмақ салушылармен күресу болды, – дейді инспекция басшысы Ержан Жолдасов.
«Еvrascon» Евро-Азиаттық құры¬лыс корпорациясы ААҚ Қызылорда филиалы бұл күнде өздеріне қажетті құрылыс материалдарын темір жол қызметімен тасымалдайды. Өйткені жоғарыда аталғандай мекеме иелігіндегі ауыр жүк көліктері қазақстандық талапқа сай келмейді. Мұны мекеме заңгері де растап отыр.
– Бізге рейд басталғалы бері 8 миллион 571 360 теңге шамасында айыппұл салынған. Қанша үлкен мекеме дегенмен, бұл – әжептәуір шығын. Біздің алатын құрылыс материалын, мекеме жұмысшыларының жалақысын қосқанда, қанша қаражат керек. Егер біз айыппұлды 40 күнде төлемейтін болсақ, шотымызды жабады. Арғы жағы біз тіпті қызметкерлерге жалақы төлей алмайтын жағдайда қаламыз. Енді қажетті материалдарды теміржолмен тасымалдап, қоймадан қажетті жерге дейін жергілікті компаниялардың жүк көліктерімен келісім¬шарт арқылы жеткізіп отырмыз. Бұл – бұрынғыға қарағанда екі есе шығын, – дейді заңгер Ғани Бекпаев.
Қызылордада айыппұл арқалаған жалғыз бұл компания емес. Артық салмақ үшін «Ақ Тоған» және «Сибу Қызылорда» серіктестіктерінің әрбіріне 1 млн 866 480 теңге әкімшілік айыппұл салыныпты. Жыл басынан бері инспекция ұйымдастырған рейдтік шаралар нәтижесінде 76 млн 205 506 теңге әкімшілік айыппұл салыныпты.
– Бұл айыппұлдың 78-80 пайызы өндірілген. Яғни, 59 млн теңгені айыпкерлер өз еріктерімен төледі. Қалғанын жеке сот орындаушылар өңірлік палатасымен келісімшартқа отырып, мәжбүрлеп өндіру шарасына көшпекпіз, – дейді инспекция басшысы.
Мекемеде бар болғаны екі жыл¬жымалы көліктік бақылау бекеті мен 12 инспектор бар. Бұл – облыс көлемінде бақылайтын маман¬дардың саны. Енді құрылыс қарқыны артып, түрлі нысандар бой көтеріп жатқан аймақтағы құрылыс компанияларының санын есептесек, бұлардың жасағаны ерлік деп айтуға тұрарлық. Өткен жылы мекеме 23 заң бұзушылықты анықтаса, биыл жыл аяғына жетпей жатып, бұл сан 250-ден бір-ақ шықты.
Өңірдегі құрылыс саласында өзіндік орны қалыптасқан «Қыран» ЖШС мекемесіне ұзын саны 1 млн 026 960 теңге айыппұл салынған. Дегенмен, аталған компания жергілікті талапқа сай келмейтін ауыр көліктерді жолсызға жөнелтіпті.
– Негізінен бұл көліктер 25 тоннаға дейін көтеруге қабілетті. Бірақ заңдылыққа сүйенсек, 7-8 тонна ғана жүк салу керек. Бұл көлем жанармай шығынын да ақтамайды. Ал қалауымызша салсақ, айыппұл мөлшері қалтаны қақпақ. Амалсыздан, мұндай техникаларды біз Шалқия, Құмкөл мекендерінде, асфальт жоқ жерлердегі карьер басына жібердік. Олар сол жақта жұмыс істейді. Ал қаладағы жұмысымызға талапқа сай келетін КамАЗ автокөліктерін тіркемесімен қолданып жатырмыз. Қазір шаһардағы «Бәйтерек» жаңа шағын аудан¬дарындағы жер телімдерінің жұмысымен айналысып жатырмыз. Оған қолда бар камаздар мен жеке тұлғалардың көліктерін жұмылдырып келеміз. Көп жағдайда темір жол қызметін пайдаланып жатырмыз. Бұл қызметтің тарифі сәл қымбаттау, бірақ жұмысты жүргізу керек, – дейді «Қыран» ЖШС директорының орынбасары Сәрсенбай Әбішев.
Тариф мәселесіне келгенде Қызылорда жолаушылар тасымалы бөлімшесі директорының логистика жө¬ніндегі орынбасары Батырхан Базарбаев біршама мәселенің бетін ашты.
– Темір жол тарифі бұрыннан арзан болған емес. Өйткені, оның шығыны да жеткілікті. Біз карьерден Қызылордаға дейін, тіпті олардың қоймасына дейін апарғанда әжептәуір шығын шығады. Бұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, бұрын артық салмақ тиегенде көп айырмашылық болған шығар, қазіргі есеппен алсақ, айырма көп емес. Компанияға он камаз жүк тасыған тиімді ме, әлде бір вагон жүк әкелген оңай ма? Осыны ойлану керек. Мысалы, «Қыран» мекемесі бір күнде 70 вагон инертті зат әкеледі. 13-14 вагоныңыздың өзі 1000 тонна болады. Оны автокөлікпен таситын болса, үлгермейді, ол үшін айналымда 500 машинаңыз болу керек, – деді Батырхан Бақытбекұлы.
Жол сапасын зерделеп, оны күтіп ұстау үшін қатаң қағидалар қалыптасты. Тіпті жазғы-көктемгі шектеулер пайда болды. Мәселен, ауыр автокөліктің әр осіне қойылар салмақтан 2 тонна кем болу керек. Өйткені, қысқы қар еріп, асфальт дымқылданған сәтте жұмсақ болып келеді. Мұн¬дайда ауыр салмақты көліктер өтсе, доңға¬лақтың ізі қалып қояры анық. Жазы аптап ыстық болатын біздің өңірдің ерекше температурасында жазғы шектеудің себебін айтпасақ та түсінікті болар. Ең негізгісі бұл емес. Жолдағы артық салмақты шектеу арқылы біз үш нәрсеге қол жеткіздік. Айыппұлдарды төлеу арқылы бюджетке едәуір түсім түсті. Екіншіден, жеке тұрғындардың қаңтарылып бос тұрған жүк көліктеріне сұраныс артты. Ал үшіншісі, автокөлік қызметін заңды пайдалану тиімсіз болғандықтан, алпауыт мекемелер темір жол қызметін пайдаануға көшті. Мұның үшеуі де мемлекеттің оң жамбасына шығар нәтижелер.
Мемлекеттік органдардың бірлес¬кен шарасының нәтижесі болса керек, темір жол қызметінің жыл басынан бергі тек қана құрылыс заттарын тасымалдауы өткен жылдан 148 пайызға өскен. Түсімінің негізгі көлемін жүк тасымалы құрайтын ұлттық компания үшін бұл – үлкен жетістік. Филиал директорының орынбасары Б.Базарбаевтың айтуынша, бұған көліктік бақылау инспекциясы мамандарының да зор еңбегі сіңіп отыр.
– Біздің қызметіміздің 69 пайызын тек қана жүк тасымалы құрайды. Мәселен, «Аралтұз» АҚ айына 300 вагонды Ресейге жөнелтеді. Одан бөлек, жеке компанияларға тоқталсақ, өткен жылы небәрі 5 вагон жүк әкелген «Қыран» ЖШС биыл осы күнге дейін 1192 вагонға тапсырыс берді. Ал «Уад» мекемесі болса, өткен жылғы 950 вагонды биыл 2372-ге жеткізді. Сондай-ақ, өткен жылы қызметімізді мүлдем тұтынбаған «Ордасити» 141 вагонға тапсырыс берсе, «Шиелі тас» 430 вагонның қызметін пайдаланды. Тапсырыстың молаюы инспекцияның тынымсыз тірлігімен қоса, өңірде құрылыс жұмыстарының қарқынды болуына да байланысты деп санаймын, – дейді Батырхан Бақытбекұлы.
Жолды күтіп ұстау үшін ең алдымен тәртіп керек. Ал тәртіпке бас игеннің құл болмайтыны әу бастан белгілі. Пайдаға шаш етектен кенелемін деп, жолға зиян келтіруге болмайды. Оған жол берілмейтінін де ескерген абзал.
Дәулет ҚЫРДАН.