Таласқаннан емес, жарасқаннан жетілеміз

Таласқаннан емес, жарасқаннан жетілемізҚазақ хандығының басынан бағы тайып, бодандық бұғауы мойнымызға ілініп, үш жүз жылдай отар болып, ұлт ретінде жойылып кету қаупімен бетпе-бет келіп, арысың атылған, халқың қынадай қырылған қасап заманды бастан өткерген жұртпыз. Құдайдың қалауымен тәуелсіз ел атанып, азаттықтың ақ таңына да жеттік. Міне, биыл бұл мерейлі мезетке де ширек ғасыр толыпты. Бұл шүкір дейтін дүниеміз. «Қилы-қилы заман мен кесірі көп кезеңдерден қалай аман өттік екен» деп ойлайсың. Басты себеп, ұлтымыздың ерік-жігері мен болашақта қазақтың өз қолы өз аузына жеткен азат ел болады деген үмітінде жатса керек. Құр үміттеніп қана қоймай, нақты әрекетке барғанының арқасында осы күнге жетіп отырмыз.
Ерлердің еңбегінің ақталғанына 1991 жылы 16 желтоқсанда куә болдық. Одан бергі уақытта саясаттың сан сынынан сүрінбей өтіп, жиырма жылдың аясында қалыптасқан мемлекеттің даму стратегиясын қабылдадық. Сонымен ұлтымыздың жойылып кету аймағынан шығып, тәуелсіз елдің іргетасын қалау мақсаты біз үшін өткен шаққа айналды. Ендігі жерде ол жолға қайта түсуді Жаратқан Иеміз бізге бұйыртпай-ақ қойсын деп тілейміз.
Азаттықтың алғашқы күнінен бастап Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назар¬баев Қазақстанды дамыған мемлекеттердің қатарына қосып, өркениетті елдердің көшіне ілестіруді мақсат тұтты. Ол мұрат сәтті басталып аз уақытта алдыңғы қатарлы 50 елдің қатарынан орын алдық. Ендігі мақсат – 30 елдің қатарына ену. Осылай сәтті басталған істің аяғына жетуіне бұқара тарапынан жаппай қолдаудың қажет екені айтпаса да түсінікті. Алайда, даму даңғылының талаптарын тиімді пайдалануымызға сан ғасырлар бойы санаға сіңіп, рухқа орнығып алған кейбір сенім, түсініктердің кедергісін келтіріп жатқанын несіне жасырайық?!
Еліміздегі жерге қатысты реформаның бағыттары жөнінде ортақ пікірге келе алмаушылық көбімізге ой салды. Ішкі қоғам¬дық бірлігіміздің, ортақ идеяға топтасудың ойландыратын тұстарын сезініп қалдық. Елдің ішкі тұтастығының тек қана этносаралық татулықтан ғана тұрмайтынына көзіміз тағы жетті. Аталған құжатқа көптеген отандастарымыз күдікпен қарады. Ал күдікті күпірлік деп емес, бұл мәселені тағы бір ақылға салу деп түсінгеніміз жөн. Дегенмен, кейде ұлттық сезіміміз дөрекі ұлтшылдық сипатында көрінетіні де бар. Ол сезім алдымен ұлтқа пайда келтіретін, мемлекетке зиян келтірмейтін қасиетпен көрініс табуы тиіс.
Қай кезде болса да жаңашылдық пен етіміз үйренген, күні өтіп бара жатқан қағидаттардың тайталаста жүретіні өмір заңы. Әлемдегі геосаяси жағдай күн сайын өзгеріске ұшырауда. Біздің қоғам да ұтқыр болуға талпынуы керек. Қоғамда болып жатқан жағдайларды жан-жақты түсінуден гөрі бар кінәні бас-көзсіз өзгерістерге жаба салу әрқашан да кездесіп тұрады. Мұның барлығы отарлық сананың жаңғырығы деп түсінеміз. Отарлаушы елдің идеологиясы асқақ рухқа сүйенген ұлттық мұраттың жолын кесіп, тек бүгіннің ғана мүддесіне қызмет етуге, мәңгүртке басыңдағы «кепешіңді» тартып алады деп қорқытқандай, қолыңдағыға ғана ие болуға итермелейді. Болашаққа бастау болатын, қандай да болсын ұлттық идеяның бірнеше, ел бірлігі, экономикалық бәсекеге қабілеттілігі, интеллектуалды жасампаз қоғам, өркениетті мемлекет сияқты ірі тұғыры бар. Ұлттық құндылықтарымыз бір жағынан осындай ел болуымызға жол көрсете алатыны анық болса, екінші жағынан, ол әлемдік даму жолында, өмірдің ағыс толқынына ыңғайлана жүзуі де тиіс. Яғни, кей құндылықтар ұлттың дамуына кедергі туғызып, тозығы жетсе, оны өмірдің озығына айналдырудың жолын іздегеніміз жөн. Бұл «Мәңгілік Ел» идеясын ұстанған ұлтымыздың бүгінгі күнмен ғана емес, болашақтағы ортасын анықтап алу үшін де қажет.
Ел тағдыры қай кезде де ел тізгінін ұстаған азаматтардың қолында. Тізгін иесі дегенде билікшіні емес, жетілуге бастайтындарды айтамыз. Билікшісі озық, жетекші азаматы көп елдің ісі жоғарыға өрлейді. Соларға адалдық, табандылық, сабыр тілей жүруіміз керек. Олардың халық мүддесіне толыққанды жұмыс жасауы үшін бұқараның сенімі керек. Яғни, билік халық қолдауын толық сезінген жағдайда еркін қимыл жасауға мүмкіндік алады. Тағы да жер мәселесін мысалға алсақ, дұрыс шешім қабылдау жөнінде халық өз Президентіне сенім артты. Ел сенімін қашанда басты құндылық санайтын Президентіміз бүгінгі қазақ қоғамын қанағаттандыратын шешім қабылдады. Заң күшінің қолданысқа енуінің мерзімін бес жылға кейін шегерді.
Рас, дер кезінде дұрыс шешім қабылданды. Бұл бір жағынан бой жарыстыруға емес, ой жарыстыруға итермелейтін сабақты дүмпу болды. Бірінші сабақты Әбіш Кекілбайұлының «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық» деп жазғанымен түсіндірсек болады. Шынында да, көкейімізді тесіп, ішкі қызғаныш отын өршітіп жүрген әділдік те, теңдік те азат еліміз барда ғана орнайды. Азаттықтың тірегі бірлік пен тыныштық. Яғни, оны сақтау үшін жүйелі сөзге тоқтай білер жұрт болуы тиіс. Ақыл айтқансып, білгішсініп, өкпе-назын ұлттық мүддеден жоғары қойып, елге іріткі салу секілді әрекеттерді байыпты бағамдай алатын ел керек. Ақылды сөз айтқандардың бәрін ақылды деу, қолына балта ұстағанның бәрін ұста екен деп ойлаумен бірдей. Өзіңді ойлау дұрыс, дегенмен, өзіңді елден жоғары қою қазақ үшін күнә. Өз пікіріңмен үйлесе қоймаған жағдайларға бола өз еліңді өзегінен теуіп, ұшпаққа жете алмасымыз да айдан анық.
Екінші сабақ ретінде үкіметтік мекеме¬лердің де әрбір шешім қабылдарда жан-жақты сараптап, елмен ойласып атқарғаны дұрыс деген пікірді қостаймын. Жекелеген өкпе-реніш, көңілдегі кірбің біртіндеп ашу-ызаға айналып, ақылдың алдын орайды. Ойланбай қабылданған шешім үшін қарсылық білдіруге жұрт бірігемін десе, оған саяси ұйымның, оппозицияның да қажеті жоқ екенін көрдік. «Ашу тасыса, ақыл төгілер» деген сөз осыдан шыққан болар. Өз ақылымызбен толтыра алмаған жерімізді, өз ақылымен толтырғысы келетін «жанашыр достарымыз» табылатынына еш күмән болмасын. Ал оларға жол беріп шаңырағымызды шайқалтып алсақ, келер ұрпақ алдында биліктің де, халықтың да ең үлкен айыбы сол болмақ.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы.
«Егемен Қазақстан»,
15 қыркүйек 2016 жыл
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қыркүйек 2016 г. 699 0